Бурабайға барар жолда мін болмайды

Биылғы жылы да бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, Көкшетаудан бастау алатын бірнеше бағыттағы республикалық маңызы бар жолдар жөнделуде.

Бір қуантарлығы, мердігер компаниялар жөндеу жұмысын мерзімінен бір ай бұрын аяқтапты. Оның қатарына курортты Бурабай кентіне апаратын жол да кіреді. Қазір айнадай жалтырап тұрған бұл жолдың он шақырымына орташа жөндеу жүргізіліпті. Жолдың жиегі де көңілге қонымды. Енді дем алушылар жаңа салынған асфальтпен таулы-орманы, шипалы бұлағы, айнадай көлі бар аймаққа тез арада жүйткіп жете алады.
«Қазавтожол» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының бас маманы Талғат Ермековтың айтуынша, бұл үшінші санаттағы жол боп есептеледі екен. Бұған дейін оның тоз-тозы шығып, жарықшағы көп болыпты. Ресеймен ынтымақтастық форумына дайындық және курортты аймақты дамыту бағдарламасы аясында бұл жол қалпына келтірілді. Жалпы, Бурабай аймағындағы жол жыл сайын жөнделеді. Он шақырымдық жолдың жөнделуіне 211 миллион теңге жұмсалыпты. Жөндеу жұмысын «Көкшетау жолдары» серіктестігі жүзеге асырды. Мердігер жолды жоғары сапалы материалдармен салыпты. Карантиннің ықпалы болар, жолда автокөліктер аз болып, жөндеу жұмысы мерзімінен үш ай бұрын аяқталған. «Көкшетау жолдары» серіктестігінің учаске жетекшісі Михаил Щетин өз сөзінде ескі асфальттың беткі қабатының қырындысын жолдың жиегіне пайдаланылғанын айтты.
Бұдан кейін жолға жаңа қабат құйылып, маститті қиыршық тас пен асфальт-бетон жамылғысы төселіпті. 1 мамырда басталған жұмыс шілденің соңында аяқталған екен. Жолдың сапалы орындалуы тапсырыс берушімен бірге «Ақмола-адалдық алаңы» кеңсесі өкілдерінің бақылауында болды. Олар «Талапқа сай» деген қорытынды жасапты. Биылғы жылы Көкшетаудың айналасындағы республикалық маңызы бар 87 шақырым жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілуде. Бұл бағытқа 3,5 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі күні жеті нысанның екеуі пайдалануға берілді.
Боранбай КӨМЕКЕЙ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар