Жәдігерлер жаңғырығы

Жалпақ жұрт жаман тұмаудан жасқанып қамалып отырғанда, облыс орталығындағы әдебиет және өнер музейі онлайн мүмкіндігін пайдаланып, есте жоқ ескі кезеңнің кейінгіге қалдырған сыбағасынан сыр тарқатты. Көзайым болғандар қаншама. Әншейінде біле бермейді екенбіз, ата мұрасы тым қомақты екен ғой.

Алдымен сүйекшілік өнер хақында. Аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен арыдағы ата тым тегін болмаса керек. Он саусағынан өнер тамғандығын, көне бұйымдарды көріп тұрып санаңа сіңіресің.
Малдың, не аңның мүйізінен пышаққа сап жасалғандығын жалпақ жұрттың бәрі біледі. Тіпті, еліктің сирағын қамшыға сап қылған. Түйме, тарақ, түйреуіштерді де сүйектен сүп-сүйкімді етіп жасаған. Оны айтасыз, сүйектен жасалған сырға, қапсырма, моншақтар бұрынғының хас сұлуларына айрықша сән берген. Адалбақан жасағанда арқар мен бұғының мүйізін де пайдаланған. Тіпті, домбыраның тиегін де сүйектен жасапты.
Сүйектен жасалған бұйымдарды тізбелей берсек ұзаққа құлаш сілтер едік. Жәдігердің біреуіне ғана майдан қыл суырғандай етіп тоқталалық. Міне, мынау сүйектен жасалған қосбасты ожау ХІХ ғасырдың жәдігері. Ел ішін аралап, ескі дүниені естелікке жинаған музей қызметкерлері бұл ожауды тоқсаныншы жылдардың басында Айыртау ауданына қарасты қазіргі Қызыләскер ауылының тұрғыны Сәркен Әшімовадан аттай қалап алған екен. Әжейдің ожауын бірден бергісі келмеуінің шынайы себебі, қыз жасауымен бірге келгендіктен көзіне тым ыстық. Тозып кетпеу үшін сүйектен жасалған ожауды әр қолданғаннан кейін мұқият жуып, майлап отырыпты.
Қосбасты ожауды түйенің жамбас сүйегінен ойып жасапты. Ожаудың қосбасты қылып жасалуының өзіндік ерекшелігі бар. Қосбасты ожаулар қымызға батпайды. Су бетінде еркін жүзген құстан айнымайды. Ожаудың сабы түйенің қабырғасынан жасалған. Ожау сабы берік болуы үшін қос қапталынан тіреу бекітілген. Қабырға сүйегінен дөңгелетіліп, әр жеріне бунақ түсіріліп жасалған ожау сабының ұстауға ыңғайлы болуымен қатар сәнді болуына да мән берілген. Көп қолданылғандықтан ожау түбі тесіліп те қалғанға ұқсайды. Бірақ, сүйек ожаудың тегісін сүйекпен қайта бітепті.
Көн теріден тігілген көнек
Кез-келген халықтың әдет-ғұрпы мен өмір салтын, тарихын тану үшін бұрыңғылардан қалған сөзді оқу керек. Сөз адам жанының көрінісі ғана емес, халықтың төлқұжаты тәрізді. Бабалардан қалған ескі сөздерді оқып отырсаңыз, бүгінгінің баласына беймәлім қаншама атауларға тап боласыз. Заманның өзгеруіне қарай адамзат баласының аузындағы сөз де ескіріп, естен шығады. Орнын жаңа сөздер басады. Бағы жанған кейбір ескі сөздер қайта түлеп, жаңа сипатқа ие болып жататыны да бар.
Музейдегі көне жәдігердің бірі – көнек. Атам қазақта «Көнектен шошыған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас» деген сөз бар. Анығында көнек бие сауатын ыдыс. Теріден жасалған соң жеңіл, әрі металл ыдыстар сияқты даңғырлап дыбыс шығармайтындықтан сауын мал үрікпей иіп, сүтін мол береді. Көнекті көбінесе жылқының жон терісінен немесе түйенің мойнағынан бітеу сою арқылы жасайды. Түгі түсірілген көн теріден тігілген соң, ыдыс көнек деп аталса керек. Ол үшін жас терісін түгінен арылтып, мойнақтың кең жағын түптеп тарамыспен тігеді. Көнектің ауыз жағына жас тобылғыдан иіп шеңбер салып, оны сыртына қарай терімен көмкереді.
Содан соң көнектің ішіне құм толтырып, жас тері көлеңкеде әбден кеуіп, көнге айналған соң ішіндегі құмды төгіп тастайды. Тері кепкенде мүйіз сызғышпен батыра өрнек салады. Іші-сыртына тұздалмаған жылқы майын сіңіре жағады да, тобылғы, арша тәрізді ағаштардың жас бұтақтарын жалындатпай бықсытып жағып, түтініне ыдыстың аузын төңкере іліп, бірнеше сағат ыстайды. Ыс сіңген соң тері қызыл қоңыр түске еніп, әрлене түседі, әрі құйылған астың иісі мұрныңды жарып бабына келеді. Көнектің екі бүйірінен металл шығырықтар орнатылады да, оған қайыстан өрілген бау тағылады.
Жақсы ысталған көнекке бір-екі күн ашыған айран құйып, шикі дәмін кетірген соң пайдалана беруге болады. Теріден жасалған ыдыстар өңезденіп, көгеріп кетпеуі үшін айына бірнеше рет майлап, ыстап отырған жөн.
Көне көнекті Көкше өңіріне есімі белгілі әнші-сазгер, марқұм Кәрім Ілиястегі 1990 жылдың 7 ақпанында тапсырған екен. Зеренді ауданындағы Елтай ауылының тұрғыны Тауарих Жасауиевтен алыпты. Көнек атасы Жасауидан қалған мұра.

Ағаш табақ
Көшпенді халықтар мөлдір бұлақтың көзін ашқан, жас бұтақты сындырмаған, көк шөпті жұлмаған. Өздерінің өмір салтына ырымдар мен тыйымдар арқылы еш қағазға жазылмаған заңдылықтар енгізіп, үлкен мәдениет пен қоршаған ортаға деген қамқорлықтың негізін қалаған.
Ағаш табақ – қоңыр түсті, салмағы жеңіл тұрмыстық бұйым. Дөңгелек пішінді ыдыс қарағай ағашынан жона отырып, ойып жасалған. Ернеуіне екі қатар сызық сызып, сән берген. Қазіргі уақытта асты көбінде астаумен тартып жатады, бұрынғы уақыттарда етті табақпен тартқан болуы керек. Себебі, қазақ халық арасында табақ атауына қатысты әдет-ғұрыптар көптеп кездеседі. Керек десеңіз, атам қазақ табақ тартуды өнер деп те санаған. Табақ тартқанда оның құрмет дәрежесіне қарай құда табақ, құдағи табақ, жеңге табақ, беташар табақ, күйеу табақ, қыз табақ, құрдас табақ, аяқ табақ, бала табақ деп атаған.
– Осы табақты 1990 жылдың қарашаның 19-ы күні музей қорына тапсырдым,–дейді музей директоры Нұрбек Нұралы,–бүгінде есте жоқ ескі кезеңнен қалған мол мұра халқымыздың өнері мен мәдениетін, салты мен дәстүрін сабақтастырып тұр.
Өткеннің өңді елесі жалпақ жұрттың санасына сыздықтатып сәуле құйып, халық даналығын дәріптейді емес пе?! жаман тұмау жан алқымыңнан алғанда қол қусырып қарап отырған қаншама халық рухани нәр алып үлгерді. Оған да тәубе.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар