Ұлттық толысуымыздың төте жолы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында Ұлы ақынның мұрасы мен өнегесіне қатысты пікір білдірді. Танымы мол тағылымды мақалада Абайдың рухани мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болар мәңгілік құндылық екендігі баса айтылған.

– Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек болып қала бермек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» деген болатын. Бұл тұжырым бізді ақын әлеміне терең бойлауға, жаңаша ойлауға міндеттейді, – дейді Мемлекет басшысы.
Қазақ халқының мүддесін, оның болашағын біліммен байланыстыра отырып, Абай дана өскелең ұрпақты ілім мен білімге терең бойлауға шақырды. Оның әрбір өлеңінен, қара сөзінен, халыққа деген жанашырлық, бірлікке үндей білетін бауырмашылдық, ізгілік, кең жүректілік сезіліп тұрады. Әлем халқы қазақ руханиятын Абай арқылы танып келеді.
Бұл мақалада ел Президенті ұлы ақынның ұлылығын, қайталанбас тұғырлы тұлғасын керемет сипаттаған.
– Ұлы данышпан елдік мүддені әрдайым жоғары қоюға, алған білім мен тәжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Бүкіл адамзат үшін даму үрдісін осындай ұстаным арқылы ұғыну әрдайым маңызды болмақ. Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз», –
деді Президент.
Біз өскелең ұрпақты, рухани құндылыққа шөліркеп тұрған даланы, Абай мұрасымен, ұлы ақынның нәрлі, қуаты мол құндылығымен сусындатуымыз керек. Бойына, абзалы жүрегіне, Абай өлеңдерін, Абай тағылымын терең сіңіре білген әрбір қазақ еш уақытта елін жатсынбайды. Абай мұрасын ден қойып зерделеген адам қай, қашанда да елін емірене сүйген, топырағын тамырым дейтін, әрбір қазағын жалғызына балайтын, зердесі биік жан болары сөзсіз. Абай мұрасы уақыт керуенімен ұрпақтан-ұрпаққа ұласатын, қазақ халқының аманаты болуы керек. Бүгінгі уақыт та, заман да, өмір де осыны ұғындырғандай!

Айжан БАЙМҰХАМБЕТОВА,
Зеренді №1 орта мектебінің ағылшын тілінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар