Балалар жәбір көріп, жыламасын!

Статистикалық деректерге қарағанда елімізде соңғы он жылда балаларға қатысты зорлық-зомбылық, өзге де қылмыстар көбейіп кеткен. Мәселен, 2018 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты адам өлтіру бабы бойынша – 32, адам зорлау бабымен – 114 оқиға тіркелсе, 2019 жылы адам өлтіру –15, ал, адам зорлауға қатысты – 154 жантүршіктірер жағдай орын алған.

Жуырда Сәтпаев қаласында болған оқиға кімді болмасын бейжай қалдырмады. Ай-күннің аманында бес жасар қыз жоғалып кетіп, жедел-іздестіру шараларының арқасында бала табылды. Бір сорақысы, баланы 75 жастағы егде ер адам алдап әкетіп, өз пәтерінде ұстап отырған жерінен түнде табылған. Сонда әлгі қария жұдырықтай бүлдіршін қызды қай мақсатпен ұрлаған? Бұл сорақылықты естіген Сәтпаев қаласының тұрғындары өре түрегеліп, бір адамдай қылмыстық жағдай орын алған жерге жиналған екен. Күдіктіні «өзіміз жазалаймыз» деген халық тек таңға жақын ғана тарқаған.
Сәтпаевта бес жасар қыз баланың жоғалуына қатысты қылмыс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек сол өңірдің тұрғындарына жолдаған бейнебайланыстағы сөзінде. Қазіргі таңда күдікті ұсталып тергеу амалдары жүргізілуде.
Ең бастысы, бала аман. Бірақ, бізді оның болашағы алаңдатады. Бала жүрек қандай күйде? Ана жүрек қандай күйде? Жараны жазар жан бар ма? Адамдар неге осынша азғынданып барады? Азғындарға тосқауыл бола аламыз ба? Балаларды қайтіп қорғай аламыз? Адамнан қорғаймыз ба, аурудан қорғаймыз ба? Сан сауал жүрекке маза берер емес күйдеміз, бүгін…
Балаға жәбір көрсеткенге кешірім болмауы тиіс. Қоғам биліктен осыны талап етіп отыр. Біздің білеріміз, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде балаларды өлтіру және зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты қылмыстық жаза күшейтілді. Бұрын мұндай қылмыс жасаған адам 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, бұдан былай өмір бойына түрмеге тоғытылатын болады. Ал, ату жазасына мораторий жарияланған.
– Ешкімге сене алмайтын заман туған сияқты. Бәрінен де балаларға қиын. «Анаған сенбе, мынамен ойнама, таныс біреуден кәмпит алма, сен де ешкімге ештеңе берме»,–деп. Бала болып ойнауға да мұрша бермейміз. Немерелеріме қарап отырып осындай ой түйемін. Себебі, сақтану керек. Зұлым жандар көбейіп кетті. Мен көп балалы анамын. Алты балам бар. Аллаға шүкір, немере сүйіп, бақытқа кенеліп отырмын. Бүлдіршіндерге жәбір көрсеткенге кешірім болмағаны дұрыс. Шынында да қазіргіден де қатал заң керек-ау. Өзгенің өмірін ойламаған бәлкім, өлімнен қорқып, заң барын біліп тартынып жүрер ме еді? Қаскөй қайдан шығады деп қашанғы жүреміз? – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Светлана Қадырханқызы.
Иә, қамшының қысқа сабындай қас-қағым ғұмырда ең бастысы, бейбіт күннің құшағында балалар алаңсыз, бейқам күліп жүрсе бақыт емес пе. Жалғанда балалар жәбір көріп жыламасыншы…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар