Көптен күткен көпір құрылысы қолға алынды

Заречный ауылының тұрғындары әртүрлі өкілетті орындарға, бұқаралық ақпарат құралдарына ауыз сумен қамтамасыз етудің нашарлығы және Шағалалы су қоймасындағы өткелдегі көпірді жыл сайынғы қарғын судың жуып кететіндігі жайлы үнемі шағымданумен болды. Бұл туралы БАҚ арқылы тиісті дабылдар да қағылған. Жуырда осынау өзекті мәселелерді көтеріп жүргендердің бірі Табылды Тезекбаев журналистерге ауылға келіп кетуге ұсыныс жасады. Бұл жолғы сапарымыз жақсы жаңалыққа негізделген екен.

Ауылға кіреберістегі ескі көпір алаңында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ауыр техникалар (5 дана) аталған нысанның айналасын мықтап, темірбетон сыналары мен тіреніштерін орнатып қойыпты, тіпті, ауылға бастар баламалы техникалық жол да төселіп қойыпты. Көп ұзамай ауыл тұрғындары айналма жолдар мен қауіпті өткелдерден құтылып, облыс орталығы мен Зеренді бағытындағы күре жолға заматта жететін болады.
– Ендігі жерде ауылымыздың одан әрі дамуына сенім қалыптасты, жұртшылықтың көңілі де көтеріңкі, – дейді Табылды Тезекбаев жүзі нұрланып. Қарапайым әрі өте маңызды мысал келтірейін: ауылымыздан біршама үйдің сатылатындығы жөніндегі тақтайшалар және бос тұрған мал шаруашылығы базасының саудаға шығарылатыны туралы сайт жарнамасы алып тасталды. Тіпті, біздегі жылжымайтын мүлікке қызығушылық танытып жатқандар да бар. Соңғы күндері ауылдастарымның біршамасы, сырттан көмек сұрамай-ақ, аулаларынан құдық қаздырып алуда, үйлер әрленіп, бақшалар алғашқы жемісін беріп жатыр. Іргеміздегі су қоймасында балықтың бірнеше түрі кездеседі. Табиғаты тамаша ауылымыз Көкшетауға жақын. Күні ертең біздің өңір белсенді демалыс аймағына айналуы да мүмкін. Мұның өзі Заречныйдың бұрынғыдай болашағы зор әрі табысты ауылдар қатарына қосылатындығын аңғартады.
Бізді көпір құрылысымен мердігер компанияның өкілі, «Бука» ЖШС бас инженері Рүстем Тұржанов таныстырды. Мұндағы жұмыстар маусым айында басталған. Қажетті материалдар келісім- шарт бойынша жеткізілуде. Вахталық қалашықта 45 адам ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұлардың арасында жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен келген жеті адам бар.
– Көпірдің ұзындығы 76 метр. Нысанның жалпы құны 320 миллион теңгені құрайды. Мұнда республикалық бюджеттен 34 миллион, облыстық қазынадан 62 миллион теңге бөлініп отыр. Келісім-шартта Зеренді трассасынан ауылға кіреберіске дейінгі жолға асфальт төсеу де қарастырылған. Құрылыс келесі жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарлануда. Бірақ, жұмыстың қазіргі қарқыны, қаржыландыру кестесі сақталған жағдайда, қолға алған істі биылғы желтоқсанда бітіруге мүмкіндік береді, – дейді Р.Тұржанов.
Осы ретте жергілікті негізгі мектеп ұжымы көптен күткен тағы бір нысан іске қосылғанын атап өтуіміз керек. Мұнда жеке скважиналық құдық пайдалануға беріліп, мамандар ауыз судың сапасына жоғары бағасын беріпті. Қазіргі күні жылы дәретхана, септик құрылысы жүргізіліп жатыр. Қажетті қаржы Зеренді аудандық білім бөлімінен бөлінген. Мектептегі жыл сайынғы ағымдағы жөндеу жұмыстары мәреге жетуге жақын, ғимаратта заманауи бейнекамералар орнатылыпты.
Әйткенмен, мектеп директорының міндетін атқарушы Алмас Құрмашев бізбен тілдескенде коронавирус індетіне қатысты өзекті мәселе орын алып отырғанын айтты. «Оқушылар биылғы төртінші тоқсандағы сабақтарды алшақтық әдісімен оқыды. Осы аралықта мұғалімдер мен оқушылар күрделі жағдайды бастан кешкені әлі күнге ұмытылмайды. Әртүрлі желі операторларына қосылған интернет байланысы тиісті тексеріс сынағынан өтпегендіктен, жұмыс барысында қиындыққа тап болдық. Интернетке қосылудың және тапсырмалар мен жауаптардың желіге қосылуының сын көтермейтіні жүйкені тоздырғанын жасыра алмаймыз», – дейді мектеп басшысы.
Шындығында, мектеп үшін ұялы байланыстың 4G форматы ауадай қажет екендігі көрініп тұр. Оқушылар санының аздығынан білім ұясына жаңа оқу жылын тиісті қауіпсіздік шараларын, маскалық және әлеуметтік арақашықтық режимін сақтай отырып, сабақты кәдуілгі тәсілмен жүргізуге рұқсат берілген. Мұндай жағдайда интернетке қатысты келеңсіздік сақталатын болса, білім беру сапасының төмендейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ауыл тұрғындарының жергілікті ұялы байланыс өкілдері осынау аса өзекті мәселеге көңіл аударуы қажет деген тілегін орынды деп білеміз.
Журналистермен кездесуде ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жобалау-сметалық құжат дайындалып жатқанынан хабардар болдық. Осы орайда, жергілікті ақсақал Михаил Бережной жұртшылық асыға күтіп отырған игі істің ұзақ-сонарға салынбауын қалайтындығын білдірді. Ол суды көршісінен алады екен. Ал, өзге қариялардың құдық қаздыруға шамасы жетпейді.
Табылды Тезекбаев аудан әкімшілігі бұл мәселенің де оңтайлы шешілуіне уәде бергенін, жұртшылық жақсы үміттер жетегінде екендігін жеткізді.

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар