Мүгедектер өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі тиіс

Мүгедектігі бар тұлғалардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында біздің өңіріміздің инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігі туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Рүстемұлы Шерияздановты әңгімеге тартқан едік.

– Алдымен, бүгінде өзектілігі жойылмаған мүгедектердің инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсаңыз.
– Мүгедектігі бар тұлғалардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі заңнамалық актілер «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау» және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы басшылыққа алынады. Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның 9-бабы қолжетімділікке арналған, онда қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен тең дәрежеде табиғи айналасына, көлікке, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жүйелерді қоса алғандағы ақпарат пен байланысқа, сондай-ақ, қалалық және ауылдық аудандарда халық үшін ашық немесе ұсынылатын басқа да нысандар мен көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелерді өз мойнына алады.
– Бұл бағытта сіздің департамент қандай жұмыстар атқаруда?
– Жалпы, мемлекет әсіресе, соңғы жылдары мүгедектерді қоғамның толыққанды мүшелері ретінде сезінуі үшін ауқымды істер атқаруда. Алайда, өмір көрсетіп отырғандай, бұл салада бәрі біз қалағандай теп-тегіс деуге болмас. Республикада әртүрлі өңірлердегі мүгедектерден арнайы әлеуметтік қызметтердің, қолжетімділіктің, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасы туралы шағымдар түсуде.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті өз өкілеттіктері шегінде «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 37-бабының негізінде осы Заңның 25-бабына сәйкес мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Әрине, шағымдар әлеуметтік немесе медициналық көмекке қатысты болғандықтан жиі жазылады. Менің ойымша, бұл табиғи процесс, ол ең алдымен адам өміріндегі қызметтерді жетілдірумен байланысты. Соған орай, шағымдардың сипаты да әртүрлі болады. 2016-2020 жылдар аралығындағы нәтижелер бойынша нысандарға бару арқылы профилактикалық бақылау шаралары мен 193 тексеріс жүргізілді, сонымен қатар, олардың нәтижелері бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою бағытында 170-тен астам актілер мен ұйғарымдар берілді. 30 лауазымды тұлға мен кәсіпкерлік субъектілері 4 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Тексерілетін нысандар меншіктің қандай түріне жатады?
– Тексерілген нысандардың 80 пайызы – мемлекеттік органдар, өйткені, мүгедектер алдымен мемлекеттік органдарға, мемлекеттік қызметтерге жүгінеді. 2017-2020 жылдар аралығында аудандық, қалалық әкімдіктер, қалалардағы, аудандардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімдері, мәдени-ойын-сауық нысандары, яғни, мәдени орталықтар, кітапханалар, денсаулық сақтау мекемелері, спорт нысандары қамтылды. Дүкендер, банктер, қонақүйлер, кафелер сияқты бизнес-құрылымдарының объектілеріне қолжетімділік құқығы бұзылған азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерінің өтініштері бойынша 40-қа жуық тексеріс жүргізілді. Мәселен, «Айгүл», «Береке» сауда үйлері, «Қазпошта» акционерлік қоғамы, «Green Which Hotels» серіктестігі, «Алмаз» шипажайы, Халық банкі филиалы, РИО сауда орталығы, Көкшетау әуежайы, Көкшетау, Бурабай, Макинск, Ақкөл станцияларының теміржол бекеттері, Көкшетау, Щучинск, Макинск автобекеттері, Ақкөлдегі жолаушыларға қызмет көрсету пункті және басқаларына ұйғарымдар берілді, заң бұзушылықтар жойылды, бүгінде РИО сауда орталығы және Көкшетау қаласының әуежайы сияқты бизнес құрылымдардың ұйғарымдарды орындауы қатаң бақылауда. Тексерілген нысандардың 90 пайызында орнатылған пандустардың көлбеу бұрышы немесе тұтқалардың биіктігі мен диаметрі стандарттарға сәйкес келмейді, санитарлық-тұрмыстық орынжайлар бейімделмеген, тұрғындарға қызмет көрсететін барлық тексерілетін объектілерде есту және көру қабілеті нашар адамдарға қолжетімділік жоқ деуге болады.
«Қазпочта» акционерлік қоғамы Астана филиалында пандус тұтқалары сәйкес келмейді, яғни, пандус басталғаннан тұтқаның дөңгелектеніп келуі жоқ. Сондай-ақ, «РИО» сауда-ойын-сауық орталығында көру қабілеті нашар адамдар үшін қауіпті аймақты уақытылы анықтауға мүмкіндік беретін баспалдақтардың алдында ескерту жолақтары жоқ. Санитарлық-тұрмыстық орынжай есігінің ені де сәйкес келмейді. Көкшетау әуежайындағы пандустың көлбеу бұрышы сәйкес келмейді, тұтқалардың биіктігі, сондай-ақ, пандусқа кіре берісте биіктігі 0,025 м болатын шек бар, бұл нысанға қол жеткізуге үлкен кедергі болып табылады. Сонымен қатар, санитарлық-тұрмыстық орынжайларда да есіктердің ені, мүгедектер арбасына арналған айналу аймағы да көңіл көншітпейді.
– Тексерулер жүргізу кезінде сіздер адамдардың осы санатын біріктіретін қоғамдық бірлестіктермен тікелей ынтымақтастық жасайсыздар ма?
– Әлбетте, мүгедектердің қоғамдық ұйымдарымен де тығыз ынтымақтастық жүзеге асырылады. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың физикалық ортаға кедергісіз қол жеткізуіне жағдай жасау үшін алдымен, визуалды және дыбыстық ақпараттық белгілер, тақталар, электронды дисплейлер сияқты құрылғылар мен жабдықтарды пайдалану, көліктік коммуникациялар арқылы жаяу жүргіншілердің қозғалысын реттейтін жол сигналдары мен құрылғылардың дыбыстық сигналдарының қайталануы, санитарлық-тұрмыстық орынжайлар, ғимараттарға кіреберістегі пандустар мен тұтқалар, айналма жолдардың сатылары, платформалар, жүретін көлік құралдарының аялдамалары, жолаушыларды түсіру және отырғызу орындары, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған автотұрақтар мен автотұрақтарда арнайы көлік құралдарын тегін қоюға арналған орындардың көрсеткіштері қажет.
Сонымен қатар, 2018 жылы «Шанс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский көлік прокуратурасымен бірге теміржол вокзалдарына, автовокзалдарға және әуежайға кіру бойынша мониторинг жұмысын жүргізді. Мониторингтің нәтижелері мен ұсынылған ұсыным негізінде біз Көкшетау әуежайын, Көкшетау, Бурабай, Ақкөл, Макинск станцияларының теміржол бекеттерін, Көкшетау қаласы, Щучинск, Макинск қалаларының автобекеттерін, Ақкөл қаласының жолаушыларға қызмет көрсету пунктін, Көкшетау қаласының әуежайын тексердік. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде ұйғарымдар шығарылып, 3 субъект 553 150 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2020 жылы «Қолжетімді Қазақстан» жобасының аймақтық үйлестірушісі, «Мен өзім жүремін» мүгедек балаларға арналған қоғамдық қордың жетекшісі Гауһар Темірғалиқызы Камелиновадан мүгедектердің қаланың әлеуметтік маңызды нысандарына қолжетімділіктің сәйкес келмеуі жөнінде, мысалы, АТФ Банк, KASSA NOVA Банкі, «РИО», Көкшетау қаласының салық басқармасы, Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, Көкшетау қалалық соты және басқалары бойынша 13 өтініш түсті. Тексеру нәтижелері бойынша субъектілерге анықталған заң бұзушылықтарды жою мерзімдері көрсетілген ұйғарымдар берілді.
– Осы талаптарды сақтамағандарға қандай шаралар қолданылады?
– Өкінішке орай, нысандардағы кемшіліктер мұнымен шектелмейді. Мүгедектерге қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызды бір жолы «ескерту» сияқты әкімшілік шараның болмауы да қинайды. Кіріс топтарына, санитарлық-тұрмыстық орынжайларға, жол қозғалысында, нысан аумағына қолжетімділіктің сәйкес келмеуіне байланысты бір өрескел бұзушылық анықталған жағдайда лауазымды тұлға және кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83-бабына сәйкес, лауазымды тұлғаларға – елу (132 550), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз жиырма (318 120), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз (530 200), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз (1 060 400) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылады. Осы заң нормасына сәйкес бір жыл ішінде әкімшілік құқық бұзушылықты қайта жасаған кезде бұдан да жоғары әкімшілік айыппұл қарастырылған. Тағы бір айтарым, Ақмола облысында тұратын жеке және заңды тұлғалардың нысанға қолжетімділігінің сәйкес келмеуі бойынша құқығы бұзылған жағдайда Көкшетау қаласы, Н.Назарбаев даңғылы, 60 мекенжайына, 8 (7162) 25-09-87 анықтама телефонына хабарласып, нақты фактілермен (фото, видеоматериалдар болса) айғақталған өтініш-шағымды ұсынуға болады. Мүгедектер өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне баршамыз болып атсалысқанымыз абзал.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбат жүргізген
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар