Тұрғын үйлердің құрылыс қарқыны бәсеңдемесін

Тұрғын үйлердің құрылыс қарқыны бәсеңдемесін

Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өңірде салынып жатқан тұрғын үйлер мәселесі, сандық жүйе шеңберіндегі цифрландыру жұмыстары жан-жақты талқыланды.

Кеңеске облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн байланыста болды. Отырыста қаралған негізгі үш мәселенің алғашқысы 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің жайы туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров баяндады. Бес бағыттан тұратын бағдарламаның біріншісі тұрғын үй құрылысын іске асыру болып табылады. Облыста қосымша қарастырылған қаржының көмегімен биыл 570,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмекші. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында 277,4 мың шаршы метр тұрғын үйге 2375 отбасы қоныстаныпты. Республика бойынша тұрғын үймен қамту рейтингісінде біздің облыс қазір 7-ші орында тұр. Соңғы үш жыл ішінде баспанамен қамту мәселесінде өсу қарқыны байқалады. Биылғы жылдың екінші жыртыжылдығында 292,9 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беру қарастырылып отыр, оның 33 мың шаршы метрі арендалық, 51,7 мың шаршы метрі несиелік, 64,1 мың шаршы метрі коммерциялық. Жалпы, аталмыш бағдарлама аясында Көкшетау қаласында 135,3 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланыпты. Аудандар бойынша Целиноград пен Бурабай ауданында осы бағытта біраз жұмыстардың атқарылып жатқанын байқадық. Дегенмен, бірқатар аудандарда бұл көрсеткіштер өте төмен. Аймақ басшысы бұл орайда, Бұланды, Бурабай, Ерейментау, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласының әкімдеріне келелі мәселелер туындап жатқан үйлерді іске қосу бойынша өз ұсыныстарын жақын арада әкімдікке жолдауларын тапсырды. Биыл Көкшетау қаласында пайдалануға беретін баспана аумағының көлемі былтырғы салыстырмалы кезеңнен 1,5 есеге көп екен.
Биыл жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 38 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 20-сы иемденуге құқық берілмейтін жалдамалы үйлер, 13-і несиелік, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 4 тұрғын үй және тағы бір бағдарламалық үй салынуда. Сонымен бірге, Көкшетау қаласында екі 40 пәтерлі, үш 60 пәтерлі, Ерейментау мен Целиноград аудандарында бір-бір 45 пәтерлі үйлердің құрылысында түйткілді мәселелер туындаған. Оларды тез арада шешіп, тұрғын үйлердің жоспарланған уақытында тапсырылу қажеттігі туралы баяндамашы да баса айтты. Жалпы несие-ге берілетін тұрғын үйлерде де бірқатар шешімін күтіп қалған келелі мәселелер бар екен. Оның барлығы алдағы күндері шешілмекші. Басқарма басшысы бөлініп жатқан қыруар қаржыны да тиімді игеру бойынша мәселе көтеріп, аудандардағы бағдарламалық үйлердің белгіленген жос-пардан кешіктірілмей, уақытында тапсырылуына көңіл аударуды сұрады.
Ақмола облысын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы «Smart Aqmola» мекемесінің басшысы Бауыржан Рапиков баяндады. Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде, жалпы республика бойынша цифрландыру жұмыстарының қаншалықты жүзеге асып жатқаны көзге бірден көрінгені анық. Мектептердегі, әсіресе, шалғай ауылдық елді мекендердегі білім алушылар мен ұстаздардың Интернетке шығу мәселелері қиындық туғызғаны белгілі. Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласындағы «Дамумед» қосымшасын да елді мекендердің барлығы қолдануға мүмкіндіктері жоқтығы айтылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Мәлғаждар Тәткеев те бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмысқа көңілінің толмайтындығын айтып, оны сапалы тұрғыдан жандандыруды тапсырды. Ол мемлекеттік мекемелердегі ІТ-мамандары өздері атқарып отырған жұмысына ақша алып жүрсе де, кейбір жобалар мен бағдарламаларды жасап, орнату үшін сырттан адам шақыратындарын, оларға да ақы төленетіндігін сынға алды.
Бұдан әрі «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы Ақмола филиалының басшысы Ернұр Жолымбетов инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтты. Облыс әкімі баяндамашының берген мәліметіне қанағаттанбай, өңірде жаңа инвестициялық жобаларды көбейтуге назар аударуды, аудандармен бірлесіп жұмыс істеуді талап етті.
Кеңес соңында аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды басқарма басшыларымен кеңесе отырып жүргізуді және оған бөлінетін қыруар қаржыны уақытылы әрі тиімді игеруді тапсырды.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *