Министр ел үшін атқарылып жатқан істерді көрді

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өткен бейсенбі күні жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Бұланды ауданының астықты алқаптарын аралап көрді, мұндағы егін жинау жұмыстарының барысымен танысып, шаруашылықтардың материалдық-техникалық жағынан жарақтандырылуына, астықты сақтап, өңдеу, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейту, соның ішінде құс шаруашылығын дамыту мәселелеріне назар аударды. Министрдің сапары кезінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Бұланды ауданы облыстағы әлеуеті артып келе жатқан өңірлердің бірінен саналады. Аудандағы елді мекендердің тұрмысы түзу. Әлеуметтің әлеуеті де әлді. Ауыл шаруашылығы саласында да жетістігі мол. Ауыл шаруашылығы министрі мен облыс әкімі «Журавлевка-1» серіктестігінің егіс алқаптарында орақ науқанының бет алысын көріп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. Серіктестік негізінен дәнді және дәнді-бұршақты, майлы дақылдар, мал азығы мен көкөніс, картоп өсіреді. Үстіміздегі жылы шаруашылықтың егіс алқабы 59 мың гектарды құраса, оның 33,5 мың гектарына бидай еккен.
– Біз егіншілік саласында қазіргі заманғы озық технология мен агротехникалық шараларды, органикалық және минералды тыңайтқыштарды қолданамыз. Осының арқасында астық шығымы жоғары болып отыр. Қазіргі кезде бидайдың әр гектарынан 25 центнерден алып жатырмыз, – дейді шаруашылық басшысы Темірболат Андаров.
Серіктестіктің меншігінде 20 дестелегіш және 152 астық жинау комбайны мен трактор бар. Барлық техника егін жинау науқанына толық дайындықпен кірісті. Сонымен қатар, серіктестік егіншілікпен қатар, мал шаруашылығын қатар дамытуда. Мал басына келетін болсақ, 300-ге жуық қой, 200-ден астам жылқы және 1,5 мың бас ірі қара, оның ішінде негізінен қазақтың ақ бас тұқымды сиырлары өсірілуде. Мал жаю үшін 15,7 мың гектар жайылымдық жер бар. Бұдан бөлек, 250 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы және шағын мал сою цехы жұмыс істеп тұр. Шаруашылықта 600-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың орташа еңбекақысы 160 мың теңге шамасында. Осы ретте, министр жаз айларындағы құрғақшылық ақмолалық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қиын болғанын атап өтті.
– Ақмола облысының өніміне осы жылы біршама қиындау болды. Оған негізгі себеп жауын-шашынның аз болғандығы. Бірақ, соңғы айда жауған жаңбыр оң әсер етті. Сондықтан, биыл Ақмола облысының астық көрсеткіші жақсы болады деп үміттеніп отырмыз, – дей келе, Сапархан Омаров журналис-терге еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі, экспорт мәселесі туралы әңгімелеп айтып берді. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев атап өткеніндей, диқан қауымы үшін биыл ауа райының қолайсыз болғанына қарамастан, өңірде 5 миллион тонна астық жинау жоспарланып отыр.
– Алдағы 20 күн ішінде ауа райы осылай қолайлы болып тұрса, егін жинау науқанын толығымен аяқтаймыз. Былтырғы жылы 4,3 миллион тонна бидай жинадық, ал, биыл 5 миллион тоннаны межелеп отырмыз. Осы мақсатта, облысқа субсидия, яғни, қайтарымсыз қолдау арқылы 33 миллиард теңге бөлінді. Мемлекет тарапынан 75 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай қарастырылды. Бүгінде біз соның 40 пайызын игердік, – деді облыс басшысы өз сөзінде. Бұдан әрі сапар барысында министр «Макинск құс фабрикасы» серіктестігінің бройлер құс фабрикасы мен «Арна» астық қабылдау кәсіпорнының жұмысы және «Бота-2015» серіктестігінде салынып жатқан өсімдік майын өндіретін зауыт құрылысымен танысты.
«Макинск құс фабрикасы» ЖШС – құс етін өндіру саласындағы импортты алмастыру бо-
йынша іске қосылған ауқымды жоба. 2018 жылы 25 мың тонна құс шаруашылығы кешенінің 1-ші кезеңі пайдалануға берілген болатын. Биылғы жылдың соңына дейін инвесторлар 2-ші кезеңін іске қосуды жоспарлап отыр. Осылайша аталмыш құс фабрикасы өндірістік қуатын жылына 25 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін арттырмақшы.
Ал, «Бота-2015» серіктестігінің өсімдік майын өндіретін зауытына келетін болсақ, бұл жобаның құны 4,2 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне 600 тонна өнім өндіруге арналған. Кәсіпорында өңірдің 30 тұрғыны еңбек ететін болады.Министрдің сөзінше, зауытта майлы дақылдар қайта өңделіп қана қоймайды, өңделген түрде таяу шет елдерге экспортқа шығарылмақшы.
Сонымен қатар, сол күні сапар барысында облыс әкімі аудан орталығында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 45 және 60 пәтерлі екі тұрғын үйден баспаналы болған тұрғындарға жаңа пәтердің кілтін тапсыру, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттады.
Бұл жолы екі тұрғын үйдегі пәтерлердің 42-сі көп балалы отбасыларға, 13-і жетім балаларға, 50-і әлеуметтік жағынан осал топтағыларға арналған. Мердігерлердің сөзіне қарағанда, тұрғын үй барлық талаптарға сай салынған. Үйдің маңында автотұрақ және балалар алаңы қарастырылған. Жоба бойынша 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы үшін 225,6 миллион теңге қаржы бөлінсе, 45 пәтерлі үйді салу үшін 310,8 миллион теңге жұмсалған. Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы баспананың тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы болуын ұдайы назарда ұстайтынын және мемлекеттік бағдарламалардың арқасында көптеген ақмолалықтар жыл сайын баспаналы болып, қуанышқа кенеліп отырғанын атап өтті.
– Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығымен құттықтаймын. Ата Заңымыз Тәуелсіздігіміздің басты жетістігі. Халықтың әл-ауқатын көтерудің басты бағыты қазақстандықтарды бас-
панамен қамту. Осы ретте, еліміз егемендігін алғаннан бері біздің облыста 3 миллионнан астам шаршы метрден астам баспана берілді. Соңғы бес жыл ішінде әр жыл сайын 400 мың шаршы метр баспана беріп келеміз. Бұл 1991 жылмен салыстырғанда 10 есеге көп. 12 мыңнан астам ақмолалық баспаналы болды, – деді Ермек Маржықпаев.
Макинскідегі қалаішілік көшелерді жөндеу, модульді және блокті-модульді жылу қазандықтарының құрылыс алаңында болған облыс әкімі маңызды жобаны жүзеге асыру қаладағы тұрғын үйлерді бір орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, бұл қазандықтардың құрылысын кестеге сай жүргізу мәселесі де сөз болды.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар