Абай сөзі – қазақтың бойтұмары

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы Үкімет Қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып белгіленуіне орай, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырды.

Көрме барысында «Жазушының шығармашылық портреті» атты қазақ жазушыларының өмірі мен шығармашылығы туралы роликтер сериясынан және Абайдың қара сөздері және оның әндері бойынша Musical place айдарынан, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Жанды кітап – Живая книга» форматындағы мазмұнды бейнероликтер күні бойы беріліп тұрды. Кітапхана ұжымы мұндай шараны жыл басынан бері әлеуметтік желі арқылы да қазақ жазба мәдениетінің негізін қалаушы Абай шығармаларын насихаттау бағытында оқырмандарымен үздіксіз байланыс жасап келеді. Биыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы және Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» кітабы таңдалып отыр. Осылайша оқырмандар назарына «Абай және мен» тақырыбында ғалымдардың, оқытушылардың, кітапханашылар мен студенттердің пікірлері ұсынылды. Бұл пікірлер өскелең ұрпаққа Абай мұрасын зерттеуде үлкен жетістік болары сөзсіз. Сондай-ақ, Абай даналығын, даралығын, ел үшін туған тұлға екендігін жеткізу мақсатында бірнеше рет республикалық, өңірлік ақындар мүшәйрасының жеңімпазы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Алтын тұғыр» сыйлығының иегері Ерболат Баятұлымен Абай шығармашылығына арналған онлайн сұхбат та өткізілді.
– Бүгін біз Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған шағын көрме ұйымдастырып отырмыз. Өйткені, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 тамыз – Абай күні болып белгіленгені баршамызға белгілі. Жалпы, жыл басынан бері облыстық кітапханада үлкен іс-шара болады деп ұйымдастырып, күткенбіз. Өкінішке орай, қазіргі еліміздегі коронавирус пандемиясының белең алуына байланысты бұл шаралардың бәрін онлайн түрінде өткізуге тура келді. Оқырмандарымыздың рухани тұрғыда көңілдерін байытуға, кітапханада отырып кітап оқуға жаппай еліміздегі карантиннің әсері тигеніне алты айға жуықтап қалды. Сондықтан, бүгінгі көрмені тамашалау арқылы оқырмандарымыз осы жерден кітаптарды үйлеріне алып кетіп, оқуларына мүмкіншілік туғызып отырмыз. Ұлы ақынға сегіз мемлекетте ескерткіштер қойылған, соны біз банер жасатып дайындадық. Сондай-ақ, біздің кітапханада Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығына арналған бес тілде дайындалған кітап шығардық. Ол – қазақ, араб, орыс, қытай және ағылшын тілдерінде, – деген Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының балалар секторының меңгерушісі Нәзира Әділбекқызы Тәшкенова, бүгінде бұл еңбек кітапхананың рухани орталығының төрінде тұрғанында мақтанышпен жеткізді.
Кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Абайтану» еңбегі және сирек басылымдар туралы слайд жарияланды. Облыстық кітапхананың негізгі қорды сақтау бөліміндегі «Абайтану. Таңдамалы 35 томдық» еңбектеріне әр жылдары жарық көрген М.Әуезовтың, Р.Сыздықованың, Ж.Ысмағұловтың, Т.Жұртбайдың басқа да көптеген ғалымдардың таңдамалы шығармалары енген. Онда ұлы ойшыл мұрасы жан-жақты талданып, сараланған. Бұл абайтанушыларға, магистранттар мен докторанттарға, оқушылар мен мұғалімдерге, Абай әлемін терең тануға талаптанған көпшілік оқырманға арналған.
Күллі адамзатқа ортақ Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан са-
йын артпаса, кемімесі анық. Оның қара сөздері мен оралымды ойлары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, әр адамның өмірлік бағдаршамына айналып, рухани жаңғыра бермек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» деген тұжырымының өзі ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен, ғасыр сөзін айтып кеткен данышпан Абайдың рухани реформатор екенін дәлелдейді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар