Маңызы терең мәңгілік мұра

Біз ұлт руханиятындағы айрықша күн республикамыздың мерекелік күнтізбесіне енгізілген – Абай күнін жүрек тебіренісімен, халықтық риясыз ризашылықпен атап өттік. Бұл бір күндік мереке емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіндегі кешегі мақаласында атап көрсеткендей, Абай Құнанбайұлының рухани реформаторлық бастамалары еліміздегі өзге мерекелердің де мән-маңызын кеңейте түсетіні анық.

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың ұйытқы болуымен, осыдан 25 жыл бұрын, Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген болатын. Бүгінгі арнайы атаумен халық рухын желпіндірген «Абай күні» ғұлама данышпанның жаһандық ауқымда кеңінен мойындалу үрдісінің тамаша жалғасы екендігіне қуанамыз. Өйткені, Абай халқымыздың ой-санасын кеңітумен қатар, ел дамуының болашақ қадамдарын көрегендікпен болжаған тамыршы екендігі күн өткен сайын мойындала түсуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты Абай тойының ауқымды бағдарламасына өзгерістер енгізілгенін, мерекелік шаралар онлай түрінде өткізіліп жатқанын айта келіп, мынадай ойтүйін жасағаны көңілден шықты: «Қиындық өтпелі, ал, Абай мұрасы мəңгілік. Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Мəселе мерейтойда емес – тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тəлім алуда. Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз. Біз ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жалықпаймыз. Əсіресе, қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды. Мен бұл жөнінде «Абай жəне ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаламда кеңінен айттым».
Мақсат биік. Биылғы жыл халықаралық «Абай жылына» айналды. Əлемнің көптеген елдері оның шығармашылығына назар аударуда. Қазақстанның бастамасымен жəне ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтуде. Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру жəне дəріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені, Абай – əлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абай танудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс. Қазір ақынның еңбектерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты жəне мақсатты жұмыстар қолға алынуда. Оның шығармалары əлемнің он тіліне аударылып, баспаға əзірленді. Бұл кітаптар жүзден астам елдің кітапханалары мен мəдени орталықтарына жіберіледі. Шетелдегі елшіліктер жанынан Абай орталықтары ашыла бастады. Ақынның шығармашылығын жүйелі зерттеу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академиясы құрылды.
Мұның өзі біздің бəсекеге қабілетті мемлекет болуымыз үшін Абай мұрасы темірқазық ретінде ұсталатынын білдіреді. Келесі жылы Қазақстан Тəуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Президент бұл тұрғыда да ілгерілеуіміздің іргетасы Абай тағылымы екендігіне екпін түсіріп отыр. Өйткені, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, Абай сақтандырған «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз. Бүгінгі күні елімізді әлемге таныту үшін Абайды оқыған, оқығанын тоқыған қазақстандықтар керек. Мұны жұртымыздың амандығы, ұлтымыздың тұтастығымен байланыстырғанымыз жөн.
Бұл міндетті Қазақстан қауымы тұтас атқаруы керек. Осы орайда, Мемлекет басшысының зиялы қауым өкілдерінің белсенділігі мен танымдық тереңдігіне назар аударғаны да құптарлық деп есептеймін. Шын мәнінде, озық ойлы зиялы қауымның пікірі әлеуметтік шиеленіс кезінде маңызды рөл атқарады. Қазір бүкіл дүниежүзі пандемия салдарымен күресіп жатыр. Әлемдік экономика көз алдымызда құлдырап, жұрттың өмір сүру салты өзгерді және бұл үрдістер күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге айналды. Міне, осындай кезде жас ұрпаққа беделді ақыл-ой иелерінің парасатты пікірі ауадай қажет.
Қазақстан Президентінің кез-келген Үндеулері, мақалалары, қызмет барысындағы күн сайынғы ұстанымдары Абай тағылымдарымен өзектес екендігін атап өткім келеді. Мәселен, ол кезек күттірмес төрт міндетті алға тартып отырғаны жұртшылық санасын сілкіндіретіні айқын: «Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі. Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн. Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Сондықтан, ұлттық идеяға қызмет ететін, туған топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет». Осының өзі тіл мәселесінің астарында үлкен саясат барын, бұл тұрғыда асығыстық пен жалаң ұрандату мемлекеттігімізге кесірін тигізуі мүмкін екендігін көрсететін қағидат екендігі ақиқат. Ұлы Абайдың көксегені, ертеңгі күніміздің еңселенуі көрініп тұрған сөздер екендігі даусыз.
Жалпы, Мемлекет басшысының «Абай – рухани реформатор» аталатын мерекелік мақаласы дала Данышпанының терең ойларын, келешектің келбетіне үңілген көрегендігін ұлықтау арқылы, сындарлы да аса жауапты кезеңді бастан кешіп отырған Қазақстанның іргелі қадамдарын қуаттандыратын сенімде екендігін білдіреді деп санаймын. Өйткені, мақалада атап көрсетілгеніндей, «Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отыр. Абай өнегесінің құны дəуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті əрі күллі адамзатқа ортақ. Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде əлемге танытуымыз керек. Түптеп келгенде, əрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс!»
Болат Мұқанов,
ауыл шаруашылығы
ғылымдарының докторы, академик,
Бурабай ауданының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар