Тұрсынбек Кәкішев

Қазақ әдебиеті мен ғылымы орны толмас ауыр қазаға душар болды. 2015 жылдың 7 қыркүйегінде 89 жасқа қараған шағында көрнекті әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның  еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері, жерлесіміз  Тұрсынбек Кәкішев өмірден озды.
Тұрсынбек Кәкішев 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Бөрлі ауылында туған. 1950 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін, ал, 1960 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясы тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген. 1944-1945 жылдары Ақмола облыстық қазақ драма театрының актері, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, 1950-1958 жылдары партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер, 1960-1968 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс-титутында аға ғылыми қызметкер болды. 1968 жылдан бастап ҚазМУ-де аға оқытушы, доцент, профессор, филология факультетінің сырттай және күндізгі  бөлімдерінің деканы болып қызмет атқарды. Көп жыл осы университеттің филология факультетінде «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ әдеби сынының даму жолдары, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары тұрғысында өнімді еңбек етті. «Қазақ әдебиетінің тарихы», орыс тілінде «Қазақ совет әдебиетінің тарихы», тағы басқа іргелі еңбектерді даярлап, жазысуға қатысты. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізді.  «Сәкен Сейфуллин», «Қызыл сұңқар», Мәскеуде ЖЗЛ сериясымен орыс тілінде «Сәкен Сейфуллин», «Сәкен және Гүлбаһрам», «Сәкеннің соты», «Сәкен Сейфуллин», «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К.Ахметовамен бірге, 1997), «Сәкен сүйген сұлулар», «Мағжан-Сәкен», «Сәкен аялаған арулар» атты онға тарта кітап жазды. Қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеуінің нәтижесінде «Сын сапары», «Оңаша отау», «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» монографиялары жарық көрді. Соңғы еңбегі жоғары оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып келеді. «Ұштасқан үш өзенмен», «Жол үстінде 80 күн», «Садақ», «Жасампаз өлке», «Сандалтқан «Садақ»  сияқты ғылыми-көпшілік кітаптары қазақ халқының әдеби-мәдени мұраларын байыта түсті. Тұрсынбек Кәкішев сонымен бірге, Сәкен шығармаларының 10 томдығының құрастырушысы. Өзінің әдебиеттану ғылымындағы тың пікірлері, тынымсыз ізденісімен артына өшпес із қалдырған қарымды қаламгер, қабырғалы қайраткер осылайша соңғы демі біткенше туған елі мен халқына әрдайым қалтқысыз қызмет етумен болды. Қашанда Ақмола, көрікті Көкше өңірлерінің тыныс-тіршілігімен тыныстап, соңында мол әдеби, рухани мұра қалдырған қоғам және ғылым қайраткерінің жарқын бейнесі ақмолалық жерлестерінің жүрегінде мәңгі сақталатын болады.

Ақмола облыстық әкімдігі.
Ақмола облыстық мәслихаты.
Облыстық ардагерлер кеңесі.

 

 

 

Өлмес өмірдің жарқын үлгісі

 

Адал жанымен, бала көңілімен аңқылдап  жылына бір өзі туған Қараөткелі мен Көкшесіне келіп қайтатын Тұрсынбек аға да дүниеден озды. Елге келген сайын қуанышымен бірге алакөңіл болып жүрген жайларын да жасырмай айтып, кейін сол айтқандарын баспасөз беттерінен оқып та сүйсінетінбіз. Аға көңілін бәрі де алаңдататын. Әсіресе, ел іші жастарының білім мен ғылымға құлықсыз болып бара жатқандығына, қазақ тілі мен сөзінің қадірі қаша бастағанына қынжылатын. Енді ойлап отырсам, Тұрсынбек аға қынжылмағанда кім қынжылсын?! Зерек те сұңғыла көкейіне қазақ әдебиетінің бай тарихын, сол әдебиетті жасаған көрнекті өкілдерінің сөзін де, мұң-зарларын да  құйып алған ғалым ағаның ішінде шер жататын. Ол шер – Сәкен шері! Ол шер – Мағжан шері!
Сол шерлі жанымен Тұрсынбек аға Кәкішев Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми-зерттеулер жүргізіп, «Сәкен Сейфуллин», «Қызыл сұңқар», «Сәкен және Гүлбаһрам», «Сәкеннің соты», «Сәкен сүйген сұлулар», «Мағжан-Сәкен», «Сәкен аялаған арулар» деген он шақты кітап жазды. 1972 жылы Мәскеуден «ЖЗЛ» сериясымен орыс тілінде «Сәкен Сейфуллин» атты кітабын шығарғандығын да қалың елі ұмыта қоймаған болар.
Замана желінің бағыты өзгере бастаған тұста кешегі кеңестік әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірі мен бірегейлеріне топырақ шашыла бастаған кезде де, Тұрсынбек аға соларды жаны шырылдай жүріп қорғағаны да болды. Кәкішевтің ««Сәбең әлемі» кітабы сол ниеттес дүние еді. Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағы үшін шыбын жаны шырылдап өткенін де айтармыз әлі. Ал, қазақ әдебиетінің мәселесін қазақ деген халықтың мәселесінен және де бөле-жара қарауға болмас. Сол мәселені ойып та, кесіп те, тесіп те айтатын Тұрсынбек ағаның мәнді де мағыналы ғұмыры үзілгенімен, сол асыл аға үнінің үзілмесі анық. Асыл да ардақты ағаның үні өзінің соңында қалған өлмес мұраларымен ұрпақтан ұрпаққа жаңғырып жетіп тұрары да анық. Өйткені, Тұрсынбек Кәкішев ғұмыры өлмес өмірдің үлгісі!
Әзірге, қош асыл аға дейміз де, жаратқаннан иман байлығын тілейміз.
Жабал Ерғалиев,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының депутаты.
 Астана.

 

 

Есімі мен еңбегі ұмытылмайды

 

Тұрсынбек аға Кәкішұлының еңбегі, ұстаздығы, әдеби-ғылыми шығармашылығы қазақ әдебиеттану ғылымындағы өзгеше бір байтақ әлем. Тұрсынбек Кәкішұлы құбылысы айрықша азаматтық тұлғасымен еліміздегі мұрағаттар қорындағы бай дүниелерді қолымен ұстап, зерделеп, тексеріп, талдап, халқына ұсынуымен ерекшеленеді. Тұрсынбек аға қаншама талапкерлерді ғылым биігіне ұшырған шамшырақ тұлға. Ол менің де оқуыма, ғылыми ізденістеріме жол ашып, ҚазМУ-ді бітіргеннен кейін Қазақстанның Ғылым Академиясына жетектеп әкеліп, ғалым, жазушы, азаматтығы жоғары Мырзабек Дүйсеновтың қолына тапсырып еді.
Мен туралы ол кісі Мәскеудегі үлкен ғалым Халық Көрооғлыға хат жазып беріп, Максим Горький атындағы әдебиет институтының аспирантурасына түсуге керемет қол ұшын берген-ді. Бірақ, мен Мәскеуде қала алмадым. Тұрсынбек ағаның достары мейлінше көп болатын. Ол Мәскеудің, Бакудің, Уфаның ғалымдары және жазушыларымен керемет байланыста болды. Сол кездегі КСРО көлеміндегі зиялылармен етене жақын болды.
Тұрсекеңнің өткірлігі, табандылығы қазақ зиялыларының ішінде бір бөлек еді. Тұрсекеңнің қаламынан қырық томдай еңбек шыққан-ды. Әсіресе, «Садақ» қолжазба журналын зерттеуі және «Ғалия» медресесінде оқыған шәкірттердің ғұмырнамасын зерттеп, халқына ұсынуы орасан рухани олжа болатын.
1972 жылы Сәкен Сейфуллин кітабын Мәскеуден «Малая Гвардия» баспасынан «Тамаша адамдардың өмірі» сериясымен шығаруы айрықша құбылыс еді. Сәкентанудағы Тұрсекеңнің толағай ізденістері өмірінің ұстанымы болатын.
Қимаймыз, амал нешік тағдырға. Жаны жәннатта, көрмеген көшесі жарық болсын. Артындағы әулеті, ел-жұрты аман болсын.  

Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор.

 

 

Алға ұстайтын асқар аға еді

 

Әдебиетіміздің ақсақалы, көрнекті ғалым, жерлесіміз Тұрсынбек Кәкішев өмірден өтті.
Өзінің барлық ғұмырын қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Тұрсекеңнің қаламынан туған көптеген зерттеу еңбектері әдебиетіміздің тарихын зерделеу бағытындағы құнды еңбектер болып саналады. Ғалымның Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған еңбегі Сәкентануға қосылған тың дүниелер еді. Тұрсекең тұңғыш рет Сәкенге қатысты еңбегін Мәскеуден «ЖЗЛ» сериясымен жарыққа шығарды.
Жерлестеріміз Елжас Бекенов, Жақан Сыздықов туралы алғаш қалам тартқан да Тұрсынбек Кәкішев болды.
Жасының ұлғайғанына қарамастан, Қиыр Шығыс, Башқұрстан, Татарстан елдерін аралап, қазақ әдебиетіне қатысты талай құнды деректер жинастырды. Соның бір көрінісі, «Сандалтқан «Садақ» атты зерттеу еңбегі еді. Онда ғалым «Ғалия» медресесінде оқып білім алған Бейімбет Майлин бастаған қазақ жастарының қолынан шыққан «Садақ» жорналының беймәлім сандарын тауып, онда жарияланған материалдарды ғылыми тұрғыдан зерттеп шықты.
Тұрсынбек аға тынымсыз еңбек үстінде көз жұмды.
Үлкен жүректі, турашыл, ақиқатқа тура қарай білген әділдігімен жанымызды баураған осы азамат, ардақты аға да өмірден өтіп кетті.
Қабырғамыз қайысып, алға ұстайтын асқар аға, ақылгөйіміздің рухына бас иеміз.
Халқының жоқшысы, үнемі соның сөзін сөйлейтін Тұрсеке, бақұл болыңыз.
Жаныңыз жәннатта, тәніңіз рахатта болғай!                      
 
   Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының директоры.

 

 

Шындық шырақшысы

 

Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, кемеңгер ғалым, белгілі публицист, жазушы, Тұрсынбек аға Кәкішұлы барлық саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетін көркейтуге, оқу-білімге арнады. Тындырған шаруасы ұшан-теңіз. Сәбең (Сәбит Мұқанов) бір өзі бір библиотека кітап жазды десек, (Ғ.Мүсірепов) Тұрсекең бір институт ұжымы бітірер жұмысты атқарып тастаушы еді.
Сәкен Сейфуллин туралы ұлан-асыр зерттеу материалдарын жазып, 13 томдық шығармалар жинағын жариялап, шығарғанын айтсақ та жеткілікті. «Батыр партизан» Қасым Қайсенов Тұрсекеңді «маршал науки» деп әсіре мақтауы тегіннен-тегін болмаса керек.
Тұрсекең әрдайым ұлттық мүдденің туын көтеріп жүрді. Бұл тұрғыдан келгенде қажетті пікірді бұлғақтатпай, турасын айтып салатын. Сол үшін орынсыз қиянат көргені де аз емес. Солай болса да, шындық жолынан ауытқымайтын. Елде әрдайым ынтымақ-бірлік болуын армандады. Соның үлгісін көрсете білді.
Ол жастарға сенім артып, әрдайым қол ұшын соза білді. Мұны өз басымыздан өткіздік. Оның қамқорлығын, жанашырлығын кейінгі жастар ұмытпайды. Қадірлі ағамыздың жемісті істерін жалғастыра береді.  
Тұрсынбек ағаның артында қалған мол еңбегі рухани дүниеміздің төрінен орын алып, ескірмейді, ұмытылмайды.

Амантай КӘКЕН,
жазушы, сәкентанушы.            

 

 

Тарих боп кетті тау тұлға

 

Тұрсынбек Кәкішевтен айырылдық деуге бола ма?
Қазақ пен Тұрсекең ажырамас бір ұғым болып баяғыда тұтасып кеткен!
Таулар алыстаған сайын биіктей береді.
Аруақ алыстаған сайын жақындай бермей ме?
Тау тұлға тарих әлеміндегі өз орнына жайғасты.
Қазақтың абызы, әдебиеттану ғылымының алыбы, кең ақыл, биік ойлы, турашыл, шыншыл ғұлама, аяулы, саялы ұстаз енді бізге бұрынғыдан да ыстық, бұрынғыдан да қадірлі, қасиетті, киелі күйінде жақындай түскен тәрізді.
Тұрсекеңнің жазған еңбектері, том-том кітаптары бір төбе болса, үйретуден жалықпаған ұстаздығы бір төбе. Ол кісінің тәрбиелеп өсірген шәкірттерінің алды Алаш ақсақалы атанып отыр. Ал, кең далада ана тіліміз бен  әдебиетімізді көзінің қарашығындай сақтап, қазақтың рухани байлығын, білім нұрын таратып жүрген мыңдаған шәкірттері айбынды да саналы рух күрескерлері емес пе?!
«Шындық ащы ғой! Бірақ, керек, амал не!» – дейтін Тұрсекең ауыр күрсініп. Шындық,  әсіресе, тарихи шындық талқыға түскенде табаны таймай, қатпар-қатпар, қайшылықты тағдыр, тарихты ащы-тұщысымен қоса қопара зерттеп, парасат таразысына тарта білген Тұрсекең өмірде де, ғылым, білімде де осы шыншылдық жолынан айныған емес. Ұлағатты ұстаз, асыл азамат ағаның шәкірттеріне ғана емес, бүкіл Алашына аманаты да осы болар-ау!
Жарықтық Тұрсекең жиын-тойда бата берген сайын  «Лә хаулә уә лә қууата иллә биллаһ» деген дұғаны жиі айтушы еді. Аса діндар болмаса да, ғалымның аты ғалым ғой. Молдалар айтады: «Бұл – дұғаның төресі!» дейді. Иман нұрына бөленіп, жаныңыз жәннатта болсын, аяулы аға!

 Баянғали ӘЛІМЖАНОВ,
айтыскер ақын, шәкірті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар