Қой шаруашылығын құнттасақ…

Жұмыр жердің бетін жаман тұмау жайлағалы әлемнің әр қиырында азық-түлікке алаңдаушылық пайда бола бастады. Дастарханды толтыратын адал астың бірі – қой еті. Бірақ, өкінішке орай, бұл саланы дамыту назарға алынбай жүр. Облыста 600 мыңға таяу қой бар. Екі пайызы ғана асыл тұқымды. Қой етін өңдейтін кәсіпорын жоқтың қасы. Жүні мен терісі өңделмей, рәсуа болып жатыр.

Бағымдағы малдың 62 мыңға жуығы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, 107 мыңы шаруа қожалықтарының еншісінде. Қалғанын малсақ қауым, жеке шаруа бағып отыр. Облыста бірде-бір бірыңғай қой шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылық жоқ. Қой еті өтімді болса да ұсақ мал бағып, пайда табайықшы, өрісті қойға толтырайықшы деп ұмтылып отырғандар байқалмайды. Оның бірінші себебі, жоғарыда айтып өткен қой етін өңдейтін кәсіпорынның жоқтығы. Жалғыз кәсіпорын Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды елді мекенінде ғана. Демек, жүздеп, мыңдап қой өсірген серіктестік қой етін ұқсата алмайды. Союының өзі сойылдай мәселе. Егер жүздеп, мыңдап қой бақса, қайда өткізер еді?! Бір-бірден сатып қай уақытта нәпақа таппақ? Тұсау болып отырған тұсы осы.
Ірі шаруашылықтар мал бағып жатыр деген аты үшін ғана азын-аулақ қой ұстап отыр. «Жайылым туралы» заң талаптарын бұзбау үшін. Мәселенің мәнісін жақсы білетіндердің айтуына қарағанда, пайдаланып отырған жердің 20 пайызы кәдеге асып жатса, ешкім де көз аларта алмайды. Сол үшін ғана керек.
Екінші мәселе, қой өсірген малсақ қауым пайда көрсе етінен ғана көреді, жүні мен терісінің көк тиын құны жоқ. Оның өзіндік себебі, негізінен қолда бар ұсақ малдың қылшық жүнді болуынан. Қой жүнінің қадірлісі – биязы жүнді мал. Оны өсіруге жайылымның жайы қолбайлау. Көкшетау мен Қараөткелдің арасындағы жалпақ жонда негізінен ақселеу мен қаудан шөбі өседі. Бұл өсімдіктердің басындағы ине шөп қой терісіне қадалып, ауруға ұшырауына себепші болып жатады. Терісінің бағаланбауы да сол себепті. Сондықтан, мал жайын білетін қауым қылшық жүнді қой өсіруге көшкен. Әрине, ертеректе биязы жүн әлдеқайда қымбат бағаланатын. Қазір екеуі де қадірсіз.
–Орташа есеппен қылшықты жүннің бір келісі 45 теңге шамасында,–дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов,–онда да алушы жоқ. Облыс орталығындағы «Киіз» акционерлік қоғамы жүн қабылдағанымен, көлемі аз. Оның өзінде де жүннің сапасына орай оңтүстік өңірден жеткізеді.
Жүнді тазалау, жуу машақаты көп шаруа ғой…
Сараптамашылардың пікіріне ден қойсақ, өркениет өрістеген сайын әлмисақтан халқымыздың игілігіне жарап келген қой жүнін синтепон тәрізді материалдар біржола ығыстырып тастаған. Тек соңғы уақытта ғана табиғи жылу беретін материалдарға сұраныс біртіндеп артып келеді. Негізі қалауын тапқанға қазына іспетті қой терісі мен жүнді кәдеге асыру жайы талайдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Осы орайда, қой жүнінің иен жатқан байлық екендігін кәсіпкерлердің назарына ұсына кетелікші. Көкшетау қаласының іргесіндегі Нұрлыкөш ауылындағы тас басып, тау асып келген біраз ағайын жұмыссыз отыр. Жүн жайын бір білсе, солар біледі.
–Моңғолияда бір шөкім жүн далада қалмайды,–дейді Мырзабек Мұңсызбек,–ол жақта киген киіміміз, тұрмыстық бұйымымыз тері мен жүннен жасалады. Тоғыз қабат торқадан тоқты терісінің артық екендігін жақсы білетін едік. Экологиялық жағынан таза киімдерді киіп, ауру-сырқаудан ада болып өстік. Қазір не қат, киіз үй қат. Облыс орталығының іргесінде жазғы демалыс орындары ашылып жатыр. Иелері алты қанат, сегіз қанат киіз үй іздеп шапқылауда. Тіпті киіз үйді жазғы демалыс кезінде балалар лагерьлерінде де пайдалануға әбден болар еді. Егер қой жүнін кәдеге асыратын кәсіпорын ұйымдастырса, істің жайын білетін мамандар бар. Киіз үйді жұрт той-томалаққа, асқа жиі пайдаланады. Осы істі өндірістік жолға қойса, қой баққан халыққа да, былайғы жұртқа да тиімді екендігінде дау жоқ.
Мал тұқымын асылдандыруға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен, үстіміздегі жылдың тамыз айының басынан бастап күшіне енген «Мал тұқымын асылдандыру туралы» ережеге сәйкес ел ішінен асыл тұқымды қой сатып алған мал иесіне 15 мың теңге, ал, шетелден асыл тұқымды қошқар сатып алса әр басына 150 мың теңге субсидия төленеді екен. Бәлкім, салаға серпін беретін көмек осы болар. Әйтпесе, тұқымы жаңартылмағандықтан әбден азып кетті.
–Өткен Құрбан айтында 15-20 келі ет беретін тоқтылар елу мың теңгеден сатылды,–дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Алпысбай Тұрсынбай,–демек, елдегі ағайын үшін табыстың бір көзі – қой шаруашылығы десек, қателеспейтін шығармыз. Былайғы уақытта да базардағы қой етінің әр келісі екі мың теңгеден жоғары тұрады ғой. Демек, ауылда екі қолын алдына сыйғыза алмай қарап отырған жұрт 15-20 қой ұстаса, тәп-тәуір табыс табар еді.
Қой етінің нарықтағы бағасының өсуіне басының аздығы себепші. Облыс жайылымдарын қойға толтырсақ, өзіндік құны өзге түлікке қарағанда арзан қой етінің бағасы да сәл төмендер еді. Соңғы уақытта жалпақ жұртты жаман тұмау жайлағалы қой еті, әсіресе, құйрық майы адам ағзасына пайдалы деген соң, сұраныс та көбейіп келеді.
–Жылына төрт мың тоннаға жуық қой еті өндіріледі,–басқарма басшысының орынбасары Қасым Итқұсов,–оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамту бағдарламасына сәйкес астананың сауда сөрелеріне ұсынылатын өнім де бар. Өкінішке орай қой етін өңдейтін кәсіпорындардың болмауынан бар дүниені ұқсата алмай отырмыз.
Қазіргі уақытта Ақмола жайылымдарында өрістеген қойдың дені тұқымы белгісіз, әлденеше будандасып тұқымы әбден азған мал. Қой тұқымын асылдандырумен айналысатын селекциялық шаруашылық мүлде жоқ. Ел ішінде қазір құйрықты қойға деген қызығушылық басым. Бірақ, оған қол жете бермейді. Ерейментау ауданында Ресейден егіз, әйтпесе үшем қозы табатын Романов тұқымды қойларын әкеліп бағуға ұмтылыс жасағандар болған. Бірақ, әлдебір себептермен өрістете алмапты.
–Қой шаруашылығы кешегі кеңес заманынан бері күйттелген емес. Саланың орын алып отырған мәселелерінің бәрі ұмыт қалды,–дейді «Асно Көкше» серіктестігінің өкілі Бауыржан Молдағалиев,–қазір шаруашылықтар ішкі қажеттілік үшін ғана қой ұстап отыр. Оның тұқымын асылдандырып, өнімін молайтуға ұмтылып отырғандар жоқ. Шаруашылықтың ішкі қажеттілігіне жараса болды деген немкеттілік қана.
Атам қазақ «төл өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген сөзді тегін айтпаған. Істің көзін тапсақ, бұл саланың да табысы аз болмас еді. Әттең, қой шаруашылығын күйттей алмай отырған жайымыз бар!..

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар