Бірлік пен тірлік

«Ақмола Медиа Орталығында» Шортанды ауданының әкімі Гүлнұр Сәдуақасова ауданның жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлар жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді.

Аудан әкімі алдымен, аудан өндірісінің тауарларын көбейтіп, азық-түлік белдеуін құру бойынша агроөндірістік кешеннің алдына қойылған тапсырманың орындалуына тоқталды. «КазГруХолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіретін шұжықтың 50 түрі үлкен сұранысқа ие. Жыл басынан бері кәсіпорында 191,2 тонна ет пен шұжық өндірілген. «Темеш» шаруа қожалығы да жыл басынан бері 150 тонна қымыз, 80 тонна жылқы етін саудалапты.
Аталмыш аудан Астана қаласына жақын орналасқандықтан, өнімді сатуда мәселе туындамайды. Мәселен, жеке кәсіпкер Харсиевтің ірімшік пен майы өз тұтынушыларын тез арада табатын көрінеді. Бұл жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін білдіреді. «Төңкеріс» астық қабылдау кәсіпорны мен «Капитал трейд хауз» диірмен кешендері жобалық қуатында жұмыс істеуде. Алғашқысы биыл 12,5 мың тонна, екіншісі 207 тонна ұн өндірді.
Келесі жылы Новокубан ауылдық округінде 1200 шошқаға арналған қазіргі заманғы кешен пайдалануға беріледі. Жобада құрама жем цехы мен қасапхана да қарастырылған. Шортанды кентінде жылына 60 тонна құс етін өңдейтін құс фабрикасының құрылысы басталды. Бозайғыр селосындағы «Элит Жер» серіктестігі өз жұмысын жандандырып, жаңа қоймалар, екі тауарлы сүт фермасы мен мал қораларын салды.
Одан әрі аудан әкімі биылғы жылы өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 10,7 миллиард теңге деңгейінде болжанғанын атап өтті. Жыл басынан бері 5,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Жолымбет кенішінен алынатын кеннің құрамында металл азайыпты. Техникалық және өзге де себептерге байланысты қиыршық тас қойнауы жұмысын уақытша тоқтатқан.
Осының салдарынан алтын мен қиыршық тас аз өндірілген көрінеді. Ауданда инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Төңкеріс» астық қабылдау кәсіпорнының диірмен кешені, «Полимер-Пласт» серіктестігінің полиэтилен өнімдерін өндіретін зауыты тұрақты жұмыс істейді. Биылғы жыл соңында «Центрпласт» серіктестігінің металдан жасалған сэндвич – панелін жасайтын зауыт іске қосылмақшы.
Аудан әкімі өз сөзінде шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен назар аударылатынын жеткізді. Аудандағы 1600 кәсіпкерлік субъектілерінде 3700 адам еңбек етеді. Құрылыс материалдары өндірісін арттыру есебінен өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 2,3 миллиард теңгені құраған. Осының арқасында салық түсімі екі есе көбейіпті. Бозайғыр
ауылы көшелерінің жолдары жөнделіп, электр қуатымен қамтамасыз етудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалыпты. Сондай-ақ, мұнда дәрігерлік амбулатория салынған. Әрі су құбырлары жүйесі қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда ауылдық елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жалғасуда. Бұған барлық шаруашылық субъектілері, жеке кәсіпкерлер мен тұрғындар тартылыпты.
Шортанды кенті ішіндегі көлік жолы жөнделді. Жылу беру маусымына дайындық та ертерек жүргізіліпті. Коммуналдық қызмет саласына арнайы техникалар сатып алынған. Бүгінгі таңда елді мекендердің 90 пайызы бір орталықтан берілетін ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы Шортанды кенті, Пригородный мен Бозайғыр ауылдарында су құбырлары жүйесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Дамса селосының кәріздік жүйесін қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалды.
   Одан әрі білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының жетістіктері мен өмір сапасын жақсарту, нақты кірістерді өсіру, тұрғын үй жағдайын, медицина мен білім қызметін жақсарту сияқты бас-ты міндеттер сөз болды.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар