«Таза Қазақстан» үшін бірге күресейік!

«Таза Қазақстан» үшін бірге күресейік!

Бурабай ұлттық паркінде алғашқы осындай рейдті Ішкі істер министрлігі, ұлттық парк инспекторлары, қоғам белсенділері және журналистермен бірге осы демалыс күндері Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов өткізді.

Сіздер ел Президентінің экология саласындағы соңғы оқиғаларды, оның ішінде Көбейтұз қызғылт көліндегі, Каспийдегі итбалықтарға қатысты халықтың демалу мәдениеті мен экологиялық санасының төмен деңгейін көрсететіні туралы оқиғаны бәріңіз білесіздер, – деді Комитет басшысы БАҚ сұрақтарына жауап бере келіп. – Мемлекет басшысы осындай заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Сондықтан, біз әр демалыс сайын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен, ұлттық парк инспекторларымен, қоғам белсенділерімен және журналистермен бірге табиғи демалыс орындарында рейдтер өткіземіз. Біз қазір «Бурабай» ұлттық саябағындамыз. Санитарлық органдар бұл орындарға баруға шектеулер енгізгенге дейін, бұл жерлерге бір мезгілде 50 мыңға жуық адам келіп, соңдарына тау болып үйілген қоқыс тастап кететін».
Бұл мәселені шешу үшін, З.Жолдасовтың пікірінше, екі-ақ жол бар – айыппұл салу және осындай жерлерде өзін ұстай білу мәдениетін енгізу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
– Біз демалушылар үшін 10 маңызды тармақтан тұратын арнайы жадынама жасадық. Ол жұмысқа волонтерлерді тартамыз. Жаздың соңына дейін әр демалыс сайын республика бойынша, оның ішінде Қапшағай, Алакөл аймақтарына, тауларға, Іле-Алатау ұлттық саябағына, Шымкентке, Каспий теңізіне және басқа да орындарға рейд жасаймыз. Демалыс күндері көп адам табиғатта демалады. Халықпен жұмыс үнемі жүргізіліп, қажет болған жағдайда қатаң шаралар қолданылады. Әкімшілік кодекстің 505-бабы, қоқыс үшін 343-бап, ұсақ бұзақылық және тағы басқа жаза түрлері бар. Бірақ, біз экологиялық заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтпекпіз. Мемлекет басшысы да жуырда осындай тапсырма берді, – деді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы.
Оның айтуынша, проблема мынада, Бурабай ауданында қалдықтарды жинауға рұқсат етілген бірде-бір полигон жоқ. Қазірде жергілікті әкімдік осы мәселемен айналысуда. Демалыс базаларындағы тазарту нысандары мен шығарындылар туралы мәселе бар. Өйткені, бірқатар база әлі де қатты отынды, соның ішінде көмірді пайдаланады. Барлық осы мәселелер бойынша Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесіп шаралар қабылдайтын болады.
Еске салсақ, республика бойынша стихиялық қоқыстармен күресу үшін Экология министрлігі +7 (775) 952-49-00 сенім телефонын іске қосты. Оған әр азамат шағымын растайтын фото мен бейнеролик жібере алады.
Бүгінгі таңда 400-ге жуық хабарлама келіп түсті. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, барлық өңірде қоқыстарды жоюды бастады. Мәселен, жуырда Қарағанды маңындағы тасжолдың жанына рұқсатсыз қоқыс тастағандарды жазалау бойынша жедел шаралар қабылданды. Оларға полиция айыппұл салып, барлық қоқыс дереу шығарылды. Заң бұзған көлік нөмірі туралы бейнеролик министрліктің сенім телефонына жіберілген. Тағы бір хабарлама Шу қаласынан келген. Кәріздік қоқыс шығаратын машина оны арнайы полигонға емес, мүлде басқа жерге тастаған екен. Экология министрлігі қазір қажетті шараларды қабылдауда.
Сонымен қатар, республикада бұған дейін министрлік «Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамының ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша республиканың барлық өңірінде, 50 шақырым радиустағы ірі қалалардың айналасында 7,5 мыңнан астам стихиялық қоқыстарды анықтаған болатын. Оларды жою жоспары әкімдіктермен бірлесіп бекітілді. Алғашқы 10 күннің ішінде 1635 табиғи полигон жойылды немесе бұл олардың жалпы санының 20 пайызын құрайды.
– Біздің Нұр-Сұлтан маңындағы стихиялық полигонға жасаған рейдіміз көрсеткендей, қалдықтардың 90 пайы-
зы құрылыс қалдықтары. Тек бір пәтерді жөндеуден кейін шамамен 250 қап қоқыс қалдығы пайда болады. Қоқыс тастайтын көлікке тапсырыс беру шамамен 20 мың теңге тұрады. Алайда, ол қоқыстың қайда тасталатынын ешкім білмейді. Ал, арнайы полигондағы қоқыс үшін төлем 70 мың теңгені құрайды. Осылайша стихиялық полигондар пайда болады. Сондықтан біз қазір жағдайды өзгерту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Мұндай қоқысқа кінәлілерді жазалаумен қатар, жаңа қоқыс полигондарын, соның ішінде Бурабай маңында, тазарту нысандарын салу қажет. Қазір біз бұл мәселені әкімдіктің алдына қойып отырмыз, –деді З.Жолдасов.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Сергей Быковтың айтуынша, соңғы жылдары бұл аймақтағы антропологиялық қысым айтарлықтай өсті. Егер бұрын көл жағалауларында жылына 20-30 мыңға жуық адам демалатын болса, қазір демалыс күндері бір келгенде 50 мыңға дейін турист келеді. Өткен жылы саябақтан шамамен 2 мың текше метр, соңғы екі айда шамамен 700 текше метр қоқыс шығарылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *