Қоғамның тұрақтылығы алдындағы жауапкершілікті ұмытпайық!

Қоғамның тұрақтылығы алдындағы жауапкершілікті ұмытпайық!

2020 жылдың 12 тамызы Қазақстан бойынша Парламент Сенатының сайлауы болып өтті.

Бұл біздің еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға. Конституция бойынша Қазақстанда қос Парламенттік жүйе болса, Мәжіліс төменгі, ал, Сенат жоғарғы палата болып саналады.

Сенаттың заң қабылдаудағы орны ерекше болып келеді. Барлық заң атаулы Мәжілісте әбден талқыланып барып, Сенатқа келеді. Міне осы арада қабылданар заңның иін қандырудың, жетілдірудің қыруар жұмысы басталады. Бұл арада жоғарғы палата депутаттарының білімділіктері мен біліктіліктері және саяси өрелерінің биіктігі аса қажет. Сенат депутаттары осы бір биік талап пен сенім биігінен көрініп келеді. Кез-келген заң Сенат талқысынан өтіп барып қана Президентке қол қоюға жіберіледі.

Өз басым Парламентті парасат мектебі санаймын.Өйткені Парламентке депутат болу кез-келгеннің маңдайына жазыла бермесі бар. Соның ішінде Сенат депутаты болу үлкен абырой! Кезінде Міржақып Дулатов «Жақсы адам болу үшін депутат болу шарт емес, ал, депутат болу үшін жақсы болу шарт» дегені бар еді. Сол айтқанындай кешегі Сенат сайлауында әр өңірден жақсылар сайланғандықтарына бек сенімдімін. Біздің Ақмола өңірінен сайланған Нұрлан Бекенов білікті маман, жергілікті жағдайды жақсы біледі. Абыройлы қызмет жасауына тілектеспін!

Жалпы заман үлкен өзгеріске бет түзеді. Соның ішінде қазақ қоғамы да оянды. Ендігі арада халықтың ой пікірлерімен санасу жағына келгенде Парламент депутаттары басты рөл атқаруға тиісті. Бұрын да солай болды! Әлі де солай болары анық! Кезінде Сенат депутаты болғанымда өңірлерге шығып халықпен кездесіп, Парламентте атқарылған істер, қабылданған заңдар жайлы айтып беретінбіз. Сосын сол арада халықтың да тілектерін тыңдап жазып алып кейін депутаттық сауал жасар Үкімет назарына ұсынатынбыз, Депутат пен халықтың арасындағы байланыс осы тұрғыдан жалғасып жататын.

Соңғы уақытта сынның ең көп айтылып жүрген нысаны осы Парламент болды! Жаным ауырады. Ерінбегеннің барлығы парламентті оның депутаттарын сынайтын болды. Сонда Парламентте отырғандарда жүрек жоқ па, олардың да жаны елі мен халқына ашымай ма екен? Талай сөз айтылды! Енді келіп осы қос палата қажет пе деген сөз талқы басталып кеткен сыңайлы. Ата заңда бекітілген қос палаталы жүйені дәл қазіргідей елең алаң тұста өзгертудің қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Елдегі саяси жағдайды ушықтыруға жол бермеуге тиістіміз, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Қазақ халқы тарихтың сындарлы кезеңінде тұр» деген сөзіне терең үңілгеніміз жөн. Рас біз сындарлы кезеңде тұрмыз! Қазақтың тәуелсіздігінің жүгін аударып алмаймыз ба, сол қасиетті тәуелсіздік жүгін мына індеті мен міндеті дендеп тұрған қатал заманның сынынан ел болып алып шыға аламыз ба? Міне бізді осы мәселе толғандыруға тиісті.

Асықпайық, аптықпайық! Біздің ісімізге баға берер, жетістігімді жетілдіріп айтар, кемшілігімізді де түзеп әкетер ұрпақ бар ғой, келер ұрпақ та санамен зерделер бәрін де! Ал, бүгінгі міндет қазақ елінің бірлігін сақтау! Елің тыныш болса, өзің де тыныш боларсың! Сондықтан дәл қазіргі жағдайда тығырықтан тыныштықпен, дағдарыстан даңғазалықпен емес, салиқалы оймен іскерлік қабілетімізбен шығуға тырысайық! Әйтеуір елдің шырқы бұзылмасын! Саяси өзгерістер кезеңі де келер, тек соған сабыр сақтап жетейік!

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *