Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойы тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтатып, мәртебесін биіктете түсті

«Абылай ханның арманы», «Кенесары-Күнімжан», «Қаракерей Қабанбай», «Отырардың күйреуі», «Кейкі батыр» сынды спектакльдер мен «Ұлы дала аңызы» балетін ерекше атап өтуге болады. Ал, отандық киноөндірісте «Қазақ елі» тарихи-драмалық сериалы, «Қазақ хандығына 550 жыл» деректі фильмі, «Қазақ елі» атты көпсериялы анимациялық фильмі түсірілді.
Мерейтойлық іс-шаралар аясында тарихи тұлғалар  мен Қазақ хандығының құрылуында ерекше орын алған тұлғалардың есімдерін мәңгілікке сақтау мақсатында да арнайы жұмыстар жүргізілді. Мәселен, Шымкент қаласында «Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған» монумент, Қарағанды облысының Ұлытау ауданында Бұланды шайқасына арналған стелла орнатылса, алдағы айда Ақтөбе облысында қазақтың ұлы хандарының бірі Әбілқайырдың мемориалдық кешені ашылмақшы. Сонымен қатар, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи, Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы ортағасырлық Сауран және Отырар қалаларындағы тарихи ескерткіштер, Қарағанды облысындағы Алаша хан, Жамбыл облысындағы кезінде Батыс түрік қағанатының астанасы болған Баласағұн сарай кешенінде қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған.
  Қазақ хандығының тарихы мен мерекелік шараларды насихаттауға бағытталған жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 2015 жылы сәуір айында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «550 kazakhan.kz» сайты ашылды. 12 айдар енгізілген аталмыш сайтты Қазақстаннан басқа Ресей, АҚШ, Германия, Түркия, Польша, Қытай, Франция және тағы да басқа елдерден 200 мыңнан астам адам пайдаланған. Бұл да қазақтардың, Қазақ хандығының тарихына, еліміздің өткеніне деген қызығушылықтың аз еместігін байқатады. Осылайша барымызды, терең тарихымызды, бүгініміз бен болашағымызды барша әлемге паш етіп отырмыз. Мұндай істердің тәрбиелік мәнінің қаншалықты зор екендігін айтпаса да болады. Әсіресе, әлем аренасында өзінің лайықты орнын алып, өркениетті деген елдердің өзі мойындаған тәуелсіз Қазақстанның тарихына шүбәлана қарайтындарға бұл үлкен сабақ, танымдық мағлұмат болады деу керек.
Бұл тұрғыда Қазақ хандығының 550 жылдығын шетелдік кеңістікте де кеңінен насихаттау мақсатында Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері мен дипломатиялық өкілдіктерінің ұйымдастыруымен 40-тан астам тақырыптық шара ұйымдастырылған. Атап айтсақ, мерейтойлық шаралар Ресей, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Польша, Қытай, Монғолия, Беларусь және басқа да елдерде өтті. Соның нәтижесінде шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақ хандығының 550 жылдығы жөнінде 30-дан астам арнайы мақалалар жарық көрген. Бұл да әлемдік аренада Қазақстанды кеңінен танытуға мүмкіндік береді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар