Қорғалжында вирус жұққан соңғы науқас жазылып шықты

Қорғалжын ауданындағы провизорлық станционарда коронавирус инфекциясынан ем қабылдаған ең соңғы науқас ауруханадан шықты. Елу науқасқа шақталған станционар үстіміздегі жылдың 16 маусымында ашылған болатын.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегі бойынша, карантиндік шектеу шаралары өңірде эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда облыстағы провизорлық станционарлардың 35 пайызында ғана науқастар орналасқан. Кейбір аудандардағы бөлімшелерде 2-3 адам ғана жұмыс істейді. Бүгін Қорғалжын аудандық ауруханасының жанынан ашылған провизорлық станционарда коронавирустан сауыққан науқастардың соңғысы үйіне жіберілді. Қауіпті дерттен құлан таза сауығып шыққан науқас 43 жастағы Берік Рыспаев дәрігерлерге 13 оттегі концентратын сатып алуға көмектескен екен, сондай-ақ, науқастарға қымыз жеткізумен айналысыпты. Ол өзін жайсыз сезініп, қан қысымы көтерілгендіктен дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Рентгенографиядан кейін оған «өкпенің қабынуы» диагнозы қойылыпты.
– Мені аяққа тұрғызған бүгінгі күннің батырлары – дәрігерлерге айтар алғысым шексіз. Өздерінің денсаулығын қатерге тіге отырып, науқастарды емдеуде кәсіби шеберлік танытты. Мен әзірге осы провизорлық станционардан жазылып шыққан соңғы науқас болғаныма қуанамын. Енді мұнда ешкім ауырып түспесін. Бұдан былай індет өршіп таралмайды деп үміттенемін, – дейді Берік Рыспаев.
Аудандық станционар 50 науқасқа арналған. Онда ашылғаннан бері жергілікті тұрғындардан бөлек, Целиноград және Ақкөл аудандарынан жеткізілген барлығы 179 адам емделген. Аудандық аурухананың бас дәрігері Марал Архабаеваның айтуынша, мұнда бес күннің ішінде небары 2 науқас түскен. Палаталар босап қалғанына қарамастан, провизорлық бөлімше жабылмайды, тек консервіленеді. Бұл егер жағдай ушығатын болса, станционар жұмысы қайтадан жанданады деген сөз. Жалпы, ауруханада медициналық препараттар мен жабдықтар жеткілікті көлемде.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар