Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметов: «Еңбек адамдарының мүддесін қорғау – басты парызымыз»

Конституция күні әрі Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының XXVI съезі қарсаңында Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметовке жолығып, облыстың кәсіподақтар саласындағы атқарылған жұмыстар мен шешімін күткен мәселелер туралы әңгімелеп беруді өтінген болатынбыз. Төменде осы сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде өтетін Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының съезіне қандай табыспен келіп отырсыздар?
– Иә, біз кезекті XXVI съезд қарсаңында тұрмыз. Біз «Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының Федерациясы қызметінің 2015-2020 жылдарға арналған стратегиясы» және сонымен бірге, өткен ХХIV съездің бағдарламалық құжатын іске асырудың нәтижелері мен дамудың жаңа міндеттері мен бағыттарын айқындайтын боламыз. Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының Федерациясы әлеуметтік серіктестермен бірге өндірістік процестерді тұрақтандыруға, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз етуге, еңбек заңнамасын қатаң сақтауға күш салды. Бұл есепті бес жыл біз үшін Қазақстанның жаңа Еңбек кодексінің қабылдануымен есте қалады. Онда әзірлеуші авторлар еңбек қатынастарын өзін-өзі реттеудің құқықтық негізін жасауға және бұрын мемлекеттен қамтамасыз етілген жұмысшылардың еңбек құқықтарының қорғалуы мен кепілдіктерінің сақталуына күш салды.
Біздің облыста 2016 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың тамызына дейінгі аралықта еңбек заңнамасының нормалары мен ережелерін түсіндіретін 3000-нан астам оқыту семинарлары өтті. Кәсіподақтар Үкіметке Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіндегі жұмысшылардың жағдайын төмендететін кейбір баптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар жіберді.
2018 жылдың қаңтарында кәсіподақтар Федерациясының қызметін модернизациялау бағытында Жол картасы әзірленді. Бұл кәсіподақ қызметінің кейбір бағыттарындағы жұмысты жандандыру жөніндегі іс-шаралар жоспары болатын. Жол картасы негізінен кәсіподақтардың елдің ақпараттық саласында белсенділігін арттыруға, әлеуметтік серіктестік бойынша үшжақты комиссиялардың жұмысына, қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша өндірістік кеңестер құру, жастармен жұмыс және құқықтық білім беруге бағытталған. Тағы бір айтарым, Жол картасы интернет кеңістігінде өзімізді нығайтуға мүмкіндік берді және бүгінде бізде 200 мыңнан астам жазылушыларымыз бар. Онда кәсіподақтар орталығының, облыстық филиалдың, ірі кәсіподақ комитеттерінің есептері және әр түрлі деңгейдегі кәсіподақ ұйымдары басшыларының жеке парақтары орналасқан.
Өңірлік кәсіподақтардың ұсынысы бойынша әлеуметтік серіктестік жүйесіндегі кәсіподақтардың рөлін күшейтуге және үшжақты аймақтық комиссияның тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар нормалар енгізілді. Сондай-ақ, кәсіподақтардың сайлау процестеріне қатысуы жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғаудың жаңа тәсілі болды. Сайлауға қатысу арқылы еліміздің кәсіподақтары қоғам мен биліктің назарын еңбек қатынастары саласындағы өзекті проблемаларға аударуға ниетті. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Қазақстан кәсіподақтарының тарихында алғаш рет Федерация өзінің кандидатын Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қатысуға ұсынды.
Ағымдағы жылы Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ жетекшілерінің арасынан өз кандидатураларын Мәжіліс пен Мәслихаттарға алдағы сайлауға партиялық тізімге енгізуге шешім қабылдады. Сайлауға қатысу, біздің ойымызша, үкіметтің барлық деңгейлеріндегі әлеуметтік және еңбек мәселелерін шешудегі кәсіподақтардың позициясын күшейтеді.
– Бүгінде біздің еліміз еңбек адамының жағдайына қауіп төндіретін коронавирус пандемиясының өте күрделі кезеңін бас-тан кешіруде. Осы кезеңдегі кәсіподақтар атынан көрсетілген қолдау шаралары туралы айтып өтсеңіз.
– Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері кәсіподақтардың басты мақсаты – жұмысшылар үшін әлеуметтік қатерлерді азайту, олардың еңбек құқықтары мен мүдделерінің бұзылуын болдырмау, жұмысшылардың жұмыс орындары мен барлық төлемдерін сақтау. Алғашқы күндерден бастап Кәсіподақтар федерациясы өз отандас-тарына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Осы мақсатта кәсіподақтың активтері карантинге жіберілген адамдарды үш шипажай мен үш қонақ үйге орналастыруды қамтамасыз етті. Олар – Алматыдағы «Көктем», Жамбылдағы «Меркі» Түркістан облысындағы «Манкент» шипажайлары, сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ақмолатурист», Павлодар қаласындағы «Сарыарқа» және Өскемендегі «Өскементурист» қонақ үйлері. Онда үш мыңнан астам адам, оның ішінде медицина қызметкерлері, полиция және тағы басқа салалардың өкілдері бар. Коронавируспен күресте еңбек етіп жүрген басқа қызметкерлер, сондай-ақ, вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшылар оңалту рәсімінен өте алды.
Медицина қызметкерлерінің денсаулығын жақсарту және сауықтыру мақсатында Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық» және Павлодар облысындағы «Мойылды» шипажайлары да қарастырылды. Кәсіподақтарды қолдау шараларын күшейту мақсатында Ақмола облысы Кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің шешімімен кәсіподақтың жедел штабы құрылды, оның құрамына облыстың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының жеті облыстық кәсіподақтары мен алты кәсіподақ комитеттері кірді.
Бүгінде кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен жұмыс берушілерге «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін және оған қатысты заңнамалық актілерді қолдану туралы ұсынымдарды» әзірлеу, оған қызметкерлерді тіркеу кезінде еңбек және ұжымдық шарттарға жедел қол қою ұсынылды. Бұл орташа айлық жалақы мөлшеріндегі өтемақы төлемдерінің төтенше жағдай салдарынан тоқтап қалуына байланысты. Сондай-ақ, жұмысшыларға толық жалақы төлеу шарттарын қарастыратын, қашықтықтан жұмыс түрінде еңбек процесін енгізу туралы ереже ұсынылды. Онда ерекше тармақ қарастырылған, оған сәйкес жұмыс уақыты тоқтаған кезде орташа жалақының 50 пайызы мөлшерінде төлем жасалуы керек, бірақ, ол ең төменгі жалақыдан аз болмауы тиіс.
COVID-19 пандемиясына қарсы күреске атсалысқан медицина қызметкерлерінің еңбегін әділ бағалау үшін Қазақстан Республикасының Кәсіподақ федарациясы еліміздің Премьер-Министріне қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктерді заңнамалық тұрғыдан бекіту туралы бірқатар ұсыныстар жолдады. Онда төтенше жағдай кезеңінде «құтқарушылар» мәртебесін беру, жұмыс өтілін жеңілдікпен есептеу, COVID-19 коронавирустық инфекциясын кәсіптік аурулар тізіміне қосу, сонымен қатар, бір реттік әлеуметтік төлем алуға құқығы бар медициналық қызметкерлер санаттарының тізімін кеңейту сияқты мәселелер қозғалған.
Шындығында, коронавирус пандемиясымен күреске денсаулық сақтау саласымен қоса, басқа мекемелер де атсалысты. Атап айтқанда, әскери клиникалық госпитальдар мен ауруханалардың медицина қызметкерлері үшін жалақыға үстемеақы белгілеу қарастырылмаған, олар коронавирусты жұқтыру қаупіне қарамастан тағы басқа да қосымша төлемдер алу құқығынан айы-рылды. Әскери клиникалық госпитальдар мен ауруханалардың қызметкерлеріне үстемеақылар мен қосымша төлемдер жүйесін реттеу мәселесі бойынша Кәсіподақтар федерациясының бас-
тамалары Үкімет тарапынан қолдау тапты. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қолдау көрсететін ұйымдардың қызметкерлеріне және мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне тиісті түзетулер енгізілді. Қазір эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын әскери госпитальдардың медицина қызметкерлері денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық қызметкерлер деңгейінде үстемеақы алады. Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы үкіметке арнайы жұмыс жағдайлары үшін білім беру ұйымдарының кітапханалары қызметкерлеріне қосымша төлемдер мен үстемеақылар жүйесін реттеу, сондай-ақ, білім беру ұйымдарының медицина қызметкерлерінің жалақысын медицина қызметкерлері деңгейіне көтеру туралы мәселемен жүгінді.
Бүгінде кәсіподақтар өздерінің мүшелерін материалдық жағынан қамтамасыз ету тұрғысында көптеген жұмыстар атқарды. Пандемия басталғалы бері Кәсіподақтар Федерациясы мен оның филиалдары азаматтарға 300 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетті. Бұл қаражат жеке қорғаныс құралдарын, тұрмысы төмен отбасыларға қажетті заттарды сатып алуға, сондай-ақ, дәрігерлер мен олардың отбасыларына материалдық көмек көрсетуге, блокпосттарда және стационарларда медицина қызметкерлеріне ыстық тамақ ұйымдастыруға жұмсалды.
– Қали Сұлтанахметұлы, сіз алдағы кәсіподақтар федерациясының съезінен қандай үміт күтесіз? Кәсіподақ жұмысында түбегейлі өзгерістер болуы мүмкін бе?
– Қазақстан Республикасының кәсіподақтар Федерациясы уақыттың сын-қатерлеріне жауап бере отырып, кәсіподақтарды біріктіру мен шоғырландыруға, олардың еңбек қатынастарын реттеудегі жауапкершіліктерін арттыруға, әлеуметтік серіктестікті дамытуға және елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуға бағытталған жаңа бағытты мақсат етіп отыр. Жалпы, Кәсіподақтар Федерациясын және оның филиалдарын реформалаудың түпкі мақсаты – кәсіподақ қозғалысының жаңа моделін құру, кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін одан әрі күшейту, әлеуметтік серіктестікті жақсарту, еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау болып табылады. Сондықтан, бұл бағытта болашақта да жүйелі жұмыстардың жүзеге асырылатынына сенімдімін. Сондықтан, алдағы съезден күтеріміз де мол.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар