Науқастарды жанының жылуымен де емдейді

Науқастарды жанының  жылуымен де емдейді

Бұл күндері Көкшетау қалалық №1 емхананың учаскелік мейірбикесі Зәуреш Қожанова Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің коронавирусқа шалдыққан науқастар емделіп жатқан бөлімшесінде еңбек етіп жүр. Ол өзінің әріптестерімен бірге екі апталық вахталық кезекке осымен төртінші рет шығып отыр.

Біз мейірбикемен Зеренді ауданындағы медицина қызметкерлерін оңалтуға арналған демалыс базасында әріптес құрбыларымен дем алып жатқанда хабарласа алдық.
– Мен Ресейдің Түмен облысында туып-өстім. Бала кезімнен ақ халатты адамдарды жақсы көрдім. Соларға ұқсап, ауырып жатқан адамдарға көмектескім келді. Сондықтан, мектеп бітіргеннен кейін мамандық таңдау бойынша көп ойланған жоқпын, медицина саласына баратыным анық болды. Ишим қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, оны қызығушылықпен оқып бітірдім, –дейді Зәуреш Оразақызы.
Қолына диплом алған соң, бірден сонда жұмысқа кірісіп кетуді ойлайды. Бірақ, белгілі бір себептермен Көкшетау қаласына туысқандарына қонаққа келіп, содан осындағы қалалық емханаға барады. Кешегі студентті мұнда бірауыз артық сөзсіз жұмысқа алады. Ынтасы мен талабын байқаған басшылық оған үміт артады. Жас маман жұмыс барысында ұжымға да тез сіңісіп кетеді. Сөйтіп, осында еңбек жолын бастайды. Үміт артып отырған жалғыз ұлы Дінмұхамед те осында дүниеге келеді. Арман қуған жас маман осылайша көкшетаулықтардың қатарына қосылып кетеді. Қазір жаңадан ашылған №1 қалалық емханаға учаскесімен бірге көшіпті.
– Маған адамдармен жұмыс істеген ұнайды. Оларды тексеріске шақырып, скринингтен өткізу, өз пациенттеріңе кеңес беру қай жағынан болсын әрі жауапты, әрі адамгершілікті танытатын жұмыс. Әрине, арасында қиындықтар кездеседі, өйткені, адамдардың мінез-құлқы әртүрлі. Әсіресе, қарттар жағы тынышсыздау келеді, мұндай кезде психолог та болып қаламыз, – деп, езуіне күлкі үйірілген мейірбикенің жұмысына деген адал ниеті жарқын дауысынан сезіліп-ақ тұрды.
Ол жан-тәнімен осы мамандыққа берілген жан. Кешкісін пациенттері телефонмен де хабарласады және олардың әрқайсысына медициналық кеңес немесе қолдау керек. Кейде ұлы «сіздің телефоныңыз бір мезгіл үнсіз жата ала ма?» деп сұрайды екен. Жақында ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қосымша жұмысқа орналасыпты. Ол ана ретінде өмірдің қиын жағдайына түсіп қалған балаларды аяйды. Олардың көбінің денсаулығы нашар, ал, кейбірі біреудің оларды тыңдағанын қалайды, жан-жағындағылардан жылылық күтеді екен.
Коронавирус індеті елімізге жеткенде, онымен күресуге жұмылдыратын медицина қызметкерлерінің тізімін жинай бастағанда, Зәуреш те ешбір ойланбастан, ұлының келісімін ғана алып, осы тізімге қосылыпты.
– Анашым, сен ақ халат киіп жүрсің ғой, індетке шалдыққан адамдарға көмектесу сенің міндетің, – депті ұлы оны алғашқы ұзақ кезекшілікке шығарып салғанда.
Вирус жұқтырып алудан Зәуреш Қожанова еш қорықпаған. Оларға өздерін қорғануға оқытқан жаттығулар мен консультация-лар көп көмек болыпты. Барлық ережелерді сақтап жүрген. Ол қорғаныс костюмдерін санаулы минуттарда-ақ киіп үлгереді. Ал, сегіз сағаттық жұмыс кезінде оларды әрбір үш сағат сайын ауыстырып отырады. Ұлы Дінмұхамед те күн сайын анасына бейнеқоңырау арқылы хабарласып, оны қолдап отырады. Алайда, аты жаман бұл жұқпадан қорғану бәрібір мүмкін болмай шықты. Індетті жұқтырып алып, екі апталық ем қабылдап, бар күшін жинап, енді қалпына келіпті. Бұл соққыға қарсы тұра алған З.Қожанова одан кейін де кері шегінген жоқ. Медицина қызметкерлері жетіспей жатқанда, олай істеуге менің арым жібермейді дейді. Сондықтан да, ол осы күндері коронавируспен күрестің алғы шебінде вахталық жұмысын әрі жалғастыруда.
– Мен баламмен үнемі байланыстамын. Пациенттерім де хабарласып тұрады. Тіпті, кәмелетке толмағандардың бейімделу орталығындағы жасөспірімдер де телефон шалады. Сенің бар екеніңді ұмытпай хабарласқандары қандай керемет. Дінмұхамед кішкентай кезінде полицей болуды армандайтын, бала қиялмен адамдарды қылмыскерлерден қорғағысы келетін. Бір күні даладан үйге жүгіріп келіп, «Анашым, мен дәрігер боламын. Мен де ақ халат кигім келеді» деді. Бұл ниеті мамандық таңдауда шынайы болса деп тілеймін, –дейді Зәуреш Оразақызы.
Бүгінде З.Қожанова өз әріптестерімен бірге жұқпалы аурулар госпиталінде індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге көмектесуде. Онымен бірге, қалалық емхананың басқа да мейірбикелері осындай жауапты сәтте науқастарды жаман аурудан емдеуге ат салысуда. Олар тәжірибелі дәрігер, бөлімше меңгерушісі Лилия Высоцкая, оның жетекшілігімен жұмыс істеп жүрген Гүлмира Байсейітова, Анар Магафина.
– Біз әрбір науқас үшін уайым кешеміз. Олар жатқан бокстарға бірнеше мәрте барып, қандай да бір көмек керек болса, қол ұшын созамыз. Оларға осындай қиын сәтте қай жағынан болсын көңіл бөліп, көмектесуіміз керек. Себебі мен де бұл індетпен ауырып, емделіп шыққаннан кейін мұның бәрі қандай ауыр екенін жақсы түсінемін, – деді З.Оразақызы.
Кезекшілік уақыты аяқталған соң, мейірбикелер тағы да коронавирусқа анализ тапсырады. Індет анықталмаса біздің кейіпкеріміз де бір күнге үйіне, ұлына барады. Содан кейін қайта кезегіне шығады, себебі, оны COVID-19 диагнозы қойылған науқастар күтуде.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *