Марапаттар қуанышы

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жаңа оқу жылы қарсаңында өңіріміздегі білім саласында қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздарға құрмет көрсетіп, арнайы төсбелгілер мен Алғыс хаттарын және ақшалай сертификаттар табыс етті.

Салтанатты шараға қатысушыларды жаңа оқу жылымен және Қазақстан Конституциясының 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаған өңір басшысы қазіргі ақпараттық қоғамда бүкіл ел болашағы, жас ұрпақтың келешегі біліммен байланысты екенін баса айтты. Сондай-ақ, елімізде жоғары білімді, кәсіби мамандарды дайындау да осы ұстаздардың қолында екені даусыз. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, «Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз», – деп атап көрсеткен болатын.
Біздің облыста 21 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Бұл әлеуметтік қызметкерлердің басым бөлігін құрайды. Мемлекет мұғалімдерді қолдау бойынша көптеген шараларды қабылдауда. Кадрларды даярлау сапасы және кәсіби құзіреттілік жақсаруда. Соңғы 3 жылда 9 мыңнан астам мұғалім жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан өткен. Сондай-ақ, кейінгі үш жылда білім саласына бөлінетін қаржы 50 миллиард теңгеге өскен. Биылғы жылы аймақтық білім беру жүйесін дамытуға 127 миллиард теңге бөлінген. Бұл бүкіл облыс бюджетінің үштен бірін құрап отыр. Білім беру мекемелерін салуға, қайта құруға, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына шамамен 25 миллиард теңге бөлінген. Ал, 25 мың дана компьютерлік техниканы сатып алуға 4 миллиард теңге табылғанын ризашылықпен атап өтті өңір басшысы өз сөзінде.
– Жыл сайын мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көтерілуде, біліктілік санаты үшін ай сайынғы қосымша төлемдер 30-дан 50 пайызға дейін және тәжірибелі мұғалімдердің жас әріптестерге тәлімгерлігі қамтамасыз етіледі. Жас мамандарды тарту жұмыстары жалғасуда. Биыл облысымызға 300-ге жуық жас мұғалімдер келді. Біз жыл сайын гранттар мен атаулы стипендияларға қаражат бөлеміз. Қазіргі таңда облыстың 500-ге жуық болашақ мұғалімдері жоғары оқу орындарында білім алуда. Қазіргі таңда өңірімізде ұстаздардың жайлы жұмыс жүргізуіне қажетті жағдайлар жасалған. Облыс мұғалімдерінің алдында нақты міндеттер тұр. Сіздер заманауи педагог атына сай болып, тәжірибе мен білімдеріңізді өскелең ұрпаққа жеткізу керексіздер, – деген облыс әкімі Ермек Боранбайұлы бірқатар ұстаздарға мерекелік марапаттар табыс етті. Олардың ішінде «Ыбырай Алтынсарин» төс белгісімен және 100 мың теңге сертификатымен 6 ұстаз, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісімен және 100 мың теңге сертификатымен 7 ұстаз, Қазақстан Конституциясының 25 жылдығы мерекелік медалімен және 100 мың теңге сертификатымен 3 адам, облыс әкімінің «Алғыс хаты» және 100 мың теңге сертификатымен 10 адам марапатталды.
Сондай-ақ, өңір басшысы облыстағы үздік білім беру ұйымдары Қорғалжын мектеп-гимназиясы мен Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық жоғары колледжіне әрқайсысына 22,6 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, коронавирусқа қарсы күреске елеулі үлестерін қосқан бір топ медицина қызметкерлеріне, үздік мемлекеттік қызметшілерге және басқа да ақмолалықтарға мемлекет наградаларын тапсырды.

Иә, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені даусыз.
Салтанатты шарада алдымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні орындалып, қатысушылар алдында өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік саласына тоқталған Ермек Боранбайұлы ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқының еркiн де теңдiк пен татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғамда өмір сүріп отырғанымызды айта келе, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымыздың негізінде Ата Заңымызды ерекше құрметтейтінімізді мақтанышпен жеткізе отырып, өңірімізден 52 азаматқа мерекелік марапаттар табыс етті. Олардың ішінде елімізді жайлаған коронавирус пандемиясымен күресте алғы шепте жүрген Аршалы аудандық ауруханасының бас дәрігері Альбина Анюхина «Құрмет» орденінің иегері атанса, үш медицина қызметкері «Ерен еңбегі үшін» медаліне, екі медицина қызметкері «Шапағат» медаліне, Қ.Құрманбаев атындағы облыстық фтизиопульманалогия орталығының фтизиатр-дәрігері Жанат Ғазизов «Халық алғысы» медаліне және Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының аға медбикесі Ақмарал Ысқақова Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына ие болды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапатталды.
Салтанатты шара барысында денсаулық сақтау саласының ардагері Болат Жанәділов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл қатысушыларды атаулы мерекемен құттықтап, егемен еліміздің тыныштығы мен берекесін орнықтыруға сүбелі үлес қосып жүргендері үшін ризашылықтарын білдіріп, ұрпағымыздың амандығы мен болашағы және еліміздің дамуы жолында еселі еңбек ете берулеріне ақ баталарын берді.
Жұма күнгі салтанатты шараның төртіншісі салтанатты жағдайда мемлекеттік қызметшілерді марапаттауға арналды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеп, халық, ел игілігі үшін еселі еңбек етіп жүрген 25 адамға «Қазақстан Республикасы Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалін табыс етті.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар