Форумның жұмысына дайындық пысықталды

Кеше Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен алдағы күзде болатын халықаралық ынтымақтастық Форумына дайындық жөнінде және Көкшетау қаласының проблемалық мәселелеріне байланысты кеңес болып өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Мәлгаждар Тәткеевтің баяндамасында «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Краснояр селосының 25 шақырым көше жолдарын орташа жөндеуден өткізуге 869 миллион теңге қаржы бөлінгені айтылды. Оның 281 миллион теңгесі игеріліп, асфальт-бетон жамылғысы және қолданылған жол-құрылыс материалдарының сапасында анықталған кемшіліктермен 5 шақырым жол жөнделген. Қаржыны толық көлемде игеру биылғы жылдың қазан айына жос-парланып отыр.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 7429 жұмыс орны құрылды. Оның 3945-і жұмыспен қамту орталықтары арқылы құрылып, жылдық жоспар 70,1 пайызға орындалды. Көкшетау қаласы бойынша көрсеткіш төмен. Яғни, 42 пайыз ғана. Ашылмай қалған 1681 жұмыс орнының 875-і немесе 52 пайызы Көкшетау қаласының үлесіне тиеді. Бұған қоса, облыс орталығында әлі күнге дейін 198 жұмыс орны құрылатын үш жоба қолға алынбаған. Оның 99-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы ашылуы тиіс еді.
Облыс әкімі барлық кемшіліктерді орнына келтіре отырып Краснояр селосының жолдарын жөндеуде қаржының толық игерілуін және 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберіндегі жұмыс орындарын құру жөніндегі жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілуін тапсырды. Сондай-ақ, «Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы» мәліметтер базасына қызметкерлердің жеке келісім-шарттарын енгізуді 100 пайыз қамтамасыз ете отырып, қолға алынған үш жобаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдауға міндеттеді. Мұны жұмыс берушілер істеуі тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы Мәлік Ғабдуллин көшесіндегі жылумен жабдықтау желілерін жаңарту жобасы бойынша құрылыс қарқынының баяулығын және күзгі-қысқы жылу беру маусымына дайындыққа қатер төніп тұрғанын өз хабарламасында жасырмады. Бұл – Әуезов көшесінен Ақан сері көшесіне дейінгі аралықта орын алып отырған жағдай. Мұнымен бірге, Көкшетау қаласындағы ТМ-2 жылу магистралінің құрылысы мен қайта жаңарту жұмысында материалдармен жабдықтаудың кешіктірілуі салдарынан жұмыстарды орындау кестесі 14 күнге кейін қалып отыр. Бұл да жылу беру маусымының басталуына кедергі келтіруі мүмкін.
–Күзде коронавирус инфекциясының «екінші толқыны» келеді, сонымен қатар, қара суықта жедел вирустық респираторлық аурулар көбейеді деп күтілуде. Осыған байланысты облыс орталығында жылу беру маусымының кешіктірілмей берілуін қадағалау керек, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Көкшетауда 276 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді. 12 тұрғын үй апатты жағдайда тұр. Ол үйлердің шатырын, үй ішіндегі сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін, лифтілер мен аулаларын жөндеуден өткізу қажет. Өңір басшысы қалада 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жыл сайын көппәтерлі тұрғын үйлер көптеп салынып жатқанын айта келе, Көкшетау қаласының әкімдігіне жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің санын азайту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Көкшетау қаласында көпқабатты тұрғын үйлерге газ құбырын тарту мәселесіне келсек, қалада 246 топтық резервуарлық жабдықтардың ішінен 120-сы қалпына келтірілді. Ермек Маржықпаев осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айта келе, лифт шаруашылығын жаңарту мен қалпына келтіру бойынша шараларды жалғастыруды тапсырды. Айта кетейік, бүгінде Көкшетау қаласында тозығы жеткен лифтілердің саны 42.
Облыс орталығында салынып жатқан 10 тұрғын үй мерзімінен кешіктіріліп пайдалануға берілуі мүмкін. Осы ретте, облыс әкімі Көкшетау қаласы әкімдігінің тұрғын үй құрылысына қатысты атқарып жатқан жұмысын сынға алды. Ермек Маржықпаев кезекте тұрған азаматтардың, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардың баспаналарды асыға күтетінін айта келе, тұрғын үй құрылысының кестеден кешіктірілмей жүргізілуін әркез назарда ұстау қажеттігін ескертті.
Көкшетау қаласында №1, №6 және №13 мектептердің жанынан тұрғызылып жатқан қосымша ғимараттар мен Краснояр трассасының бойында салынып жатқан оқу-тәрбие кешенінің құрылысы да кестеден қалып қойған. Аталған нысандар жаңа оқу жылының басына дейін пайдалануға берілуі керек болатын. Алайда, жобаға түзетулер енгізу мен басқа да жағдайларға байланысты құрылыс созылып кеткен.
Облыс әкімі үш жапсарлас құрылысты қатаң түрде желтоқсан айына дейін толық аяқтауды тапсырды.
Мемлекеттік сатып алулар бойынша 214 жобаның 18-іне келісім-шарттар жасалмаған. Соның ішінде жеті шара бойынша сатып алуларға конкурс қайта жарияланған. Сондай-ақ, көше-жол желілерінің ағымдағы жөндеуі бойынша жұмыс қарқынының нашар екендігі атап өтілді. Айталық, Ақан сері көшесі бойынша Назарбаев даңғылынан Мир көшесіне қарай, Жүнісов көшесі бойынша Назарбаев даңғылынан Осипенко көшесіне дейін, Потанин көшесі бойынша Әуезов көшесінен Жүнісов көшесіне қарай және Біржан сал көшесі бойынша, тубдиспансерге шығар тұста жол учаскелері бірнеше апта бойы беті қырылған күйінде жатыр. Мұның өзі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді.
Облыс әкімі барлық мәселелер бо-йынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Ал, өткізілген мемлекеттік сатып алулар бойынша жасалмаған келісім-шарттарға байланысты алдағы уақытта жауапсыз мердігерлердің конкурстық процедуралардың жеңімпазы болып таңылуына жол бермеу жөнінде талап қойды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар