Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына депутат сайланды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына  депутат сайланды

Кеше Көкшетауда «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сай-лауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы болып өтті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Ақмола облысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер ретінде Ақмола облысынан үш кандидат ұсынылды. Олар, Зеренді аудандық мәслихатының және Көкшетау қалалық мәслихатының сессияларында ұсынылған Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Нұрлан Жексембайұлы Бекенов және өзін-өзі ұсынған Ақмола көп бейінді облыстық ауруханасының директоры Нұрлан Қайырұлы Жаров пен Көкшетаудағы IT-мектеп-лицейінің директоры Айнагүл Қыдырбайқызы Балташева.
Көкшетау қаласындағы теннис орталығы спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлау жөнінде болып өткен сайлаушылардың бірлескен мәжілісінде алдымен, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов хабарлама жасап, сайлауға өңіріміздегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан бір топ бақылаушылардың, депутаттыққа кандидаттардың өздері мен жұрт сенген өкілдерінің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысып отырғандығын айта келе, жиналғандарды осы айтулы оқиғамен құттықтады.
Бұдан кейін сайлаушылардың депутаттыққа үміткерлерге беретін дауысын санау үшін санақ комиссиясы құрылды. Дауыс берудің тәртібі хабарланған соң сайлаушылар сайлау комиссиясы мүшелерінен дауыс беруге бюллетеньдер алып, жабық кабиналарда өздері қалаған үміткерлерді таңдай келе, бюллетеньдерін жәшікке салды. Мұның бәрі бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің көз алдында ашық жағдайда өтті.
Бюллетеньдер салынған жәшік жиналғандардың көз алдында ашылғаннан кейін үміткерлерге берген дауыстарды санау басталды. Аздаған толқулы сәттен соң, сайлаушылардың бәрі сайлаудың соңғы қорытындысын тыңдауға жиналды. Сөйтіп, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтың жасаған хабарламасы бойынша сайлауға қатысқан 240 депутаттың 213-і немесе 89,5 пайызы Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат Нұрлан Жексембайұлы Бекеновты жақтап дауыс бергендігі белгілі болды. Ал, екінші үміткер Нұрлан Қайырұлы Жаров 12 дауыс-пен 5,04 пайыз, үшінші үміткер Айнагүл Қыдырбайқызы Балташева 13 дауыспен 5,46 пайыз дауыс жинады. Екі бюллетень жарамсыз деп танылды.
Осылайша бұл сайлауда сайлаушы депутаттардың басым көпшілігінің дауысын иеленген Нұрлан Бекенов жеңіске жетті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтың мәлімдеуінше, Парламент Сенатына депутаттыққа ең көп дауыс жинаған үміткердің Парламент Сенатына депутат болып сайланғаны Орталық сайлау комиссиясының хабарынан кейін сайлау өткізілген күннен бастап жеті күннен кешіктірілмей анықталады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек Мағзұмов.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *