Атқарылған жұмыстар аз емес, дегенмен, алда да міндет көп

Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Егіндікөл және Қорғалжын аудандарында болып, өңірлерде әлеуметтік нысандар мен жолдарға жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының, сондай-ақ, күзгі орақ науқанының барысымен танысты.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Егіндікөл ауданының орталығы Егіндікөл ауылынан бастау алды. Мұнда аудан әкімі Ерлан Исабеков облыс басшысына ауданның биылғы елу жылдық мерейтойына орай атқарылған жұмыстарды таныстырды. Мәселен, ауылға кіре берісте үлкен «Егіндікөл» жазуы орнатылып, оның айналасына теп-тегіс тас төселіп, бұл орын тұрғындардың жиі келетін сүйікті алаңына айналған. Жалпы, ауданда тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Биыл жолдарға асфальт төсеуге аудандық бюджеттен 15 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, жаңадан спорттық нысандар салынып, ескілері жөндеуден өткізілуде.

Егіндікөл ауылында болғанында Ермек Маржықпаев 1989 жылы салынған стадионға жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын көріп, мердігер компания өкілдеріне жұмысты сапалы атқаруды тапсырды. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң стадионда баскетбол, волейбол және футбол ойнауға арналған алаңдар, жүгіруге арналған жол болады. Ермек Маржықпаев жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, оларды спортқа тарту мәселесіне назар аударды. Ал, аудандық ауруханада болғанында коронавирусқа қарсы шараларға жұмылдырылған ақ халаттылармен сөйлесті.

Қазіргі таңда аурухана ғимараты жөндеуден өткізілуде. Үстіміздегі жылы емдеу мекемесін күрделі жөндеуден өткізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 263,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Мердігер компания «Жігер-Көкше» ЖШС ғимараттың шатыры мен үш қабатын жөндеуді аяқтаған. Қазіргі таңда аурухананың алды қалпына келтіріліп, емхананың бірінші қабатында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас дәрігер Асхат Ахметұлының айтуынша, палаталардың 80 пайызында ауа жеткізгіштер орнату жоспарлануда. Жалпы, пандемия кезеңінде мұндағы провизорлық стационарда 45 науқас емделген екен. Медициналық персонал қатаң санитарлық режимде жұмыс істеу үшін барлық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Жуырда, аудан басшылығы жас медициналық мамандарға жаңадан жатақхана салып беріпті. Қазір онда 8 медицина қызметкері тұрып жатыр. Облыс әкімі жас мамандарды қоныстарымен құттықтап, ауылдық жерде медициналық қызмет сапасын арттыра берулеріне тілектестік білдірді.

– Биыл облыс бойынша мәдениет үйлерін қалпына келтіруге 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде Егіндікөл аудандық мәдениет үйі де бар. Ауылда үйлер салынып, аурухана, мәдениет үйі, денешынықтыру-сауықтыру кешені, жолдар қалпына келтірілуде. Тұрғындарға жағдай жасаса, олар ауылдан ешқайда да кетпейді, – деді Ермек Маржықпаев. Айта кетейік, аурухана мен мәдениет үйіне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары осы айдың соңына қарай аяқталуы тиіс.

Егіндікөлге сапары барысында облыс әкімі агротехникалық колледждің «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеуден өткен жаңа ғимаратында да болды. Колледж жаңа оқу жылын штаттық режимде бастаған. Бүгінде мұнда ауданның өзінен және Бұланды, Астрахан, Қорғалжын аудандарынан жастар фермер шаруашылығы және аспазшы мамандықтары бойынша білім алуда. Шеттен келіп оқитын оқушыларға жатақхана қарастырылған. Осы орайда, облыс әкімі қазіргі еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары екенін, фермер шаруашылығы мамандығына оқитын жастарды тәжірибе жинау үшін бүгіннен бастап халық шаруашылығына араластыру керектігін айтты.

Одан кейін Ермек Маржықпаев Тоғанас ауылындағы Жаңақоныс орта мектебін, «Ушаково-Агро» ЖШС-нің егістік алқабын аралап көрді. Білікті кәсіпкер Бақтияр Ысқақов басқаратын шаруашылық биыл 20 мың гектар алқапқа егін сепкен. Ауа райының қолайлы күндерін тиімді пайдаланған диқандар орақ науқанын қызу жүргізіп жатыр. Аудан бойынша егістік алқаптардың 30 пайыздан астамы орылған. Жазда құрғақшылық болғанымен, қыста жауған қалың қардан жер ылқалды болып, бұл егіннің бітік шығуына зор септігін тигізді дейді диқандар. Пандемияға қарамастан, мемлекеттің көмегімен көктемгі егін себу науқанын ұйымшылдықпен жү

ргізген облыс шаруалары мол өнімнен үмітті. Оған негіз де жоқ емес. Бүгінгі күні облыс бойынша 1 миллион 700 мың гектар алқаптан дән алынған. Бұл барлық егін алқабының 40 пайызын құрайды. Ауа райы қолайлы болса, егін орағы екі аптада бітеді деген болжам бар.

Биылғы жыл қорғалжындық диқандар үшін де ырысты болғалы тұр. Аудан бойынша 130 мың гектар алқапқа дән себілсе, соның 120 мыңына бидай егілген. Мұның ішінде 10400 гектар алқап «Кеңбидай-Астық» ЖШС-на тиесілі. Ауданда болғанында облыс әкімі серіктестіктің егістік алқабын, астық сақтау қоймасын көріп, құрылтайшысы Оразхан Қалиевпен егін орағын жүргізу барысы жайлы әңгімелесті.

Қорғалжын ауданының Майшұқыр негізгі мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары осы айдың басында бітуі тиіс болатын. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 237 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Ауданға сапары кезінде аталған білім ошағына арнайы ат басын бұрған Ермек Маржықпаев мердігер компанияға жөндеудің кешіктірілуіне және сапасына қатысты бірқатар ескерту

жасап, жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін бір ай уақыт берді. 450 орынға лайықталған бұл мектепте 1-9 сыны

п аралығында небары 47 бала оқып жатыр. Оқушы саны аз болғасын мектеп санитарлық талаптарды сақтай отырып, екі ауысымда штаттық режимде білім беруде.

Одан әрі жұмыс сапары Қорғалжын мектеп-гимназиясында жалғасты. Жуырда ғана бұл білім ошағы білім

берудегі жетістіктері үшін Ақмола облысы әкімінің грантын жеңіп алған болатын. Мектептің материалдық-техникалық жабдықталуына облыс әкімінің көңілі толды. Аудандық мәдениет үйінің қазіргі жағдайы да көңілге қуаныш ұялатады. Биыл мәдениет үйінің басшылығы мемлекеттен бөлінген 28 миллион теңгеге музыкалық аспаптар мен ұлттық костюмдер сатып алған. Ал, былтыр мәдениет ошағының ғимараты толығымен күрделі жөндеуден өткізіліпті.

 

Жалпы, аудан бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Келер жылы 12 жолды жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Бес көшеге электр желілері тартылыпты. Былтыр ауданда жол салуға, әлеуметтік нысандарды жөндеуден өткізуге 100 миллион теңге қаражат бөлінсе, биыл бұл сома бес есеге ұлғайған.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Егіндікөл, Қорғалжын аудандары.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар