Жаңа кешен мал шаруашылығына серпін береді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев біздің өңірде үш жобаны жүзеге асыруды көздеген «Unicorn Holdings Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесіп, Зеренді ауданында құс пен шошқа өсіруге, жем өндіруге арналған кешен салу бағытында мәжіліс өткізді.

Бүгінде өз өнімдерін Ресей, Қытай және Үндістан елдеріне экспортқа шығаратын «Unicorn Holdings Ltd» компаниясы Канадамен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан компания біздің өңірде үш жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
– Бастапқы жылдары 12 мың тонна құс еті мен шошқа етін, ал, 4-5 жылдан кейін жылына 50 мың тоннаға дейін өнім шығара алатын боламыз, – деген компанияның бас директоры Александр Савчук бұл жобаның өңірімізге тиімді тұстарын да айтып өтті.
Сондай-ақ, жоба жетекшісі Руслан Кәкенов осы жобаны жүзеге асыру үшін 16 миллиард теңгенің меншікті капиталы бар екенін де жеткізді. Әрине, кешеннің құрылысы айтарлықтай шығындарды талап ететіні даусыз. Алайда, инвесторлар 4-5 жылдан кейін үмітіміз ақталады деп сендіреді. Олар жобаны жүзеге асыру үшін қаладан 15 шақырым жерде орналасқан Зеренді ауданының аумағындағы жер телімін таңдап отыр. Алайда, кешенде су мен электр қуатын пайдалану мәселесі оңай емес. Оған қоса, өз кезегінде Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко компанияның бізден 2 миллион текше метр су талап етіп отырғанын және бұл бағытта қандай жұмыстар күтіп тұрғанын слайд арқылы баяндап берді. Ал, инвесторлар болса, Зерендідегі Ивановск су қоймасының көлемін 600 мың текше метрге арттыруға ниетті. Сондай-ақ, 19 шақырымдық жол бойын электр энергиясымен қамтамасыз ету де көзделуде. Яғни, электр қуатына қосылу бойынша екі нұсқа көзделуде. Нақтырақ айтқанда, бірі – Зеренді ауданының электр желісіне қосылу. Қосылу нүктесінен торапқа дейінгі қашықтық – 19 шақырым. Баланста ұстаушы «Көкшетау Энерго» акционерлік қоғамы. Сметалық құны 250 миллион теңге. Бұл байланыс бірінші санаттағы қосылымды қамтамасыз етеді. Ал, екінші нұсқа – кернеуді төмендету арқылы жоғары вольтты желіге қосылу. Оның байланыс нүктесінен учаскеге дейінгі қашықтығы 2,5 шақырым. Бұл да «Көкшетау Энерго» акционерлік қоғамының балансында. Сметалық құны 70 миллион теңге.
Жалпы, «Unicorn Holdings Ltd» компаниясының жобасын жүзеге асыруда сумен жабдықтау көздеріне қосылу мәселесі басты назарда. Сондықтан, қолданыстағы Көкшетау топтық су жүйесіне қосылу нүктесімен арақашықтық 3 шақырым. Бұл бағытта балансты ұстаушы «Нұра топтық су құбыры» «Ишим» филиалы. Ал, екінші мүмкіндік, Иваново су қоймасынан су алу. Қазіргі уақытта бұл су қоймасының сыйымдылығы 210 мың текше метрді құрайды. Су қоймасынан байланыс нүктесіне дейінгі қашықтық 7,6 шақырымды құрайды. Шығындардың сметалық құны 105 миллион теңге. Сондай-ақ, үшінші тиімді жолы – жобаны іске асыру аймағында гидрогеологиялық зерттеулер жүргізу. Зерттеу алаңы 130 шаршы шақырым. Шамамен 40 ұңғыманы бұрғылау қажет. Осылайша, сыйымдылығы жылына 1 миллион текше метрге дейін жеткізілетін сорғы станциясының құрылысы болмақшы. Бұл жұмыстың сметалық құны 100 миллион теңгеден басталады. Үздіксіз сумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін барлық үш сумен жабдықтау көздеріне қосылу қажет. Сондықтан, бірінші және екінші қайнар көздер біріктірілген режимде жұмыс істейді.
–Егер инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылса, онда өндіріс қуаттылығы жағынан аймақта Макинск құс фабрикасынан кейінгі ең ірі өндіріс орны болады. Осылайша, жаңа жұмыс орындарының ашылуы біз үшін өте пайдалы болмақ, – деген облыс әкімі Ермек Маржықпаев, осыған жауапты адамдарға 700-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын тиімді кешеннің құрылысына барлық жағдай жасауды тапсырып, инвесторларға ризашылық білдірді.
Мәжіліске облыс әкімінің орынбасарлары Қанат Ыдырысов, Ғалымжан Әбдіхалықов, Зеренді ауданының әкімі Бауыржан Ғайса, «Нұра топтық су құбыры» «Ишим» филиалының директоры Тока Мұхамбаев және бірқатар басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯР.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар