Жасөспірімдерге зорлық-зомбылық көрсету көбейіп барады

Ақмола облысында 2019 жылы жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты кәмелетке толмаған 49 жасөспірімге қатысты қылмыс жасалған екен. 2018 жылы бұндай қылмыс санының 39 болғанын ескерсек, кәмелетке толмағандарға қатысты зомбылықтың көбейіп бара жатқанын аңғаруға болады.

Құқықтық статистика комитеті басқармасының аға прокуроры Д.Омаржановтың айтуынша, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың көбеюі бұл мәселеге құқық қорғау органдары тарапынан ерекше назар аудару қажеттігін көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы бірқатар қылмысқа, соның ішінде жасөспірімдерге қатысты зомбылықтарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда, 2020 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс үшін 20 жыл немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау жөнінде өзгеріс енгізілді. Қоғам тарапынан заңдағы бұндай өзгеріс оң қабылданғанын атап өткен жөн. Өйткені, ертеңгі еліміздің тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа қатысты бұндай қатыгез қылмыстар лайықты жазасын алуы тиіс.
Өкінішке орай, бар болашағы алда дейтін жастағы кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс қатары кемитін түрі жоқ және ондай қылмыстар баланың тәнін ғана жаралап қоймай, психологиялық жағынан да орасан зор зардабын тигізетіні белгілі. Зомбылыққа ұшыраған бала ұзақ жылдар, тіпті өмір бойына созылатын психикалық жағынан аса ауыр соққы алады. Сондықтан, мұндай қылмысты жасағандарды аяусыз жазалау өз алдына, ең бастысы оған жол бермеу шараларын жасау қажет.
Құқықтық статистика комитеті басқармасының аға прокуроры Д.Омаржанов қылмыстың алдын алуда ата-аналардың балаларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуінің маңызы зор екендігін айтады. Бүгінде «педофиль» деп ат қойып, айдар таққан жасөспірімдерге зомбылық жасаушы қылмыскерлердің әрекетіне талдау жасау көрсеткендей, ондайлар көбіне балаларды түрлі сыйлықтар беремін деп алдап, өздерінің қаскөй ниеттерін жүзеге асырып жатады екен. Осыған орай, ата-аналар балаларына бейтаныс адаммен сөйлеспеу, түрлі сыйлықтар алмау қажеттігін ескертіп, балаларын осындай қылмыскерлерден аулақ болуына назар аударулары қажет. Ата-ана балаларын бір сәт те көзден таса қылмай, бақылауда ұстағандары жөн дейді құқықтық статистика комитеті басқармасының аға прокуроры.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика комитеті осы орайда өз порталында ( http://infopublic.pravstat.kz) кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зомбылық сипатындағы қылмыс жасаған адамдар туралы барлық деректерді орналастырған. Порталға кез-келген адам кіріп, қажетті мәліметтерді көрулеріне болады. Сонымен бірге, порталға осы сипаттағы қылмысқа бейім құқық органдарының есебінде тұрғындардың да тізімі берілген. Әлгі азаматтар қоныс аударған жағдайда порталдағы деректерге тиісті өзгерістер енгізіліп отырылады.
Қазіргі күні Ақмола облысының аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасауға бейім 12 адам есепте тұр. Олардың 5-уі Көкшетау қаласында болса, 2-уі Атбасар ауданында, Аршалы, Бұланды, Бурабай, Есіл және Целиноград аудандарында бір адамнан бар. Олар туралы толық деректер жоғарыда айтылған комитеттің порталында берілген. Өз балаларының болашағын ойлайтын ата-ана порталға кіріп, қаскөйлердің қай жерде тұратынын, түр-түсін, аты-жөнін де біліп алғаны артық болмайды.
Таяуда ғана Қарағанды облысының Сәтпаев қаласында болған оқиға барша қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызды. Бес жастағы бүлдіршінді зорлаған арсызды өз қолдарымен жазалағысы келген қала тұрғындарының ашу-ызасын түсінуге болады. Дегенмен де, құқықтық мемлекетте барлық қылмыс заң арқылы шешімін табуы тиіс екенін естен шығармауымыз қажет.  Ең бастысы, ата-аналар балаларының осындай қылмыскерлердің қолына түсіп қалуына жол бермейтін шараларды жасағандары дұрыс болар еді.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар