Аудио, бейне жазбалар қолданылмақшы

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауларында және биыл жария етілген «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарында сот өндірісін жеңілдету, сот актілерінің уақытылы орындалуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету сот саласындағы өзекті  мәселелерді шешудің бірден бір жолы екенін  айтқан болатын.

Осы орайда, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты судьялардың жұмысы жайлы тұрғындардың оң көзқарасын қалыптастыруға бағытталған жаңа бағдарлама жасады. Ол сот залдарында аудио, бейне тіркеу жүйесі орнатылуына, сөйтіп, өз кезегінде шешімнің әділ шығарылуына негіз бола алады. Осының нәтижесінде халықтың сот жүйесіне деген сенімі арта түсіп қана қоймай, сот залдарындағы аудио, бейне тіркеу отырыс хаттамаларын жылдам толтыруға, құжаттардың жойылып кетпеуіне, сыбайлас жемқорлық секілді басқа да қылмыстардың алдын алуға өз септігін тигізбекші. Сот ісі аяқталғаннан кейін тараптар арасында түсінбеушілік туындаған жағдайда олар бейне жазбаның көмегіне жүгіне алады.
Сот процесінің өту барысын қағазға жазғаннан гөрі бейне таспаға түсіріп алған әлдеқайда жеңіл әрі тиімді. Себебі, бейне көрініс тек сөздерді ғана емес, дауыс интонациясын, сотқа қатысушы тараптардың іс-әрекетін қаз-қалпында түгел көрсетіп бере алады.
Мұндай әдіс еліміздің сот саласында бұрын да қолданылып келген. Алайда, олар орталықтандырылған мәліметтер базасына қосылмағандықтан, дәл бүгінгідей мүмкіндігіміз жоқ еді. Сот ісі аяқталғаннан кейін сот процесін жүргізген судья түсірілген аудио, бейне жазбаларды электронды-сандық қолтаңбамен растайды. Осы арада айта кететін бір жай, еліміздің сот залдарынан жазылған қандай да бір бейне жазба тек Қазақстан аумағында ғана қолданылуы керек. Ақпарат қауіпсіздігі үшін алдағы уақытта мамандарды аттес-таттау секілді шаралар жүргізілетіні анық.
Қазіргі заңымызда сот залдарында бейне бақылау құрылғыларын, ұялы телефондарды қолдану қарастырылмаған. Ал, Жоғарғы Сот ұсынып отырған жаңа бағдарлама  еліміздің заңнамасына біраз өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Сот саласындағы бұл жаңашылдық халықаралық тәжірибеге сүйеніп қолға алынып отырғандықтан,  мемлекетіміздің  бәсекеге қабілеттілігі нығая түседі, сот органдарының транспаренттілігі мен тиімділігі артады деген сенімдеміз. Халықтың сотқа деген сенімін жоғарылату мақсатында қаншама шаралар қолға алынып жатқанымен, қарапайым тұрғындар арасында судьяның қызметіне деген оң көзқарас әлі толық қалыптаса қойған жоқ. Отбасының бір мүшесін, туған-туысын бас бостандығынан айырған адамды кім басынан сипап, ризашылығын айтады дейсіз? Қалай болғанда да, қылмыс жасағандар міндетті түрде тиісті жазаларын алып, жәбірленушілер заңмен қорғалады. Тек, осы шешімдер әділ, «Жеті рет өлшеп, бір рет кескеннен» кейін істің байыбына анық көз жеткізіліп барып қана шығарылуы тиіс. Құқықтық мемлекетте тек заң мен әділдік қана үстемдік етуі тиіс. Бұдан былай сот отырыстарында қолданылатын аудио, бейне жазбалар осыған көп игі ықпалын тигізетініне сенім мол.
Нұрсұлтан РАҚЫМБЕРЛИН,
Көкшетау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар