Тарихты таразыласақ

Сонау ықылым замандардан бері жер жаһанда талай өзгерістер болды, талай мемлекет дәуірледі, қаншамасы күйреді, тарих бедерінен өшіп қалды. Атыраудан Тарбағатайға, Алатаудан  Орал тауларына дейін көсіліп жатқан кең сахара қойнауында талай сыр жатыр.

Бір кездері «тасы өрге домалап», әлемді аузына қаратқан сақтар мен ғұндар, жан-жағына әмірін жүргізген Түрік қағанаты, айта берсек, Ұлы Далада талай мемлекет салтанат құрды, қаншама ұлыс өктемдігін жүргізді. Кезінде әр жерде шашырап, көп жағдайда бірімен-бірі жауласып, бір орталыққа бағынуды мойындамай жүрген көптеген тайпалардың басын қосу арқылы іргелі ел құрған Шыңғысханның жарты әлемді аузына қаратқаны мәлім. Кейіннен тағы да сол өзара текетірес пен таққа таласудың салдарынан Алтын Орда да әлсіреді. Сол Алтын Орданың ыдырауынан кейін бүгінгі Қазақстанның аумағында Әбілқайыр ханның хандығы құрылғандығы белгілі. Алайда, 1460 жылы Әбілқайырдың қатал саясаты кейбір рулардың бөлініп, Моғолстанға көшіп кетуіне алып келгендігі тарихтан белгілі. Керей мен Жәнібек хандар басқарған бұл рулар Жетісуда орын теуіп, дербес құрылым – Орда құрды. Міне, осы Орда кейіннен Қазақ хандығы аталған еді. Ал, 1500 жылға қарай Қазақ хандығының аумағы  айтарлықтай кеңейіп, бүкіл  Дешті-Қыпшаққа таралып кетті.
 Содан бергі Қазақ хандығының тарихына сәл көз жүгіртсек, 1511-1523 жылдар аралығында Жәнібектің ұлы Қасым хан болған уақытты хандықтың гүлдену кезеңі деуге болады. Сол кезде хандықтың саяси және экономикалық аһуалы нығайып, қазақ халқының бүгінгі мекен тұрағы қалыптаса бастады. Оның айғағы ретінде хандық құрамына біраз қалалар қосылғандығын, ел қонысының Ұлытаудан асып, Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелерінің Қазақ хандығына қарағандығын айтуға болады. Сондай-ақ, Қасым ханның тұсында Орта Азиямен, Еділ бойындағы елмен, Сібірмен сауда және елшілік байланыстар орнады. Орыс, нақтырақ айтсақ, Мәскеу мемлекетімен байланыс орнап, Батыс Еуропаның да Қазақ хандығын тани бастағаны сол кез еді. Сол кезеңде қазақтардың (хандық құрамындағы) саны 1 миллионға жетіп, дербес этнос ретінде Батыс Еуропаға да таныла бастады.
  «Қасым ханның қасқа жолы» деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдарының дүниеге келуі де осы уақыт. Өкінішке орай, Қасым хан өлген соң тағы да өзара қырқыс, тартыс, таққа талас басталып, ол моғол мен өзбек хандарының қазақ билеушілеріне қарсы одағының пайда болуына апарып соқты.
  Қасым хан қайтыс болған соң билікке таласудың ақыры елдің әлсіреуіне әкеліп, ноғайлар Торғай өзеніне дейінгі аумақты жаулап алды. Бастары қосылмаған қазақтар тағы да Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағын ғана паналауға мәжбүр болды. Ел ішіндегі араздық тоқтамаған соң, Сарыарқа Қазақ хандығының құрамында болғанымен, оның Нұра өзеніне дейінгі аралығын Сібір хандығы тартып алды. Мұнан соң қазақ-ойрат соғысы басталды. Кейіннен Жәнібек ханның немерелері арасында да өзара қақтығыстар орын алып, бұл тартыста Қасым ханның ұлы Хақназар жеңімпаз болып шығады.
  1538-1580 жылдарда Хақназар хан ел басқарғанда Қазақ хандығы тағы да дәуірлей бастады. Сол кезде Жайық өзенінің сол жағы, Сыр бойындағы Сауран, Түркістан қалалары Қазақ хандығының құрамына енді.
 Әрине, Қазақ елінде хан болғандардың бәрін тізіп шығудың қажеті бола қоймас. Дегенмен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында айтқанындай, алғашқы 14 ханның 7-еуі жорық жолында қаза тапқандығын ескерсек, Қазақ мемлекеттілігінің әлемдік аренада өз орнын алуы оңай болмағандығын пайымдауға болады.
  Бұл арада «Еңсегей бойлы Есім» атанып кеткен Есім хан мен Әз Тәуке кезеңін айналып өтуге болмас. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» және Әз Тәукенің тұсындағы «Жеті жарғыны» Қазақ мемлекетінің Ата Заңының алғашқы нұсқалары деуге болады. Мұның бәрі сол кезде-ақ бір орталыққа бағынған, белгілі бір тәртіпке, заңға бағынатын мемлекет құрылғандығын байқатады.

 

Талғат ҚАСЕН,
Перизат БӨЛЕКОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар