Ақорда. Президент

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

Үкімет карантин режимін сақтау жөніндегі шараларды күшейтуге міндетті. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігі мен барлық медициналық мекемелердің басты міндеті – өлім-жітім деңгейін ең төменгі шекке дейін түсіру екендігін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүкіл әлемде пандемия өршіп тұр. Ол Қазақстанды да айналып өтпеді. Індет жүздеген еңбеккер мен зейнеткерді, қарттар мен жастарды, атақты азаматтарымыз бен қарапайым адамдарды арамыздан алып кетіп жатыр. Даңқты палуан, қоғам қайраткері Ж.Үшкемпіровтің қазасы туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осы дерттен қайтыс болған азаматтардың қазасы қабырғама батты. Коронавирус пен өкпе қабынуы салдарынан қайтыс болғандардың саны әлі де жоғары», – деп жазды Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Президент Денсаулық сақтау министрлігі мен барлық медициналық мекемелердің басты міндеті – өлім-жітім деңгейін ең төменгі шекке дейін түсіру екендігін атап өтті. «Үкімет азаматтардың карантин режимін сақтау жөніндегі шараларды күшейтуге міндетті. Онсыз пандемияға қарсы күресте жеңіске жету мүмкін емес», – деп жазды Twitter парақшасында.

***

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге танымал даңқты палуан, Олимпиада чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі кәсіпкер Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіровтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.

«Жақсылық Әмірәліұлы елімізде спорт саласының кең қанат жаюына атсалысты және жастарға үлгі болды. Өңірлерді өркендету мақсатында спорт кешендерін салып, жас спортшылардың өсіп-жетілуі және ауыл шаруашылығының дамуы жолында қыруар іс атқарды. Еселі еңбегімен, азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленіп, соңында өшпес із қалдырды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын», – делінген жеделхатта.

***

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев даңқты спортшы, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Ол грек-рим күресі бойынша қазаққа алғашқы болып әлемнің ең басты атағын сыйлады. Кәсіпкерлікпен де табысты айналысып, ел экономикасының өркендеуіне лайықты үлесін қоса білді. Қайырымдылық іс-шараларға белсене атсалысып, кәсіпкерлік тәжірибесін өзгелермен бөлісіп, жақсы үлгі мен өнеге көрсетті. Мен онымен өткізген кездесулерімді әркез ризашылықпен еске аламын. Отандастарымыз да оның есімі мен еңбегін ұмытпайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар