Тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің негізі

«Конституция» – латыншадан аударғанда «құрылыс» деген ұғымды береді. Яғни, Ата Заңымыз өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің, ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құруымыздың айғағы.

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің Конституциясы қабылданған болатын. Оған дейін, яғни, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтардағы алғашқы Ата Заңда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру қағидалары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген еді. Ал, жаңа Конституцияның ерекшеліктері заң шығарушы, атқарушы сот билігін белгілеп, олардың құзыретін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді.
1998 және 2007 жылдарда Конституцияға Президент пен Парламенттің өкілеттіктерін қайта бөлген елеулі өзгерістер енгізілді. Мұндай қадамдар 2011 жылы да жасалған, бұл өзгерістерде Президентке Президент сайлауларын мерзімінен бұрын өткізу құқығы берілді. Қазақстандық қоғамды демократияландыруды дамыту белгілерінің бірі ел Президентінің бастамасымен туындаған селолық деңгейдегі әкімдерді сайлау идеясы болып табылады және тәуелсіз Қазақстан тарихында жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы алғашқы рет 2013 жылғы 5-9 тамызда өткізілді.
Қазақстанда өткізілген және өткізілетін барлық реформалар мемлекет пен қоғам институттарын одан әрі демократияландыруға бағытталған. Қабылданып жатқан заңдар адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау кепілдіктерін нығайту тұрғысында мемлекеттік тетікті және азаматтық қоғам институттарын жетілдіруге қолғабыс етеді.
Конституция мемлекеттің, оның ішінде қоғамның тынысын реттейді. Мемлекет пен қоғам әрдайым заңсыз болған емес. Сондықтан, адам үшін айрықша маңыздысы – Конституция. Көптеген елдер оқу орындарында Конституцияны басты пәннің бірі етіп оқытады. Заңды сыйламайтын, білмейтін маман ертең еліне қызмет ете алмайды, пайда келтірмейді. Дегенмен де қазақ даласында мемлекеттілік болғанынан бастап, сол XIII-XV ғасырдың өзінде, Алтын Орда дәуіріндегі Шыңғыс ханның «Ясасы», Қазақ хандығы тұсындағы «Қасым ханның қасқа жолы», одан кейін «Есім ханның ескі жолы», Тәуке хан тұсында «Жеті Жарғы» пайда болды. Қасым ханның заңында «қанға қан» принцип болса, Тәукенің «Жеті жарғысында» «қанға құн» принципі қосылды.
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігіне, сонымен қоса, демократиялық даму бағытындағы ел егемендігінің негізгі діңгегіне айналды. Бүгінгі таңда мемлекетіміз қол жеткізген саясат пен экономикадағы жоғары көрсеткіштер Конституцияда көрініс тапқан көптеген идеялардың біртұтас жиынтығы деп айтуымызға әбден болады. Мемлекетіміздің дамуындағы осыған дейінгі жүріп өткен жолды саралай келе, Тәуелсіздік алғаннан бергі қысқа мерзім ішінде Ата Заңымыз ел азаматтарының барлығына бірдей ортақ, қазақстандықтар арасындағы құқықтық қатынастарды реттейтін, әркімнің бостандығы мен саяси, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғайтын тұрақты негізіне айналды.
Құқықтық демократиялық зайырлы қоғам орнату жолына түскен Қазақстанда барлық биліктің қайнар көзі халық екендігі Ата Заңда нақты тұжырымдалған. 98-баптан тұратын Конституцияда еліміздің демократиялық жолмен дамуына жол ашатын заңдық негіз жасалды. Конституция қабылданғаннан бері өткен 24 жыл уақыттың ішінде әлеуметтік-экономикалық салалардағы қол жеткен жетістіктеріміздің бәрі Ата Заңымыздың негізінде жасалған заңдар арқылы келгендігі анық. Конституциямыздың тарихи маңызы да дамып, әлемдік қауымдастықтан лайықты орнымызды алуымызбен өлшенеді десек, артық айтқандық болмайды.
Биліктің қайнар көзі халық деп жариялаған Конституциямыз Президенттік билікті орнықтырды. Халық атынан билік жүргізу құқығы Президентке және Парламентке берілген. Президент заң шығарушы, сот және атқарушы биліктің ымыраластықпен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Конституцияда әрбір адамның құқығы дүние есігін ашқан кезден бастап қалыптасатындығы және әрбір азамат өз құқығын заң арқылы қорғай алатындығы тұжырымдалған. Адам құқықтары сот арқылы қорғалады. Сондай-ақ, Ата Заңда әрбір азаматтың өмір сүруге, шығармашылықпен айналысуға, діни сенім-нанымын өз қалауынша таңдауына, еңбек етіп, дем алуына, денсаулығын сақтауға, тегін орта білім алуына және тұрғын үй меншігін иеленуге құқылы екендігі көрсетілген. Қазақстан азаматы ешқандай жағдайда азаматтығынан айрылып, ел аумағынан қуылуға, өзге елге берілуге болмайтындығы да Конституцияда орын тапты. Біздің мемлекетіміз өзінің әрбір азаматының құқықтары мен бостандықтарын өз елінің аумағында ғана емес, шет елдерде де қорғауға кепілдік береді.
Конституциялық заңдылықты қамтамасыз етуде 2002 жылдың 18 наурызында қабылданған «Әділет органдары туралы» Заңның маңызы зор. Әділет органдары атқарушы билік тармағына жатады және мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалардың заң шеңберінде өмір сүруін қамтамасыз етеді, сондай-ақ, олардың құқықтары мен мүдделерін заң арқылы қорғайды. Аталмыш заңда көрсетілгеніндей, әділет органдарының негізгі міндеттерінің бірі орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті органдардың қабылдаған нормативтік-құқықтық актілерін тіркеуді жүзеге асырады. Еліміздің заңдық негіздерін Конституция мен заңдар және нормативтік актілер құрайтынын ескерсек, әділет органдарының бұл қызметінің мәнін түсінеміз. Әділет органдары тіркелген нормативтік-құқықтық актілердің ең алдымен, Конституцияға сәйкестігіне назар аударады. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қаржы, басқа да салаларының қызметі түгел нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі.
Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап Конституциямыздың барлық әлеуетін толыққанды пайдалану қажеттігін алға тартты. Бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылып та жүр. Қазіргі еліміздің қол жеткен жетістіктерінің бәрі де Конституциямыздың негізінде дайындалған заңдар арқылы жүзеге асып келе жатқаны осының айқын дәлелі.
Азаматтардың білікті заң көмегін алу кезіндегі конституциялық құқығын іске асыруда олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды нығайтуға, сондай-ақ, білікті заң көмегін көрсету механизмдерін жетілдіруге айрықша назар аударылады. Биыл бұл бағытта, Әділет министрлігі әзірлеген «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары қабылданды.
Аталған заңда адвокатураның сапалы құрамын жақсарту мақсатында адвокаттардың жыл сайын біліктілігін міндетті арттыру механизмі көзделген. Бұл адвокаттар қызметінің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға себеп болады.
Бұдан басқа, адвокаттар және заң консультанттарының адвокаттар алқаларымен, заң консультанттары палаталарымен, мемлекетпен қарым-қатынасын реттеуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйесін енгізу арқылы бұл қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру ұсынылады.
Заңның негізгі мақсаты заң көмегінің ашықтығын, әділдігін және сапасын көтеру болып табылатын бірқатар басқа да жаңашылдықтарды қамтиды, яғни, Заң нормалары халыққа жоғары білікті және қолжетімді заң көмегін көрсетуге бағытталған.
Ата Заңымыз Қазақстан халқының бірлігін асқақтатып, елімізде тұрып жатқан барша ұлттар мен ұлыстардың өкілдерінің тең құқықтылығын қамтамасыз етуде. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік қауымдастықтың тең құқылы мүшесіне айналды және әлем елдері арасында ұлтаралық, дінаралық татулығы мен бірлігі жарасқан бейбітшілік сүйгіш саясатымен танылып отыр.
Гүлмира ӘКІМОВА,
Ақмола облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы, Әдеп жөніндегі өкіл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар