Тағдырлар тоғысы

–Жолдас Сарбасов, жолдас Сарбасов, тұрыңыз! Тұрыңыз, жолдас…
Окоптағы топыраққа жартылай көмілген жауынгер Сарбасовтың өлі-тірісін білмей, өзінің де қатты бомбылаудан есі кеткен орыс солдаты Степанның жауынгердің жаралы денесін жұлқылап отырғанына жарты сағаттай болды. Айналаны басқан қою қара түтін көз аштырар емес.
Ростов-на-Дону қаласының маңындағы шағын деревняның күнбатыс жағындағы орманның жиегіне окоп, жертөле жасап, бір түнеп шыққаны сол еді, енді міне, ойран-топыры шығып, дайындық жұмысына келген елу солдаттан қалғаны екеуі. Таңғы жетіде басталған зеңбірекпен атқылау жарты сағаттың ішінде бәрін тып-типыл қылып тына қалды. Енді аршылған жолмен көп кешікпей немістердің келері де анық.
–Жолдас Сарбасов, есіңізді жиыңыз, Қадыржан, Қадыржан тұрыңыз.
Әбден қалжырап, есі шыққан Степан енді жауынгерді екі қолдап жарты денесін жапқан топырақты қаза бастағаны сол еді, «солдат, солдат» деген дауыстан есін тез жиып алды. Артына қарағанда қара түтіннің арасынан бүгжеңдеп келе жатқан біреулерді көрді. Қасында талдырмаш қызы бар, орта жастағы үстінде сұр шекпені бар ұзын бойлы арықша бір адам Степанның қасына келіп, тізерлеп отыра кетті де:
–Солдат қалайсың, аман қалғандар бар ма? – деді. Басында не істерін білмей таңырқап қалған солдат сұқ саусағымен жартылай көмілген жауынгерді көрсетіп, үндемей қалды. Бейтаныс адам қасындағы қызбен бірге жаралы жауынгерді жалма-жан қолдарымен үйілген топырақтан аша бастады. Аршылған дененің аяқ жағынан ұстап көтермек болып тартқанда, жаралы солдаттың оң жақ аяғындағы етік снаряд жарықшағы қиып түскен аяғымен бірге бейтаныс адамның қолында қалды. Жансыз аяқты көрген қыз бала шошығаннан баж етіп, ыршып түсті де, келген ізіне қарай тұра жүгірді. Орыс жауынгері мен бейтаныс адам екеулеп жансыз жатқан жауынгерді окоп сыртына тартып шығара бергенде:
–Апа, апа,–деп тіл қатты. Оның тірі екеніне көзі жеткен Степан үстіндегі гимнастеркасын шешіп алып, жауынгердің қансыраған тізесін ораған болды. Есі бірде кіріп, бірде шығып қансырап, талықсыраған қазақ жігітін бейтаныс адаммен бірлесіп, қалың орманның шығыс бетіндегі шағын деревняның шетінде тұрған үйге әкеліп, ауызғы бөлмедегі шағын төсек-орынға жайғастырды. Орыс солдаты манағы жараны ораған гимнастеркасын ақырын алып, шаң-тозаңын қағып, жұққан қанға да қарамастан киіп алды да:
–Сізден өтініп сұраймын, мына қазақ солдаты, кеңес жауынгері жарасы өте ауыр, өлім аузында жатыр, бар көмегіңізді жасаңыз, ең бастысы қанын тоқтату керек және де жақсылап жасырыңыз. Мен штабқа барып шабуыл басталғанша үлгерсем, жігіттермен алып кетуге тырысамын,–деп жалма-жан кетіп қалды.
Ростов-на-Дону өңіріне неміс басқыншыларының алғашқы екпінді дивизиялары жақындасымен қала, аудан, деревня тұрғындарының ішінен, әсіресе, жергілікті еврей, неміс ұлтын 1941 жылғы 28 тамыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Еділ бойында тұратын немістерді қоныстарынан аудару туралы» Жарлығымен «Мыңдаған лаңкестер мен тыңшылар бар, олар Германиядан келетін хабар бойынша жарылыстар ұйымдастыруды көздейді, яғни, КСРО-ға қарсы бағытталған әрекет жасауда» деп көрсетілуі негізінде «Сенімсіз халықтар» деген айыптаумен солтүстік облыстар, Сібір, Орал, Орта Азия және қазақ жеріне қоныс аудартты. Бұл халықтардың көп бөлігін күштеп мал таситын вагондарға тиеп, Қазақ жері мен Сібірге қоныстандыру үшін үлкен науқан басталған болатын.
Қазақ солдатын жасырған үй жергілікті неміс Альберттің үйі еді. Негізі неміс ұлты болғанымен, ата-бабалары қоныс тепкен жерінің жергілікті халқының бар қасиетін бойына сіңіріп өскендіктен, орыс ұлтынан айырмашылығы шамалы. Бұл да бір тарихи кезең. Фашистік әрекет басқа ұлт пен ұлыста да болуы ғажап емес. Альберттің де неміс ұлты болғанына кінәсі жоқ, тарихтағы солақай биліктің салдарынан бірдей бір ұлт басқыншы, фашист атын жамылып отыр. Бірі – басқыншы болғанымен, бірі – сол басқыншыдан зардап шеккенді қамқорына алып, өлім алдынан құтқарып әуре.
Олар жаппай қоныстандыру басталғанда әйелі мен қызын алып, ну орманда жасырынып қалып қойған, тыныштық басталғасын үйлеріне келгендеріне бір аптадай уақыт болып еді. Ал, жалғыз ұлы Зигфрид қалада жұмыс істеп жатқан жерінен ұсталып, күшпен айдалып кеткен.
Альберт жаралы солдатты мал азығын сақтайтын сарайға әкеліп, тізесінен қиылған аяғындағы жарасын таңып, шөптің іргесіне жасырып қойды. Әлсін-әлсін аузына су тамызып, жарасын мұқият қарап жүрген Альберттің он жеті жасар қызы Линда қазақ жауынгеріне қолдан келген бар көмегін жасап бағуда.
Көп кешікпей неміс басқыншылары да деревняны басып, ілгері кетті. Шағын деревняда ешқандай тінту, қорлық, зомбылық көрсетпей, тапсырма солай болды ма екен, әйтеуір, алғы шепке асығып өте шықты. Алайда, неміс басқыншылығының алғашқы 1941 жылдың қарашаның соңындағы Донға жасаған жорығы көпке созылмай, тыныштық орнады. Шағын деревня бәз-баяғы қалпы күндерін көріп жатты. Қадыржанды сарайдан үйдегі түпкір бөлмеге әкеліп орнықтырды. Емі бар, тамағы тоқ. Тек оң тізесінен төмен айырылғаны болмаса, басқа жеңіл жарақаттары ақырын жазылып келеді. Бірде кешкі тамақ үстінде Альберт алыстан орағытып сөзін бастады:
–Балам, сен өзге ұлттың баласы болсаң да, біз саған бауыр басып қалдық. Ұлымыз Зигфридтің қайда екенін, өлі-тірісін білмейміз. Сенің денсаулығың түзелгенімен, енді соғысқа қатысуға жарамассың. Үкіметің рұқсат берсе, осында қалсаң қалай болар еді,– деп сұраулы ниетпен сөзін аяқтады.
Үйдің іші тып-тыныш, ешкім үндемейді. Ішіп отырған тамақтары да жайына қалған сияқты. Жауынгер болса, өзінің туып-өскен жері Қызылордадағы ауылын, ата-анасын, туыс-бауырларын ойлап, есін жиғалы естен кетпес сағыныш сарсаңында жүргенін жасыра алмай:
–Альберт ағай, менің туып-өскен елім бар, туған-туыс, бауырларым бар. Әскери штабты тауып, жағдайымды біліп алғаным жөн болар. Алса майданға аттанамын, алмаса елге жіберсе, елге қайтатын шығармын,–деп ажал аузынан алып қалған неміс жанұясының бірінің де көзіне тура қарай алмай, басын төмен салып жауап қатты.
21 жастағы албырт жігіттің соғыс оты қанатын шарпығаны болмаса, жүрек шіркіннің, жалын жалауының желбіреп тұрған нақ шағы емес пе, ұрланып Линда жаққа көзін бір тастап қойды. Бұл әңгіме осымен тоқталып, бұдан былай қайталанбады.
Өмір мен өлім арасында қиямет өмір кешкен кездерінде жұқатай келген неміс қызы Линданың Қадыржанға жасаған еңбегі ұшан-теңіз еді. Киімі, емі, тамағы, анда-санда аулаға шығарып таяққа сүйенсе де, оны жүргізуі, жас баладай күткені, жауынгерге деген ыстық ілтипаты, сұм тағдырды ұмыттырып жіберердей жанашырлығы, бәрі-бәрі Қадыржанды да бейжай қалдырған жоқ. Сондықтан да, жүрек түбіне ұялаған Линдаға деген бір сезім мазалап жүрген. Линда да дәл осындай сезімге бой алдырып, Қадыржанды аяушылықтан емес, шын сүйіп қалған еді.
Қазақстан. Қызылорда облысына қарасты шағын елді мекеннің біріндегі Сәкен қарттың үйі ығы-жығы адамға толы. Барлығы өздерінің көңілдерін білдіріп, қартқа басу айтуда. Кешегі күні келген қаралы хатта Кеңес Одағының жауынгері Сарбасов Қадыржан Сәкенұлы Ростов төңірегінде болған шайқаста ерлікпен қаза тапты деген бір-ақ ауыз суық хабар ауыл тұрғындарын дүр сілкіндірді. Соғыс басталмай жатып, ауыл азаматынан айырылып, сұм соғыстың әлі де талай зар илететінін іштей сезген халықтың қатты күйзеліске түскен шағы еді. Әсіресе, туған қарындасы Сәния жан қоярға жер таппай, ағасын жоқтап, шыбын жаны шырқырап жүр. Бұл абыр-сабырға түсінбеген бір ғана адам бар, ол – күздің басында ауыл басқармасы жер аударылғандарды үйді-үйге бөліп қоныстандырған шикі сары жігіт. Үй тола жанның бір-бірін құшақтап, дауыс салып жылаған көріністі бұрын-соңды көрмеген ол не болса да бір қайғылы жамандықтың болғанын іштей сезді. Сұм соғыстың зардабы қазақ жеріне де келгенін, артта қалған ата-анасы да осындай күн кешетінін ойлағанда жүрегі аузына тығылып, үйден сыртқа шығып кетті.
1942 жылдың жазында Дон өлкесінде соғыс оты тағыда күшіне енді. Іргесі ертеде қаланған Ростов қаласының сау тамтығы қалмады. Қаладан бұрын тұрғылықты халқымен қоса, қаланы қорғаған жауынгерлердің де біразы жер жастанды. Деревнялардың жағдайы да ауыр халге түсті. Кеңес әскерлері Отанының әр метрін қорғап, кескілескен шайқаста шығысқа қарай шегінуге тура келді.
Қадыржанның жағдайы да мәз емес. Қолына қару алып соғысқа қатыса алмай немесе елге оралудың амалы болмай, Альберттің жасап берген ағаш аяғымен сылтып басып, азды-көпті шаруашылығына араласып, жау басқан деревняда күнелтуге тура келді. Күндер жылжып өтіп жатты. Үйдегілермен таза орысша сөйлесетіндей тілді де әбден үйреніп алды.
Бірде кешкісін деревня сыртындағы қара жолмен қару-жарақтарын тіркеген жүк машиналары, мотоциклдары, жаяу әскері бар немістер жолдың шаңын аспанға шығарып батысқа қарай ағыла бастады. Деревня тұрғындары бірі есіктен, бірі терезеден сығалап, істің артын жақсылыққа жорып, не қуанарын, не қорқуын білмей екі ойда. Таң біліне жерді сілкіндіре тарсыл-гүрсіл, атыс-шабыс басталды да кетті. Аспанды қара бұлттай қаптаған түтін басып, бір өзгеріске түсті. Кешікпей отандық самолеттер аспанды, танкілер мен жүк машиналары жерді жайлап, батыс бағытымен ағыла бастады. Қуанышты жағдай. Деревнядағы барлық тұрғын көшеге шығып, бірі жүк көліктегі солдаттарға, бірі жаяу саппен бара жатқан солдаттарға қуаныш пен ризашылығын білдіріп, құшақтасып, гүл шоғы дейсің бе, бірі картоп, бірі нандары мен сүттерін солдаттардың қолына ұстатып, уралап, мәре-сәре болып жатыр. Альберт қуаныштан жылап жүрген Қадыржанды құшақтап, біздікілер шабуылға шықты, енді өміріміз түзеледі деп мақтаныш сезімін жасыра алмай балаша жүгіріп жүр. Екі жылға созылған бейнет, сағыныш, күйзелісі әп-сәтте ұмытылып, жүрегі жарылардай қуанғаннан көз жасына ерік берген Қадыржан «біз жеңдік, біз жеңдік» деген сөзін түсінетін жан болмаса да, айқайға басқаны аздай сүйікті әні – Қамажайын бар дауысымен айтып жолыққандардың бәрін құшақтап, есі шығып қуанып жүр.
Көп кешікпей әскери қолбасшының біріне жолығып, мән-жайды түсіндіріп, әскери билетіне соғысқа жарамсыздығы жайында мөр басылғаннан кейін, елге қайту қамына кірісті.
Үйдегілер жеңістің жақын екенін қуана сезінгенмен, Қадыржанның еліне оралуы бұларға әбден үйренісіп, бауыр басып қалғандықтан ба, қиынға соқты. Оның киімдерін дайындаған болып екі-үш күндерін өткізді. Ендігі сылтау ағаш аяғын жаңадан жасап берем деп, Альберт тағы да үш-төрт күнге созып отыр. Әйтеуір бәрі даяр болды. Қадыржанның қуанышында шек жоқ. Ертең таңертең жүретінін айтып, Қадыржан есік алдына шығып, махоркасын орап шылымын тартып отыр еді, қасына Линданың анасы келіп жайғасты. Осы екі жылдай өз анасындай қамқорлық жасаған ол Қадыржанның иығына қолын салып:
–Балам, сәтін салса, ертең еліңе жүресің. Жол амандығын берсін! Сен өте жақсы жігітсің, аман қалғаныңа қуан.
–Эмма апай, сізге көп рахмет, анамдай қамқоршы болдыңыз.
–Қадыржан, мен сенің туған анаңдай болмасам да, ана болып қалу арманым. Біздің көптеген туыстарымыз сендер жаққа күштеп қоныс аударылды. Ұлымыздың да қайда екенін білмейміз. Өз жағдайларымыз да қалай болары белгісіз. Ана болғасын қызымның болашағына қатты алаңдаймын. Егер жүрегіңде қызыма деген титтей бір сезімің болса, онда мен аналық ақ батамды берер ем…
–Эмма апай, менің де қалауым осы. Альберт ағайға айтып, ризашылығын алмақ ойым да бар еді. Мен, мен Линданы шынымен қатты ұнатамын, оған өмір бойы қарыздармын. Оны менің ата-анам, туыстарым, бәрі-бәрі қабылдайды,– деп Қадыржан да өз ойын жайып салды.
Таңғы астан кейін қарттардың батасын алып, Қадыржан мен Линда жолға шықты. Бұл шешімге Альберт пен Эмма апай көп ойланып келді. Заман мынау, үкіметтің көзқарасы анау екі оттың ортасында қалғандарына қатты күйзеліп, көптеген туған-туыстарының Қазақстан жеріне айдалып кеткендігін біле отырып, осындай байламға келген. Линданың Қадыржанмен қол ұстасып кете баруының басты себебі, ол оны шын жүрек қалауымен сүйгендігі. Қадыржансыз өмірден өз жолын таппайтынын, сүйіспеншілік бар жерде ұлт мәселесі түк шешпейтінін, бір-бірін жүрегімен ұғынғандығының арқасында осындай шешім қабылдады.
Сонау Ростовтан еліне жету жарты айға созылды. Батыс бағытты ұстанған барлығы майдан үшін, барлығы Отан үшін тиелген оқ-дәрі, азық-түлік, дәрі-дәрмегі, қосымша әскери күштері бар пойыздар мен жүк көліктерінен тоғыз жолдың торабы бос болмағандықтан, әзер дегенде Қызылордаға жетті.
Жолшыбай Линданың өз ұлтын жасыруы аздай, мені қабылдар ма екен деген ой да әбден мазасын алды. Сөйте тұра, Қадыржаннан үйренген азды-көпті қазақшасын қайталап, сөздік қорын да көбейтіп әлек.
Пошташы қарт Бейсембайдың кәрі торы биесі айдағанға да көнбей, аяғын санап басып, ағаш арбасын әзер сүйреп, түсте ауданнан шыққанымен кешке ауылдың шетіне әзер дегенде жетті-ау, әйтеуір. Қадыржан ауыл шетіне келгенде:
–Ата, сәл тоқтай тұрыңыз,–деп арбадан секіріп түсті де жол шетіндегі жусанды екі қолдап жұлып, бетіне басып, мейірлене иіскеп, көкірегін кере бір дем алып, «туған елім-ай, менің!» деп, жас баладай жерге жата қалып, аунап-аунап алды. Линда не болып жатқанын білмей, түсінбеген қалпы Қадыржанға бір, ат айдаушы пошташы ақсақалға бір қарап аң-таң.
–Линда, мынау менің де, сенің де алтын ұя мекеніміз, осы еліме аман қайтуыма, елімді көруіме себепші бірінші –Аллам, екінші – сенсің сүйіктім!– деп арба үстінде аң-таң болып отырған Линданы қос қолдап құшақтай берді. Бейсенбай қарт болса:
–Әй балалар, балалар, бар қуаныштарыңды тауысып алмаңдар, қуаныштарың әлі алда,– деп, жігітті арбаға отырғызып, үйге бет алды.
Шіркін, туған елге не жетсін! Оның табиғаты да, ауасы да, шөліңді басар суы да еш жерде кездеспейді ғой.
Бейсембай кәрі биесін шу-шулап отырып, Сәкен қарттың ауласына келіп, бірақ тоқтатты.
Міне, ғажап! Есік алдында асыр салып ойнап жүрген балалар бір мезетте тына қалып, құбыжық көргендей бажырая қарап қалды. Арасындағы үлкендеу көрші үйдің баласы:
–Ата-а-а-а, апа-а-а! Қадыржан ағам тірі, ағам тірі,–деп, қуанышты хабарды жеткізбекке үйге еніп кетті. Қалған балалар да шуылдасып үйдің есігіне сыймай жатыр. Қадыржан мен Линда арбадан түсіп, жол дорбаларын алып үйге беттегенше есік алдына шыққан ата-анасы баласын көріп, не сенерін, не сенбесін білмей аңырап тұрғанда, арғы жақтан жүгіріп шыққан қарындасы ағатайлап келіп, Қадыржанды бас салып құшақтап жатыр. Ана байғұс аяқ-қолы дірілдеп, босағаға талықсып отыра кетті. Сол кезде әкесі:
–Айналайын-ай, өлгенім тіріліп, біздей бейбақты қолдағаның ба, Аллам! Сенейін бе, сенбейін бе келші, құлыным,–деп самайынан сорғалаған көз жасына ерік беріп, өлді деген жалғыз ұлын қызымен қоса құшақтай алды. Осы кезде анасы да есін жиып, тізерлеп келіп, баласының аяғын құшақтай жығылып, ұлының ағаш аяғын сүйіп:
–Ботам-ай, ботам, еліңе аман-есен жеткізген аяғыңа құлдық, ана жүрегім өлгеніңе сенбеп еді,–деп, екі жылдан артық құсадан семіп қалған жүрегін жібітіп, ауылды басына көтеріп, ағыл-тегіл жылап жатыр.
Сәлден соң мауқын басқан ата-ана Бейсембай қартқа рахметтерін жаудырып, жанында тұрған қызға таяп келе жатқанда, Қадыржан:
–Әке, бұл Линда, сендердің келіндерің, – деп қыздың қолынан ұстап, ата-анасына қарай жақындай бергенде, адамдардың арт жағында тұрған осы үйде жүрген сары жігіт оны бірден танып:
–Мынау менің қарындасым, Линда ғой!–деп, құшақтай алды. Линда да ойламаған жерден өзінің туған бауыры Зигфридті аман-есен көргеніне қатты қуанып, көз жасына ерік берді…

Қаратай ТӨЛЕКЕЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар