Өнегелі өмір өрімі

 

Адам баласын талабына қанат бітіріп, өмірдің өріне жетелейтін не нәрсе? Біздің пайымдауымызша, алдымен толғауы тоқсан тіршілікке деген құштарлық, әу баста  осы өмірге не үшін келгенін түсініп алу  болса керек. Алдына белгілі бір мақсат қойып, өзі арман-аңсарына,  көкжиектен қол бұлғағандай болып тұратын  өз биігіне ұмтылған адам сол дегеніне жетпей қоймасы тағы анық.

 

Кейде соны әріден ойлап, нақты көздеп жатпаса да, таудай талабы, адамгершілік ар-ожданы, еліне сіңірген азды-көпті еңбегі бірте-бірте сол абыройлы белеске қалай алып шыққанын әркім өзі де аңдамай қалатыны бар. Бұл күнде нағыз қазақ қызына тән ибалығы, өмір теперішінен жасқанып, жасымаған қайсарлығы,  қабілет-білігі, бәрінен бұрын өзі таңдаған ұстаздық мамандыққа деген  қылаусыз сүйіспеншілігімен ел құрметіне бөленген сондай аяулы жандардың  бірі Таңсық Жұрынқызы Жұрын деп марқая айтуымызға әбден болады.
Таңсық Жұрынқызы жоғары білім саласында Көкше, Ақмола  еліне кеңінен танымал тұлға. Осы бір жаны жайсаң, көңілі кең, өзі шәкірттеріне сабақ берген жалғыз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ғана емес, басқа салалардан да білімі мен хабары  мол ұлағатты ұстазды кең-байтақ қазақ елінің  біраз өңірі жақсы білетініне осы мақаламыздың барысында және бір тоқтала түсерміз.
Бұл кісінің  ұстаз ретіндегі алғашқы қарымы алпысыншы жылдардың соңы, жетпісінші жылдардың басында Щучье қаласындағы қазақ мектеп-интернатында еңбек етіп жүрген кезінде көріне бастады. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Нүркен Әбдіров атындағы кеңшарында 1945 жылы ел Жеңіс тойын тойлап, мәре-сәре күй кешкен  жазғытұрым уақытта  дүние есігін ашқан ақжолтай қыз бұл оқу орнына С.Киров атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп,  арнайы жолдамамен келген еді. Ұлтымызға небір біртуар тұлғалар мен жақсы-жайсаңдарды сыйлаған Ақтоғай сияқты қасиетті топырақта  қазақ ауыз әдебиетінен сусындап өскен, өзінің де сүбесіне тәңірім бұл жағынан табиғи дарынды мол берген жас ұстаз келе-келе өз әріптестері арасында даралана озып, оқу ісінің меңгерушілігіне жоғарылатылады.
Ал, шәкірттеріне өзіндік сабақ беру әдісі, оларды білім нәрімен сусындатуға өзгеше ден қоюы жоғары орындарға дейін жетіп, Көкшетау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Торғай, Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы мұғалімдер біліктілігін жетілдіру институттары бірінен соң бірі әріптестері арасында іс-тәжірибесімен бөлісуге шақыра бастайтыны жетпісінші жылдардың аяқ кезі.  Қазақ КСР Оқу министрлігі алқасының  1983 жылғы 27 қазандағы шешімі бойынша бұл жетістігі бүкіл республика мектептерінің игілігіне айналдырылып, сол еңбегінің нәтижесінде көп ұзамай «Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталады.
1987 жылдың 26 ақпаны да Таңсық Жұрынқызының өміріндегі ұмытылмас күндердің бірі. Бұл күні республикамыздың өзі сияқты бір топ таңдаулы ұстаздарымен бірге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті басшылығының қабылдауында болады.  Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудия-сы 1988 жылы халқымыздың аяулы перзенті Сәкен Сейфуллин туралы деректі фильм түсірді. Бұл фильмге дауылпаз ақынның «Көкшетау» поэмасы мен осы туындысы өмірге келген Бурабайдың сұлу табиғаты өзек болды. Міне, сол фильмде академик Серік Қирабаевпен бірге, Таңсық Жұрынқызы да Сәкеннің осы бір көркем туындысын талдап, таразылауға қатысады. Сол жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Қалиев «Мектеп» баспасынан ұлағатты ұстаздың озық іс-тәжірибесі негізінде «Оқушыларды оқу еңбегіне дағдыландыру» атты кітап шығарады. Мектеп қабырғасында  сабақ берген жылдарын үнемі ғылыми жұмыстармен тығыз ұштастырып, республикалық, облыстық педагогикалық оқулардың жеңімпазы атанумен болған Таңсық Жұрынқызы бірнеше мәрте Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының Құрмет грамоталарымен да марапатталған.   
Сексенінші жылдардың соңында жас ұрпаққа білім беру саласындағы осы толағай табыстары, соның ішінде өз жұмысына  деген ерекше көзқарасы Таңсық апайды сол кездегі оқу орны басшыларының арнайы шақыруымен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне қызметке алып келді.  Мұнда да шешендік өнер, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәндерінен сабақ бере жүріп, тез арада  өз шәкірттерінің құрметіне бөленді. Сол тұста тәуелсіздігіміздің алғашқы  жылдары ұлт алдында тұрған қауырт  міндеттердің де бір жағынан шығысып, төрт жыл бойы қатарынан Көкшетау облыстық мұсылман әйелдер қоғамын басқарумен болды. Ал, университет қабырғасында ақ адал, ізденісті еңбегімен «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушілігіне дейін көтерілді.
 Енді осы бір абзал жанның бойындағы екінің бірінде байқала бермейтін ерекше қасиеттерге тоқталсақ, бірде түсіне батыр атамыз Бауыржан Момышұлы кіріп, аян береді. Осы жағдай есінен бір сәт шықпай,  Алматыға жолы түскенінде, 1983 жылдың 27 қарашасы күні біртуар тұлғаның шаңырағында болып, үйінің қабырғасына орнатылған мемориалдық тақтаға гүл шоғын қойып, дастарханынан дәм татады.  Сөйтіп, батырдың өзі «Нақ Сүйер»  деп атап кеткен, соңғы сапарына да өзі шығарып салған жан жары Жәмила Егембердиеваның «Өмірінің өзі дастан» атты роман-эссесінің бір кейіпкеріне айналады.
2007 жылы кеше ғана дүниеден озған қазақ әдебиетінің абызы Тұрсынбек Кәкішевтің 80 жылдық мерейтойында Таңсық Жұрынқызына да сөз беріледі. Сондағы сөйлеген сөзіне риза болған әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов кейін мақаламыздың кейіпкеріне өз лебізін хат арқылы былай білдірген екен: «Сол кездесу әлі күнге дейін есімде. Әсіресе, сіздің сөйлеген жалынды сөзіңіз күні бүгінге дейін көңілімнен өшер емес. Менің кітаптарыма деген ыстық ілтипатыңыз екі жазушының  біріне бұйыра бермейтін бақыт болды. Сол ілтипатыңыз үшін рахмет сізге. «Мәңгілік махаббат жыры» кітабымды өзіңізге зор құрметпен ұсынамын».  Шын көңілімен солай жазыпты да, соңына қолын қойып, мөрін басыпты.
Айта берсе, Таңсық Жұрынқызы осы өмірінде  халқымыздың сүйікті ақыны Қадыр Мырза Әлімен де үш мәрте кездескен екен. Әр жүздесуі бір-бір ұмытылмас оқиға. Алғашқысында көрнекті ақын, жерлесіміз Еркеш Ибраһимнің 50 жылдық мерейтойында ұйымдастырған әдеби кеші  
Хамит Ерғалиев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырза Әлі сияқты аузы дуалы сөз зергерлері мен облыс басшыларының бәрінің көңілінен шығып, баталары мен алғыстарын алған.
Өткен жылдар ішінде ел жүрегіндегі Ес-ағаға, өзіміздің Естай Мырзахметов ағамызға арнап өткізген  әдеби кештерінің өзі бір төбе. Абаймен мұңдастырып, Қасыммен сырластырып, Мұхтар Шахановтың «Ғашықтық ғаламатын» санамызға құйған апайымыз ғой деп еске алады  бұл күнде ол кісінің өткізген сабақтарын алдынан дәріс алған студенттері.
Бірде мынадай ұмытылмас көріністің  де куәсі болғанымыз бар.  Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма теат-рында бертін өмірден ерте өтіп кеткен талантты ақын, жерлесіміз Марфуға Бектемірованың шығармашылық кеші болып жатты. Бір кезде мінбеде сөз сөйлеп тұрған Марфуға  залдан анадай жерде көрермендердің  ортасында отырған Таңсық Жұрынқызын көріп қалып, «о, мында менің аяулы ұстазым да отыр екен ғой. Апай бері келіңіз, сахнаға менің жаныма шығыңыз. Сіз ғой мені ақын қылған, әдебиетке алғаш құштарлығымды оятқан» дегенінде бүкіл зал  тебіреніп, ду қол шапалақтап жібергенін көрсеңіз.
«Тіршілікте сен бір адамға қарызсың. Ол – ана. Ана десе толқымайтын жүрек, тебіренбейтін тіршіліктің көзі жоқ. Па, шіркін ананың айналып-толғанғаны кімнің есінен кетеді». Зұлым жаумен алысамын  деп, қан майданда қыршын жасында кете барған қазақтың тағы бір даңқты ұлы Баубек Бұлқышевтың жалын жүрегі  бір кезде аналар жайлы осылай толғанған екен.
Тағдырдың жазуымен құдай қосқан қосағынан ерте қалған Таңсық Жұрынқызы да алдымен, «балаларым – жүрегім» деп жүріп, ұл-қыздарының бәрінің өз қолдарын өз ауыздарына жеткізе білген асыл ана. Осы күні олар да бір-бір үйдің иесі атанып, өмірлерінде қарыздар адамын  мәпелеп күтіп, аналарының  мына тіршіліктің әр кезеңі, әр бедерінен жалықпай жинай жүретін келісті сөз қоры «келіндерім – тірегім, немерелерім – болашағым» деген  тағы бір тәубе-ризашылықпен толыға түскен жайы бар.  
Алдыңғы жылы жалғыз бауыры Құлтай Жұрынұлынан тараған іні-сіңлілерін аңсап, балалық балдәурені өткен Қарағанды облысы Шет ауданындағы Ақшатау ауылына барып келді. Сол жолы білім нәрімен сусындатқан мектебі, алыс-жақын туыстары, сыныптастарын көріп, Көкшетауға көңіл асқақтап,  марқайып оралған.  Сондағы сапарында 1886-1947 жылдар аралығында өмір сүрген әкесі Жұрын Қапсаламұлының жерден қара күшпен көтеріп алған зілдей қос  тасын тауып, соны көзімен көріп, салмағын шамалап қайту да бір арманы еді. Жүрегінде әкеге деген сағынышы алып-ұшып барғанда, әйтеуір, сәтін салып, сол тілегіне де жетті. ХVІІІ ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерлігімен тарихта өшпес із қалдырған ұлы Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болған Әлтеке Жидебай батырдың тікелей ұрпағы екендіктерін кезінде палуандығымен аты шыққан осы әкесі шын растап кетіп еді. Өзі арифметикалық дәлдікке  жүгініп, әрі-бері салмағын есептеп, таңданумен болған сол батпандай қос тасты «сондай да сондай адам көтерген» деп, шіркін, жергілікті музейге қояр ма еді деген арман-аңсары да қылаң берген сол жолы.
Иә, тектіден туған жанның біз әлі де толық қамти алмай жатқан өнегелі өмір өрімдері осындай. 2004 жылы баспадан «Лирикадағы туған жермен тұтастық», 2007 жылы «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», 2008 жылы «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты  оқу құралдары, ал, 2009 жылы «Ізгі парыз» естеліктер жинағы жарық көріпті. Осы соңғы кітабына кезінде реті келіп тұрған соң мерзімдік баспасөзде бірер ауыз пікірімізді де білдірген едік. Соны бір сөзбен түйіндей кетсек,  үлкен жүректі ана, озық болмысты ұстаздың нағыз  кейінгі жастарымыз оқып-тоқырлық жан мен ар толғанысы, тәлім-тәрбие мәйегі дерлік кітап еді  бұл.
Былай алып қарағанда, қарапайым ғана көптің бірі дерсіз. Бірақ, жүрген ортасы, бүкіл әріптестері мен шәкірттеріне, ел-жұртына қадір-қасиеті мен мұндалаумен келеді. Академиялық доцент деген ғылыми атағы тағы бар. Шамасы жете тұра, басқасын қумаған да қызықпаған. Соған қарамастан, атағы дардай басшылар мен оқымыстылардың өзі сыйлап, білім-білігін, адамгершілік келбетін, сөйлесе сөзге көрік беретін шешендігін қапысыз мойындап, өзгеше көріп, танумен тұрады. Оның бір парасына жоғарыда да аз-мұз тоқталып өттік.   
– Қазақ күнтізбесіндегі қай күнді алсаңыз да, өзіндік ерекшелігімен құнды. Оны мойындаймын. Бірақ, осы жасқа келіп, бір рет те туған күнімді тойлап көрмеппін. Ойламаған жерден сіңілім Әйгерімнің «тәтемнің мерейтойын атап өтуге дайындықтарың қалай?» деген сауалы балаларға қамшы болып жатқандай. Сонда да, оларға рахметімді айтып, ат тонымды ала қаштым. Әкемнің ауырып жүріп, Алладан тілеп алған қызы екенмін. Есімімді де әу баста  «Дәрі» деп қойып, кейін Таңсық атанып кетіппін. Осы жылдардың бәрінде мойнымда сол әкем мен анамның аманаты, ел-жұртымның сенімі бірге жүр. Сондықтан, осы бұйырған жасымда адал еңбегім, жағымды мінезіммен тек көптің көңілінен шығуды ғана  ойлаппын. Жерұйық Көкшенің жерін, ер азаматын сүйдім, халқын, мәдениетін ардақ тұттым. Ұрпақ тәрбиелеп, шәкірттерімнің өмір айдынында бақытты ғұмыр кешулеріне тілеулес болдым. Қашанда сөзімді сыйлағанды төбеме көтерген, өзімді сыйлағанды төріме шығарған қазақтың қарапайым бір келінімін.  «Мәңгілік ел» атауы біздей ежелден елін, жерін сүйген, ата-баба салтына арқа сүйеген ер халқымызды  ешуақытта жатсынбайды деген ойдамын. Тек соған бар күш-жігерімізді,  білімімізді сала білсек болғаны, – деп толғанады көргенді жан жүйелі де жетелі сөзінің бір тұсында. Ал, біз өз кезегінде халқымыздың осындай кәделі  қызына жасар жасыңыз, көрер қызығыңыз әлі де көп болсын деген ең ізгі тілегімізбен осы бір алғысты жолдарды арнауды парыз тұттық.

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар