Диқан тілегі – мол өнім мен ашық күн

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болып, «Агрофирма «Берекет-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ерте пісіп, орыла бастаған астықты алқабын аралап көрді және биылғы жауапты науқанның өзіндік ерекшеліктері мен алда тұрған міндеттерін пысықтады.

Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатындағы депутаттық өкілеттілігінің аяқталуына байланысты Рәшит Әкімовті шығарып салу рәсімінен кейін онымен бірге Зеренді ауданының аумағындағы астықты алқаптардың жай-күйін анықтау мақсатында іссапарға шықты. Көкшетау қаласынан 26 шақырым жерде аймақ басшысы мен бұрынғы Сенат депутатын аудан әкімі Бауыржан Ғайса мен серіктестік құрылтайшысы Борис Козлов қарсы алды. Әкім алдымен егін ору науқанына дайындықты анықтау үшін серіктестіктің бидай еккен алқаптарының біріне барды. Комбайншылар қызу жұмысқа кіріскен.
–Бұл жерге тұқым себу ағымдағы жылдың 29 сәуірінде басталып, 2 мамырында егіліп аяқталды. Қыста да бұл егін себілетін алқапқа қар қалың түсіп, соның ылғалдылығының нәтижесінде жаз жаңбырлы болмаса да, жақсы шығым беріп отыр. Дегенмен, егін еккен кезде гектарынан 15 центнер айналдырамыз деп жоспарлап едік, жаздың жауын-шашынның аз түсуіне орай, түсім 12-13 центнерден күтіліп отыр. Сапасы әлі тексерілген жоқ, – деді агроном Яков Савченко.
Жалпы, облыста егін ору науқаны толық басталған жоқ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаевтың мәлімдеуінше, егілген егіннің 63 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Биылғы жазда жауын-шашын аз түсуі көптеген алқаптағы егістіктерге залалын тигізгені айқын. Және де біраз алқап бұршақ жауып, жарамсыз болып қалды. Бұған қоса, Атбасардағы біраз егістік алқабын сайғақтар таптап кеткені тағы бар.
– Облысымыздың Жақсы, Жарқайың, Атбасар, Есіл аудандарында астық жақсы шығып тұр. Өңірлерде егін орағына дайындық жөнінде жиындар өткізілді, енді жанар-жағар майдан ешқандай мәселелер туындамауы керек. Химиялық өңдеулер барлық аумақта жүргізілді. Егін ору науқанында бригадалар ауысқан кезде кезекке шығатындар медициналық тексерістен өтіп, санитарлық талаптарды сақтай отырып еңбек етулері тиіс. Ауа райы мүмкіндік беріп тұрғанда, күні-түні еңбек етіп, астықты шашпай-төкпей жинап алуымыз қажет. Мемлекет басшысы биылғы егін ору науқанында майданда жүргендей еңбек етуіміз керек деп атап өткен болатын. Сондықтан, сапаға баса көңіл бөліп, нәтижелі жұмыс істейік, –деп тапсырды аймақ басшысы серіктестік құрылтайшысына.
–Жалпы, бұл уақытта егін пісе қоймайды. Мұндай жағдай көп кездеспейтін құбылыс. Бұл кезде тек арпа ғана пісіп қалатын. Биылғы жаздың ыстығы мен қыстағы қардың жақсы түсуінен болар, бұл жерде егін жақсы шығып, тез пісті. Себебі, ерте егілген соң, мамыр айындағы жауын-шашын әсер етіп үлгерді, –деді агроном қырман басында.
Биыл егін шаруашылығына мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіліп, дәнді дақылдармен айналысып жатқан шаруашылықтарға 70 миллиард теңгеге жуық қаржыны құрайтын субсидия бөлініпті.
Бұдан әрі аймақ басшысы серіктестіктің күнбағыс алқабына барып, ондағы Қытайдан әкелінген жаңа сорттың қалай шығып жатқанын көрді. Серіктестік құрылтайшысы облыс әкіміне салынып жатқан өндіріс нысандарын да көрсетті. Онда бидай кептіретін және сақтайтын қоймалар, кеңсе қазіргі заманға сай технологиялар бойынша бой көтеріп жатыр екен. Аймақ басшысы өндіріс алаңында сақтауға және өңдеуге әкелінген астықты көріп, биылғы жылы шөп көп болмайтындықтан, малға жемді де көбірек дайындау керектігін атап өтті.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар