Қошқарбай ауылындағы боздақтар ескерткіші

Шоқ жұлдыздай шағын ғана Қошқарбай ауылында Ұлы Отан соғысында опат болғандар мен қан майданнан аман-есен оралып, кейін өмірден озған ардагерлерге арналған ескерткіш бой көтерді. Елдік пен ерліктің белгісі іспетті. Кейінгі толқынның құрметі мен қошеметі.

Жаман тұмаудан жасқанып, жамағатты жиып, ашылу салтанатын өткізе алмаса да, ас берілмесе де, сауабы мол салиқалы істің жақсы хабары дүйім жұртты елең еткізген. Ауыл шетіне ат табанын іліктіргенде-ақ алыстан андағайлап көзге түсетін сәулетті, мазмұнды, еңселі ескерткіш екен. Ел ағасы, осындағы «Шоққарағай» шаруа қожалығының басшысы Қайыркен Хасеновпен тілдестік. Ел жиылып ескерткіш қойсақ деп осыдан он жыл бұрын оқталған сыңайлы. Әуелі ерлердің тізімі жасалған. Майданда опат болғаны да, ел шетіне аман-сау іліккені де. Арада көп уақыт өтіп кеткен соң сорабын табу оңайға соқпаса керек.
Иманды істің басы-қасында жүрген осы ауылдың тумасы Жанғали Хасеновтың айтуына қарағанда, әкесі Сағдидың есінде жетпіске жуық адам қалыпты. Майдангерлер тізімінен ешкімнің есімі жазатайым қалып қоймас үшін «Боздақтар» жинағының бірнеше томын сүзіп шығуға тура келген. Ауыл ақсақалы Жұмаш Жылқыбаев біраз деректі тірілтіпті. Аудандық әскери комиссариаттың құнды дерекке бөккен қалың кітабы бұл тараптағы ізденістің соңғы нүктесін қойды. Мүлдем хабарсыз кеткен ауылдастар тағдыры айқындалған. Бұл орайда, Зеренді аудандық әскери комиссариатының қызметкерлері Нысанәлі Нәсіпқалиев пен Айнұр Баймекенованың көмегі көп тиген. Әскери комиссариаттан алынған деректе 150 адамның тізімі жасалған. Кейбірі тіпті, бейтаныс. Сөйтсе бұрынғы «Ленин» колхозына қараған Қошқарбай, Кеңөткел, Өндіріс, Еңбек-Бірлік ауылдары тұтас біріктірілген екен. Ара-жігі ажыратып алынды. Бөтендігі жоқ, осы өлкенің өрендері.
Ендігі мәселе – ескерткіш композиция-сы. Алыстан көз тартатын биік стелла асқақ арман мен өр рухты бейнелеуге тиіс. Әуел бастағы ескерткіш орнатудағы мақсат та ерлердің есімдерін ел есінде сақтау ғана емес, кейінгі ұрпақтың бо-йына рух дарыту, өнеге өрбіту. Осы ойды сәулет тілімен қалыптап, көрген жұрттың көңіліне ой тастау қажет. Жерлес сәулетші Тұрлыбек Кочиков эскизін әзірлеген.
Көктем шығысымен болашақ ескерткіштің аумағына қада қағылған, іле қаржы жинау басталыпты. Ата аруағын асқақтатуға жұрт жұмыла кіріскен. Қолда барын аямаған көрінеді. Құрылыс материалының негізгі деталі – стелланы Қайрат Кенжеғарин тауып берсе, Мекетай Айдарханов пен Сапар Құдайберген ауылға жеткізген. Айгүл Жылқыбаева мен Алмат Балтағарин құжаттарды рәсімдеумен айналысқан. Ал, істің жуан ортасында жүрген Қайыркен Хасенов техникасын бөліп, жұмысшыларын жұмылдырып, жетпей жатқан қаржының қомақты бөлігін өзі көтерген. Айтпақшы, осы шаруа қожалығының өз ауылына мектеп, мешіт салып бергендігін айта кетсек те артық болмас. Қазір 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақтың ақбас сиыры мен жылқысын бағып, екі жарым мың гектар жерге егін егіп, ел іргесін бекемдеуге айрықша үлес қосып жүрген азамат.
Қошқарбай ауылынан қан майданға жүзден астам азамат алынған екен. Тең жартысы майдан даласында опат болыпты. Бір шаңырақтан аттанған төрт-бес азаматтың бәрі бірдей опат болып, ұрпақ өрбімегендері де бар екен. Уақыт өте келе, сол боздақтардың аттары ұмытылып, ел есінен біртіндеп өше бастаған. Енді міне, қайта жаңғырып отыр. Мәңгілік өшпестей болып. Иманды істің басы-қасында жүрген барша ел азаматтарының ортақ игілікті ісі бұл.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар