Халықтың әлеуметтік қорғалуы – тұрақтылық кепілі

Ата Заңға сәйкес, егеменді елімізде азаматтарды әлеуметтік қорғауға қажетті шаралар жасалып келеді. Жұмыспен қамтудың жол картасы, басқа да мемлекеттік бағдарламалар осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Бүгінде біздің облыста 328 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Оның ішінде 81 нысан бойынша жұмыстар аяқталды. 7875 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 4036 азамат жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбекпен қамтылды. Облысымызда азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға арналған «Бастау бизнес» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Соның аясында 1019 адам оқытылып, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 463 адамға гранттар, 421 адамға шағын несие-лер берілді. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары аясында 20742 жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.
Осы ретте, бағдарламаның қатысушылары туралы нақты мысалдар келтіріп өтсек, артық болмас. Атап айтсақ, Есіл ауданында тұратын жалғызбасты ана Вероника Қоқышева өткен жылы жұмыспен қамту орталығына грант алу үшін жүгініп, тігін шеберханасын ашуға 252 мың теңге көлемінде грант алды. Жобаны іске асыру үшін қажетті жабдықтар мен құралдар сатып алынды. Қазір жалғызбасты ана шаруасын дөңгелетуде.
Тағы бір қатысушы Амина Жансары Целиноград ауданы Қосшы ауылында тұрады. «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқығаннан кейін үй кондитерлік цехын ашу үшін 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грантты алуға өтініш берді. Ол бірден кондитерлік өнімдерге арналған жабдықтар сатып алды. Аминаның өнімдері ауданда зор сұранысқа ие. Бүгінде өңірімізде мемлекеттік бағдарламалардың жемісін көріп отырған тұрғындар жайлы осындай жақсы-жақсы мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл мемлекетімізде тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға конституциялық заңнамалар негізінде нақты қадамдар жасалып жатқандығының айқын көрінісі. Мәселен, биыл төтенше жағдай және шектеу іс-шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілді. Осы тамыз айының 20-сына дейін 170 мың өтініш келіп, оның ішінде 167 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. 16,8 миллиард теңге сомасына 167 мың адамға әлеуметтік жәрдемақы төленді (төтенше жағдай кезеңінде – 11,8 миллиард теңге, шектеу іс-шаралары кезінде – 5 миллиард теңге). Облыс бойынша 588 миллион теңгеге 5 санат бойынша 35611 адам азық-түлік-тұрмыстық жинақпен қамтамасыз етілді.
Облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан 6-18 жасқа дейінгі балалардың саны – 3579, он алты жасқа дейінгі мүгедек балалар – 2639, барлық жастағы бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектер – 24380, мүгедек-баланы тәрбиелейтін ата-аналар – 2748, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органда тіркелген жұмыссыздар – 2265 адамды құрайды.
Осы ретте, айта кетсек, биылғы жылдың басынан атаулы әлеуметтік көмек алуға 3087 өтініш қабылданды,
2605 отбасына тағайындалды. 2020 жылы 5 мың аз қамтылған отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 1,7 миллиард теңге көзделді. Гигиеналық заттарды және тамақ өнімдерін жеткізу биылғы жылдың 26 ақпанынан басталды. Келер жылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталы арқылы кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету жоспарлануда, онда ата-аналардың бірі бекітілген тізбе бойынша тауарларды өз бетінше таңдай алады.
Ендігі ретте, мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселесіне тоқталып өтсем деймін. Бүкіл әлемде мүгедектердің құқықтарын белгілейтін негізгі халықаралық құжат БҰҰ Бас Ассамблеясының 2006 жылғы 13 желтоқсанда қабылдаған «Мүгедектердің құқықтары туралы» Конвенция болып табылады. Осы Конвенция Қазақстан Республикасында 2015 жылы ратификацияланды. Оның мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қамтамасыз ету болып табылады. Осы мақсатта Конвенцияда бірқатар қағидаттар бекітілген: қоғамға толық және тиімді тарту және енгізу, мүмкіндіктердің теңдігі, кемсітпеу және қолжетімділік. Мүгедекті қоғамға тарту үшін оған басқа адамдармен тең мүмкіндіктер беру, қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.
Ақмола облысында мүгедектігі бар 29 мыңнан астам адам тұрады, оның ішінде 9,5 мыңы кресло-арбамен қозғалатын, тірек-қимыл аппараты, көру, есту қабілеті бұзылған адамдар. Мүмкіндігі шектеулі топтар санаты үшін облыста 1,6 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар объектілер бейімделген, олардың 948-і мемлекеттік, 724-і жекеменшіктегі объектілерге тиесілі. Былтыр мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз орта құру, оның ішінде осы мәселені шешуге қоғамдық бақылауды күшейту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. «Инватакси» қызметі облыстың алты өңірінде бар. Бұдан басқа, жыл сайын облыстық бюджеттен мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету үшін ақшалай қаражат бөлінеді. Мәселен, 2020 жылы 4 мыңнан астам мүгедек адамдарды оңалту іс-шараларымен қамтамасыз етуге 467,2 миллион теңге қаржы қарастырылды.
Мүгедектерге әлеуметтік көмек протездік-ортопедиялық бұйымдармен және аяқ киіммен, компенсаторлық техникалық және басқа да оңалту құралдарымен қамтамасыз ету түрінде көрсетіледі. Ағымдағы жылы мүгедектерге 6 мыңнан астам қызмет түрі көрсетілді. Бұл тифлотехникалық, сурдотехникалық құралдар, протездік-ортопедиялық көмек, санаторлық-курорттық емдеу, арнайы көлік құралдары. Мемлекеттік сектор аясында облыста 26 бөлімше және 8 үйде әлеуметтік көмек көрсету қызметі жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкерлер көмекке мұқтаж 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 8 үкіметтік емес ұйым 224 қызмет алушыға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.
Сөз соңында айтайын дегенім, Ата Заңның тұрақтылығы – елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы болып табылады. Негізгі Заңды орындау арқылы мемлекет медициналық қызметті және білім беруді жақсарту, жаппай тұрғын үй құрылысы, жалақы және әлеуметтік төлемдер мөлшерін көбейту секілді әлеуметтік мәселелерді шешуде.

Дина АХМЕТЖАНОВА,
облыстық жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар