2 тамыз – көлік қызметкерлерінің күні

Құрметті көлік саласының қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Көлік қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жол қатынастары әлеуеті дамыған аймақаралық логистикалық жетекші елге айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке көлік қатынасы логис-тикасы мен оның әлеуетін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Елімізде қазіргі күні жол-көлік саласында 400 мыңнан астам адам еңбек етеді және бұл сала экономикамыздың ырғақты дамуына серпін беретін жетекші буын болып отыр.
Ақмола облысында қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсарту мақсатында Көкшетау және Щучинск қалаларында автобустарды навигациялық құрылғылардың көмегімен басқаратын диспетчерлік жоба жүзеге асырылып, Көкшетау автобус паркі жаңғыртылды және қоғамдық көліктегі билет сатудың электронды қызметі енгізілді. Өткен жылы Қостанай қаласында құрастырылған отандық 44 жаңа автобус сатып алынса, алдағы уақытта тағы да 50 автобус алу жос-парланып отыр. Сондай-ақ, Степногорск, Щучинск қалаларында да электронды автобус билеттерін сату енгізілмекші.
Биылғы жылы жекелеген көлік инфрақұрылымын жөндеу жұмыстары басталды. Теміржол вокзалы, әуежай қонақ үйі жөнделіп, автовокзал аумағы абаттандырылатын болады. Облыс орталығында жаңа «Такси Әлем» такси паркі құрылып, қызметке кірісті. Қазіргі күні 30 жаңа автокөліктер Көкшетау қаласының тұрғындарына қызмет көрсетуде.
Теміржол қызметі саласы ұлттық жұмысшы табын құруда үлкен рөл атқарғаны белгілі, сондықтан да осы салада қызмет еткен, еңбек эстафетасын жас буынға тапсырған ардагерлеріміздің еңбегін еш естен шығаруға болмайды.
Құрметті көлік саласының қызметкерлері мен ардагерлері, сіздерге мықты денсаулық, отбасылық бақыт және мемлекетіміз бен қоғамымыздың гүлденуі үшін істеп жатқан істеріңізге табыс тілеймін! Күнделікті атқарып жатқан өлшеусіз еңбектеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін.
Ермек Маржықпаев,
Ақмола облысының әкімі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *