Тілдер онкүндігі басталды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясындағы онкүндіктің ашылуына орай брифинг өткізді. Онда осы мерекеге арналған биылғы іс-шаралар елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2020 жылғы 4-16 қыркүйек аралығында онлайн форматта жүргізілетіні айтылды.

Жалпы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндер тізбесін бекіту туралы» №689 қаулысының негізінде 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілгені белгілі. Осыған орай, басқарма басшысы баяндама жасап, Ақмола облысы бойынша тілдерді оқытатын 19 орталық жұмыс істейтінін, биылғы оқу жылы оны 4435 тыңдаушы аяқтағанын мәлім етті. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру мәселесі бойынша бекітілген жоспарға сәйкес мемлекеттік органдарда, мекемелерде 1464 іс-шаралар өткізіліп, 20 мыңға жуық адамға насихаттық-түсіндіру жұмыстары және облыс аумағында 1482 жарнамаға мониторинг жүргізілген. Оған қоса, өңіріміздегі 15 мекемеде тіл заңдылықтарының орындалуына байланысты профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізілген.
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесінің онкүндігінде тіл саясаты саласындағы атқарылған жұмыстар мен онкүндік аясында өткізілетін шаралар жүзеге асырылады. Көпшілік қауым аталған мерекелік шараларға онлайн түрде қатысады. Осыған орай, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы тілдер бөлімінің бастығы Айгүл Талпақова:
– Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін тілдер онкүндігі биылғы жылы елімізді жайлаған пандемияға байланысты онлайн форматта болады. Кеше ғана «Тіл – ұлттың тұғыры» атты алғашқы онлайн ән байқауы болып өтті. Сондай-ақ, өздеріңіз брифинг барысындағы хабарламадан тыңдағаныңыздай, Абай Құнанбайұлының шығармашылығын сүйіп оқитындар үшін ақынның туғанына 175 жыл толуына орай «Абайдың сөзі – жүректің үні» атты жазба ақындар арасында мүшәйра басталмақшы.  Одан әрі тіл саясатының өзекті саласы ономастика мәселесіне арналған «Ақмола облысының топонимикасын зерттеу жұмыстары» атты ғалым Жамбыл Артықбаевтың қатысуымен онлайн дәріс ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, шет елдерде жүрген қандастарымызға қолдау көрсету мақсатында «Ұлы Даланың ұлы тілі» атты Түркия, Англия, Франция, Венгрия елдерінің этникалық қазақ қоғамдастықтарының қатысуымен халықаралық онлайн конференция жалғасын табатын болады, – деді.
Сонымен, брифингтен белгілі болғандай, тіл мерекесіне арналған облыстық шаралар еліміздегі тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Тіл саясатын тиімді іске асырудың негізгі қағидалары» атты онлайн республикалық конференцияға ұласпақ.  Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай, аудан жастары арасында «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактатынан» үзінділерді жатқа айту сайысы және «Әл-Фараби әлемі» атты әдеби композиция да өтеді деп жоспарлануда. Оған қоса, Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында  «Тілге құрмет, елге құрмет» – онлайн әдеби кеші, «Сауатты жарнама», «Тіл – ұлттың тұғыры», «Қазақ тілі – бабамның тілі, баламның тілі» тақырыптарындағы онлайн байқаулар, «Travelling in the Kingdom of language» тақырыбындағы панорамалық сабақтар, «Ситуативный казахский» электрондық оқулығының авторы Қанат Тасыбековпен онлайн сұхбат, және «Тіл – мемлекет тұғыры» тіл біліктілігі бойынша зияткерлік сайысы, «Тіл әлеміне саяхат»,  «Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі» Қазақстан Республикасы халқының тілдері күні мерекесіне арналған онлайн концерт және челлендждер, онлайн-көрмелер, бейне құттықтаулар, тіл туралы әндерді орындау және  тағы басқа түрлі іс-шаралар  Facebook  және instagram әлеуметтік желілеріндегі «Tilderdi Damyty Agmola» парақшаларында көрсетілетін болады.
Жалпы, аймақта тіл онкүндігі аясында 1000-ға жуық іс-шара өткізіледі және оған 200 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде.
Брифинг соңында басқарма басшысы журналистердің қойған сұрақтарына жауап беріп, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен 16 қыркүйекте тілдер онкүндігінің жабылу рәсімі болып, мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің дамуына үлес қосқан азаматтар мен онлайн байқаулардың жеңімпаздарын марапаттау-мен аяқталатынын жеткізді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар