Елдегі жағдайдың жақсаруына әр қазақ ынталы болуы тиіс – Жабал Ерғалиев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылығы жылдың наурыз-сәуір айынан басталған короновирус індетінің таралуы, оның жұртшылыққа залалы мен қазасы халықты қатты үрейге салды. Үреймен бірге дәрі-дәрмек таба алмай, не дәрігердің алдына жете алмай, жетсе ауруханаға жата алмай әуре-сарсаңға түскен кез де болды.

Бұл мәселеге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев орынды да әділ бағасын берді. Үкімет пен жергілікті билік орындарының істі өз бақылауларынан босатып алғандығын, күрделі кезеңде жедел шаралар қабылдай алмағандығын қатты сынға алды. Осы орайда аймақтағы азаматтардың ой – пікірі қандай? «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі осы туралы Көкшетау қаласының тұрғыны жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар Кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің өзекжарды ойын жазып алған еді. Халықтың бір шыбын жандары үшін шырылдап, кей жағдайда ашынуы да орынды еді. Кісісі өліп, қаралы болған жандардың жан азасы мен қайғыларын да түсінуге болады. Дегенмен басқа түскенді сабырмен көтеру де адамшылық! Енді міне, біраздан бері Түркістан облысындағы Шорнақ ауылы мен Қарағанды облысының Сәтпаев қаласындағы оқиғалар да жұқарған жүйкеге ши жүгірткендей болды. Мұндай төбелес те, Сәтпаевтағыдай сұмдық оқиға да Қазақстанда бірінші рет болып отырған жоқ.

Рас, біздің бала кезімізде де ағаларымыз да, өзіміз де бір совхоздың орталығында тұратын орыс пен де, неміс-поляктармен де төбелесе қалатынмыз. Арашашылар ара түсетін де, бір біріне жұдырық түйіп, болмаса сол арада татуласып, не келесі күні татуласып түк болмағандай жүре беретінбіз. Енді неге қазіргі жағдайда екі диаспораның өкілі шекісіп қалса, оны ұлтаралық жанжалға апарып тіреп қоятын болдық? Себебі неде? Бұл бағыттағы жұмыстың үлкені Қазақстан халқы Ассамблеясының мойнына түсетіні анық. Өз басым осы Ассамблеяны жақтап әлі де қолдайтындардың бірімін. Және де бұл Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің елең-алаң тұсында, заманның толқымалы кезінде Қазақстанды мекендеп отырған диаспора өкілдерінің көңілін жайландыру, оларды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін жасаған көрегендігі болатын. Өйткені тәуелсіздікті алғашқы кезеңінде Кавказ елдерінде, Прибалтика мемлекеттерінде ұлтаралық жанжалдар, қарулы қақтығыстар үрейді алғаны болды. Бізде де сеператистік күштер арандатып бақты. Сол кезде Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен миссия атқарды. Қазақстандық диаспоралардың сенімі оянды.

Ал қазіргі жағдайға келсек, қазақстандық қоғамның дерті енді анықтала бастады. Ол дертті жою үшін де уақыт керек! Алайда сол уақытты халықтың мүддесін шешуге тиімді пайдалана білу қажет. Халықты бір мүдде, Ұлттық мүдде төңірегінде топтастыра алғанымыз абзал!

Ұлтың мүддесі – Тәуелсіздік! Ұлттың мүддесі -демократиялық қоғам! Ұлттың мүддесі – елдің бірлігі мен тыныштығы! Ұлттың мүддесі – Ұлттың өз тілінің Жасауы! Ұлттың мүддесі – Заңның үстемдігі! Ұлттың мүддесі-әлеуметтік Теңдік! Ұлттың мүддесі – Ауылының жаңғыруы! Ұлтты мүддесі-Жемқорлықты жою!

Соңғы жылдардың еліміздің әр оқиғасын назардан жібермей, тамыр соғысын басып келе жатырмын. Басу сөзімізді де, ашу сөзімізді айттық. Осы елдің бір азаматы ретінде халқымыздың бірлігі кетпегеніне қуанамын! Президентіміз өзінің алғашқы Жолдауында Ішкі Істер Органдарының жұмысын қайта қарау, олар жазалаушылықтан халыққа қызмет көрсетуші органына айналу керектігін айтқан болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы Жолдауында осы бір өзекті мәселеге қайта оралатын болар. Сәт сайын құбылып тұрған заманның қарсы беттен соққан дауылына қасқайып қарайтын күн туды!

Өз басым таныған да, таңдаған да тұлғам Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елін осы бір тығырықтан алып шыға алатын тұлға деп білемін. Ең бастысы Қасым-Жомарт Тоқаев арды және өз ұлтының мүддесін аттап кете алмайтын парасатты тұлға! Сонымен бірге жағдайды түзетуге, мына індетті жоюға, елді өркендетіп, дамытуға әрқайсымыз да ынталы болайық, әрқайсымыз қолымыздан келер істі ыждаһаттылықпен атқара білейік! Президенттің де, Сіз бен біздің де бір ғана Отанымыз бар! Ол – Қазақстан! Және де қазір басшыға да, қосшыға да оңай болып тұрмағандығы да анық! Осы бір аласапыранды кезеңде өзіміздің бірлігімізден, ынтымағымыздан жазбайық, сабырлы болып, бір мезгіл айтқанға да құлақ асып, қазіргі індетті жеңуге және қоғамды өз «індетінен» тазартуға ынталы болайық! Ашу артта, ақыл алда жүретін кез! Сабыр түбі сары алтын дегенді аталармыз білмей айтпаған болар?!

Автор: Махат Садық.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар