Ұстаз қауымына серпіліс әкелді

Ұстаз қауымына серпіліс әкелді

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа оқу жылының алғашқы күнінде халыққа жол тартқан Жолдауын ұстаздар қауымы зор ықыласпен қабыл алғанына сенімдімін.

Биылғы жаңа оқу жылы еліміздің барлық мектептері үшін ерекше жағдайда басталып отырғаны белгілі. Пандемия жағдайында сапалы білім беру ұстаздардан зор жауапкершілік пен шыдамдылықты талап ететінін маңызды құжатта Мемлекет басшысы да атап өтті. Бұл жолғы Жолдауда да біз, ұстаздар қауымы мемлекеттің нақты көмегін сезініп отырмыз. Біздің еш алаңсыз жұмыс істеуімізге қажетті жағдайлар жасалуда. Енді міне, Президентіміз 2021 жылдан педагогтардың еңбекақысы 25 пайызға өсетінін айтты.

Қазіргі таңда біздің білім ошағында 120 мұғалім еңбек етеді. Жетпіс пайызы еңбекақыны жаңа санат бойынша алады. Ұстаздардың көңілі жайлы болса, жұмысын да тиянақты атқаратыны анық. Ал, заманауи мектепте жұмыс істеу өз алдына бөлек әңгіме. Былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мектебімізге арнайы келіп, білім ошағының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және заманауи құралдармен жабдықтау,оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайлар жасалу қажеттігін айтқан болатын. Сол кезде күрделі жөндеу мәселесі шешім табумен қатар, мектепке отыз ноутбук әкелініп, мультимедиялық кабинет жабдықталды. Осылайша Президенттің мектебімізге келуі біз үшін есте қаларлық үлкен оқиға, зор қуаныш болды.

Осы айдың аяғына дейін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші бойынша ашылған кезекші сыныптар осыдан үш-төрт жыл бұрын жергілікті әкімдіктің және аудандық мәслихат депутаты Сайра Матайбаеваның қолдауымен пайдалануға берілген мектебіміздің қосымша ғимаратында оқытылады. Балалардың сапалы білім алуымен қатар, дендерінің сау болуы үшін алдымызға қойылып отырған міндеттерді жауапкершілікпен атқаруға дайынбыз.

Сұлуай ІЛИЯСОВА,

Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 Қосшы орта мектебі директорының міндетін атқарушы.

 Целиноград ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *