Қашқын таудың қойнауындағы қазына

Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген «Көкшетау» ұлттық паркінің аумағында 22 туристік маршрут жұмыс істейді. Бұл соқпақтарда жеңіл көлікпен, атпен, жаяу өтуге болады. Су маршруттары да бар. Көгілдір нұрға малынған өлкеде саф ауамен тыныстап, қазыналы өңірдің ілкідегі сырына үңілген адам көп нәрсеге қанығар еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өткен болатын.

Мақаланың басты бөлігі туған жердің ұлттық құндылықтарын қадірлеуге арналған. Иә, туған жерге деген сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Ақмола өңірінде әр төбесі, әр белесімен жас ұрпақтың бойына туған жерін сүю сезімін қалыптастыратын құнарлы өлкенің бірі әрі бірегейі – «Көкшетау» ұлттық табиғи паркі.
–Туристік маршруттардың жалпы ұзындығы 639,3 шақырымды құрайды,–дейді «Көкшетау» ұлттық паркінің басшысы Ербол Сағдиев,–міне, осы жолдың бойындағы әр белес пен әр жотаның астында туған елдің тарихы бұғып жатыр. Жай ғана сыртқы сұлу бейне, қайталанбас ажарлы көркемдік қана емес, санамен салмақтаған адамға айрықша әсер ететін аңыз ертегілер де жетерлік.
Шынында да, жалпы аумағы 1,3 гектар жерді құрайтын Қашқын шоқысына көз салыңызшы. Осы шоқы арқылы туған жердің тарихын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруге арналған маршрут өтеді. Мәні мол, мазмұны терең мақсатты көздеген. Тылсым табиғаттың жеңіл шымылдығын желпіп ашып, шоқының үстіне шықтыңыз екен делік. Ат шаптырым аймақ құтты алақаныңызға салғандай жанарыңыздың алдында жарқ ете түседі. Бір ауыз сөзді шоқы атауына байланысты сабақтай кетелік. Есте жоқ ескі кезең. Құба қалмақ қырдағы елді қамаған. Бейбіт ауылдар қол жиып үлгермесе керек. Қапыда басыпты. Сол кезде ат жалын жаңа тартып мінген жас батыр амал жоқ атаусыз шоқының ит тұмсығы өтпейтін қалың орманына сүңгіп кеткен. Жай жатпапты, торғайдай тозып бара жатқан, сай-саланы паналап босып кеткен жалпақ жұртқа хабар салыпты. Туған жерін жау табанында таптатпауға бекінген, кеуделерінде намыс оты жанған азаматтар аты жоқ шоқының бауырында бас қосса керек. Қол жиып, серттесіп, дандайсыған құба қалмақты қақырата жусатып, түре қуған. Кіл қашқын бас сауғалаған аты жоқ шоқы кейін Қашқын шоқысы атанып кетіпті. Міне, мынау жүз жылдық қарағайлар, діңіне құшақ жетпейтін қарт қайың есіл ерлердің ел қорғаған ерлігін кейінгі ұрпақтың құлағына құйып, сыбдырлап сыр шертіп тұрған тәрізді. Елдік пен ерлікке баулайтындай, туған жерді сүйе білуге шақыратындай.
Көз салып қарасаңыз, табиғаттың шеберлігіне тәнті болар едіңіз. Міне, жалпы аумағы 3,9 гектар жерді құрайтын Қазан шоқысы. Қозыкөш жерге таяп келіп, сәл жітірек көз салсаңыз, сайын даладағы жел мен жаңбырдың әсерінен пайда болған жақпар тастардың бүрілген алақан іспетті біртұтам ауқымы кәдімгі қазан бейнесіне қатты ұқсайды. Жартастардың өзі өзгеше пішінді. Қылқалам шебері кенептің бетіне майлы бояумен өргендей анық, ажарлы сипатқа ие болыпты. Дәл осы жерден қапысыз шеберліктің қарымын тануға әбден болады. Дала қазанының төрт құбыласы тегіс қылқанды орман. Ит мұрын, таңқурай, таң шығымен мөлдіреген қарақат көздің жауын алады.
Сәл әріректе Сарыарқаның сары беліне ғайыптан тайып үзіліп түскен бір шөкім моншақ іспетті Имантау көлі. Көл ортасында ашық күндері айқын, анық көрінетін, жалпы аумағы 36 гектарды құрайтын алаңды көруге болады. Әлгі алаң биіктен көз салсаңыз, кәдуілгі жүрек пішіндес болып көрінер еді. Бұл аралда өте сирек кездесетін қазақ аршасы өседі. Қарағай, қотыр қайың, шие мен таңқурай айрықша тартымды сипат береді. Табан астынан сусылдай жылжыған сұр жыланды, сужыланды кездестіруге болады. Ал, құс түрі санап болмайтындай. Кез-келген уақытта барып құлақ салсаңыз дала күйін, дала сырын өзінше шырқап, тұтас бір оркестр құрып тұрады. Ұлттық паркке ат ізін салған адамның көңілін аулайтын тағы бір тылсым табиғаттың өзгеше өңді орны – Көкмүйіс. Ол жартылай ай пішіндес көркем дүние. Ландшафт жартылай ашық, жазықтау Көкмүйісте қалың қарағай, құба қайың қаулап өседі. Топырағы шымды, сәл құрғақтау балшықты болып келеді. Ұлттық парктің қойнауындағы көптеген қасиетті жерлер тәрізді Көкмүйіске қатысты да әдемі аңыз желісі ел жадында сақталған. Мыңды айдаған байдың бұлықсып өскен қызына жылқы баққан жарлы жігіт ғашық болған екен. Жігіттің жеке басының кемдігі жоқ, өр де өжет, өнерлі де талапты. Қыз да ат тонын ала қашып отырған жоқ. Сырласа келе бір-бірін ұққан. Бірге болмаққа анттасқан. Тек байлықтың буына бөккен бай ғана маңынан жуытпапты. Ақыр соңында екеуі елден қашып, Көкмүйісті паналайды. Сойылын сүйреткен байдың жау түсіргіш жігіттері ат тұяғы жететін жердің бәрі адақтап шықса да, қалың жыныс көмкерген Көкмүйістің құс ұясындай жылы бауырындағы қос ғашық көзге түспепті. Осы жерді паналаған, ұзақ жыл мекен еткен. Қазір бұл ара махаббат аралы іспетті.
Сәл әрірек аумағы 10 гектардан астам Қостау шоқысы қылаң береді. Аты айтып тұрғандай егіз екі шоқы. Қос жотаның қақ ортасынан бұралған бел өтеді. Ілкі заманда қазақ топырағына, оның құнарлылығы мен көркемдігіне көз алартқан жау аз болмаған. Осындай бір ел басына күн туған алмағайып кезеңде ағайынды қос жігіт қол жинап, басқыншы жауға қарсы тұрды дейді. Жау қарамы көп екен, еңсеріп барады. Талай боздақ оққа ұшқан. Ағайынды батырлар да жараланыпты. Ағаларының халі мүшкіл болғанын көрген қарындастарының етегі жасқа толады. Көз жасынан тұзды көл пайда болады. Ел амандығы үшін басын оққа тіккен қос батыр қос шоқыға айналып кеткен екен деседі. Туған топырағы, өз Отаны үшін опат болған боздақтардың мәйіті жатқан жерлерге неше алуан ағаш өсіп шығады. Жалаңтөс батырлардың мәңгі өлмес белгісі іспетті. Аңыздың әсерлілігі сондай, тыңдай бергің келеді.
– Мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағында сонау 1904 жылы дендрологиялық парк салынған. Осы парктің оңтүстік батыс жағында 1962-1963 жылдары аумағы 28,9 гектар алқапты құрайтын жеміс бақшасы орналасқан,–дейді парк басшысы Ербол Болатұлы,–бұл өңірге алғашқы ағаш отырғызу 1904-1905 жылдары жүргізіліпті. Қазір паркте сүректі-бұта тұқымының отыздан астам түрі өседі. Оның ішінде қарағай, шырша, балқарағай, қайың, көктерек, ұсақ жапырақты жөке, терек, татар үйеңкісі, сүйір жапырақты үйеңкі, тал, шегершін, алма ағаштары бар. Жануарлар әлеміне де өте бай. Омыртқалы жануарлардың фаунасы 300-ге жуық. Бұлан, сілеусін, орман сусары, ақкіс жыртылып айырылады. Өзендер мен көлдерде су жануарлары да аз емес.
Әсем табиғаты ғана емес, тылсым тарихымен де қымбат, құнарлы өлке алдағы қысқа қапысыз қамдануда. Үстіміздегі жылы 258,87 тонна шөп, 67,8 дәнді мал азығы, 243,924 тонна дәнді дақылдар, 4,975 дана азықтық сыпыртқы және тұз дайындалыпты. Жұмыр жердің беті жаман тұмаумен алысып жатқанда дала сәні – аң-құс ашықпайтын болады. Туған жердің топырағы, оның құт-қасиеті елге елеулі қызмет етіп, көркімен көңіл арбап, тарихымен тәрбиелеп, саф, таза күйінде дәл осылай тұра бергей!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар