Халық санағы келесі жылға қалдырылды

Тәуелсіз Қазақстан Республикасында халық санағы бұған дейін екі рет, 1999 және 2009 жылдары ұйымдастырылған еді.

Соңғысына сыбайлас жемқорлық киіп кетіп, көп сын айтылғаны да есте. Үшінші халық санағы биылғы жылға жоспарланған болатын. Оған жер-жерде дайындық жұмыстары жүргізіліп, уақытында өтетініне еш күмән туындамағанымен, әлемді жайлаған коронавирус бұл шараны да кейінге қалдыруға мәжбүрлеп отыр. Қазір Үкіметтің шешімі бойынша елімізде биылға ұйғарылған халық санағының келесі 2021 жылға қалдырылғаны белгілі болды.
Статистикаға сүйенсек, қазір біздің елімізде 18,7 миллион адам тұрады. Рас, кейде халық саны 19 миллионға жетті деген сүйінші хабарды да құлағымыз шалып қалады. Алайда, бұған әлі сәл-пәл ертерек сияқты. Өйткені, 19 миллион дегеніміз, Біріккен Ұлттар Ұйымының биылғы жылға біздің елге қатысты болжамы. Бірақ, оған жыл соңына дейін жетіп қалу мүмкіндігі жоқ емес, бар. Тек елімізге оңай соқпай жатқан жұқпалы індеттің бұл салаға, яғни, бала туу көрсеткішіне де кері әсері болмай қоймауы мүмкін.
Жалпы, республикамызда өз тәуелсіздігімізді алғалы ең көп бала туу көрсеткіші 2016 жылдың үлесіне тиеді. Сол жылы дүниеге 406 мың сәби келген. Соның өзінде бұл көршілес өзбек елінен екі есе кем көрсеткіш. Онда жылына орта есеппен 800 мыңнан астам сәби дүниеге келіп отырады. Халқының саны да еселеп өсіп, 30 миллионнан асып кеткен. Ал, бізде өкінішке орай, жоғарыдағы тәуір көрсеткіш кейінгі жылдары бой көрсетпей қойған. Бұған әрине, халықтың тұрмыс жағдайының да ойдағыдай бола бермеуінің, жастардың әрі кетсе 2-3 баламен ғана шектелетінінің де кері әсері тимей қоймауда. Дегенмен, негізгі тақырыпқа көшсек, Ақмола облысы бойынша статистика департаменті халық санағы бөлімінің басшысы Еркін Көкенова:
–Иә, биыл халық санағы өтпейтін болды. Ол 2021 жылға қалдырылды. Алдын-ала болжам бойынша өтетін уақыты сол 1-30 қазанның аралығы деп отырмыз. Әне-міне осы мәселе бойынша Үкіметтің Қаулысы шығуы тиіс. Соны да күтіп отырған жа-йымыз бар. Осы халық санағына байланыс-ты барлық мәселе, уақыты, бағыты сол Қаулыда айтылуға тиіс. Жалпы, биылғы жоспарланған халық санағына облыста жан-жақты дайындық жүргізілген болатын. Сондықтан, пандемияның киіп кетіп, бұл маңызды шараның белгіленген уақытында өтпей қалғаны өкінішті. Алайда, келесі жылы өтетін халық санағына да осы бастан тиісінше дайындық жасап, талапқа сай өткізетінімізге ешбір күмәніміз жоқ. Тек мына елді алаңдатқан қауіпті індет басылсын деп тілейік,–дейді.
Біз Еркін Әйтімқызынан өңіріміздегі қазіргі халық санын сұрадық. 2020 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша Ақмола облысында 736,555 адам тұрады екен. Ал, былтыр осы мерзімде халық саны 739,027 адамды құраған. Демек, өзге ұлт өкілдерінің өз тарихи Отандарына көшуі, басқа да себептері бар халық саны аз да болса азайған. Осының бар жай-жапсарын келер жылғы халық санағы айқындайтыны анық. Ендеше, оны да тосып көрейік…
Қ.КӘКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар