Көкшетау өзімізге де, келетіндерге де көркейіп тұрсын

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы жаңадан салынып жатқан және жөндеуден өткізілетін бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көріп, іске асырылатын осы жобалардың сапасы мен қарқынына назар аударды, сондай-ақ, құрылыс жұмыстарына қатысты нақты міндеттерді белгіледі.

Қазіргі таңда Көкшетаудағы Қопа көлінің маңайындағы ескі мұсылман зиратын қоршау жұмыстары жүргізілуде. «Фундаменталь» ЖШС өкілінің айтуынша, мұндағы құрылыс жұмыстарының 10 пайызы аяқталған. Зират қоршауының ұзындығы 996 метрді құраса, оның 500 метрінің іргетасы қаланып, 100 метрінің кірпіші қойылған. Мердігер компания бұл жұмыстарды осы айдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, зиратта белгілі қайраткер Наурызбай Таласұлына кесене орнатылады. Зиратты қоршауға облыстық әкімдіктен 59 миллион теңге бөлінсе, кесене демеушілердің қаражатына тұрғызылады. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев есімі күллі республикаға танымал қайраткер Науан Хазіреттің құрметіне салынатын бұл кесенені сапалы материалдан тұрғызу керектігін айтып, бас имамға кесенеге дейін арнайы жол салу, зират ішін қалпына келтіру жұмыстарын ойластыруды тапсырды.
Одан кейін Ермек Маржықпаев қаладағы №6 мектеп-лицейінің жанынан салынып жатқан қосымша ғимараттың құрылыс алаңында болып, Ақан сері және Ғабдуллин көшелерінің бойында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты.
Әкім мердігер компанияға Ғабдуллин көшесіндегі жөндеу жұмыстарын тездетіп аяқтау қажеттігін ескертті. Білім ошағының қосымша ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда 12 оқу кабинеті және 3 мультимедиялық кабинет жасақталып, бұл өз кезегінде қаладағы үш ауысымдық білім беру мәселесін шешуге септігін тигізеді. Ермек Маржықпаев мектеп жабдықтарын шеттен емес, өзіміздің кәсіпорындардан сатып алу керектігін айтты.
Бұл күні «Smart Aqmola» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болған облыс әкіміне «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Жыл соңына дейін аталған мекеме базасында 112 бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметін іске қосу жоспарлануда. Жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция қызметтерін шақырту осы қызметке біріктіріледі.
Облыс орталығында «Фундаменталь» ЖШС жүзеге асырып жатқан тағы бір жоба көру алаңының және Әуелбеков көшесінен жоғары бетте отыз көлік қоюға арналған тұрақтың құрылысы. Қаланы аралау барысында аталған құрылыс алаңдарында болған облыс әкімі Көкшетау қаласын абаттандыру, жаңадан тұрғын үйлер, алаңдар салу келер жылы да жалғасатынын айта келе, қалалық әкімдікке Қопа көлінің маңындағы ескі жекеменшік тұрғын үйлерді бұзу жұмыстарымен жүйелі айналысуды тапсырды.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар