Бабалар жолын мирас еткен елміз

Өткен сенбі күні Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында облысымызға келген республикалық  «Ұлы Дала Елі» тарихи-мәдени экспедициясы Бурабай ауданында болды.

  Тарих ғылымының докторы, профессор Нұрбек Шаяхметов бастаған экспедиция мүшелері алдымен, Абылай хан алаңында болып, мұражай жәдігерлерімен танысты, тарихи жинақтар сыйлады. Аудандық орталық кітапханада өткен кездесуге жергілікті жұртшылық өкілдері, білім және мәдениет саласының басшылары, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты. Шараны жүргізген Нұрбек Шаяхметов қазақстандықтарды тарих пен мәдени құндылықтар біріктіретінін атап өтті және білім ошағына Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Рес-публикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі атынан тарихи кітаптар сыйлады.
Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, белгілі ғалым, профессор, жерлесіміз Амангелді Қашқымбаев институттың қызметі және белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің өмірі мен шығармашылық қызметіне арнаған монографиялық еңбегі жөнінде айтты.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, жазушы-ғалым, жерлесіміз Әміржан Әлпейісов өзінің «Азаттық аңсаған Сарыарқа» атты кітабы туралы айта келіп, «Ұлы Дала Елі» ұғымы туралы сөз қозғады. Сарыарқа қазақтың ұлан-ғайыр жерінің басын біріктірген бел омыртқасы деп жазғанын атап өтті.
– Мемлекетіміздің кезінде Ұлы Дала деп аталуының өзі осы төңірекке де байланысты. Көкшетау мен Бурабай қазақ хандығының бірден-бір тұтқасы. Мемлекет болмаса тіл, әдет-ғұрып пен дәстүр дамымайды, тарих сақталмайды. Сондықтан, біздің ата-бабаларымыз бірлікке ұмтылды. Бас бірлігіміз болмаса, дұшпанымыз да көп болады. Сондықтан, бұл мәселеге сақтықпен қарау қажет, – деді ол.
«Әзербайжан» этно-мәдени бірлестігінің өкілі, тарих ғылымының докторы, профессор, Астана қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми сарапшылар тобының төрағасы, «Тұран Таимс» газетінің редакторы Видади Салахов Қазақстан көптеген ұлт өкілдерінің мекені екенін, мұның бәрі Елбасының сындарлы саясатының арқасында жүзеге асып жатқандығын атап өтті. Осы орайда, экспедиция құрамында 380 күн ішінде әлемнің көптеген елдерінде велосипедпен 280 мың шақырым жол жүріп өткен Мағжан Сағынбаевтың да бар екенін атап өткен ләзім.
Түс ауа экспедиция мүшелері аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған көрмені тамашалап, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы мен кадет корпусында кездесулер өткізді.
Бурабай ауданы.

 

 

 

Өңірімізде жүрген республикалық «Ұлы Дала Елі» тарихи-мәдени экспедициясының мүшелері дүйсенбі күні
облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың қабылдауында болып, зиялы қауым өкілдерімен және жастармен кездесулер өткізді.

 

Осындай алғашқы кездесу Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының бас-тамасымен ұйымдастырылып отырған бұл игі шара халықтар бірлігін нығайту, Қазақ хандығының 550, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сынды айтулы даталардың қарсаңында тұрған ел азаматтарының тарихты зерделеу-ге қатысты пікірлерін білуді мақсат етеді. «Экспедиция қатысушыларының жазбахаттары» деген қалың кітапқа жергілікті тарихшылар, көпті көрген ақсақалдар  өз ойларын білдіріп, кейін онда айтылған ұсыныстармен белгілі ғалымдар айналыспақ.  
Айта кетейік, еліміздің бірқатар облыстарын қамтып үлгерген аталмыш шара үстіміздегі жылы қазан айының тоғызы күні киелі Тараз жерінде өз мәресіне жетпек.  Жоғары оқу ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері алдында сөз алған экспедиция жетекшісі, профессор Нұрбек Шаяхметов осы мәселелерді айта келе, үш мың жылдық тарихы бар мемлекеттілігіміз, оны зерттеудің маңыздылығы жайлы келелі әңгіме  өрбітті. Сондай-ақ, университет кітапханасына бірнеше құнды кітаптарды сыйға тартты.
Экспедиция мүшелері –  Қазақстан Республикасы Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Қашқымбаев пен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Әміржан Әлпейісов, Қазақстанның Әзербайжан мәдени орталықтары одағының президенті Видади Салаховтың пікірлері де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты
жиында айтқан ой-толғамдарымен бірге тоғысты. Алдағы уақытта Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан сынды түркітілдес мемлекеттердің бірлескен телеарнасы хабар тарататыны жайлы жағымды жаңалық та осы кездесуде мәлім болды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы Әбдімүтәлләп Әбжаппаров қонақтарға ұстаздар мен студент жастардың атынан зор ризашылықтарын жеткізді.   
Одан әрі экспедиция жұмысы облыстық тарихи өлкетану мұражайы мен Назарбаев зияткерлік мектебінде жалғасты. Оның  құрамындағы тарихшы-ғалымдармен кездескен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов ел тарихының бір бөлшегін құрайтын Көкше жерінен де белгілі тарихи тұлғалар шыққандығын, биыл ақмолалықтар даңқты жерлестері Мәлік Ғабдуллин мен Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай бірқатар іс-шараларды қолға алып жатқандығын  айта келе, экспедиция жұмысына сәттілік тіледі.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар