Сапалы білім, саналы тәрбие берумен өткен ширек ғасыр

Облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжінің құрылғанына 25 жыл толуына орайластырылып салтанатты жиын өткізілді. Салтанатты жиынға облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, сөз сөйледі және таңдаулы білім қызметкерлеріне марапаттар тапсырды.

Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжі тәуелсіз еліміздің жаңғырған, жасарған білім саласындағы өзі тектес оқу орындары арасында бәйгені шаппай алатын ынтымағы жарасқан, білімі сапалы, бірлігі бекем оқу орны. Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Сергей
Кулагин аталмыш колледжді мерейлі мерекесімен құттықтай келе, өз сөзінде бүгінгі күні білім саласына қойылып отырған міндет, олардың арқалаған ауыр жүгі туралы тереңінен ой қозғады. Жалғыз колледж ғана емес, барша білім мекемелері егемен еліміздің ертеңі үшін қолдарынан келгенінше ыждаһатты жұмыс істеуде.
– Ең алғаш 1920 жылдары халықты сауаттандыру үшін құрылған педагогикалық техникумда оқыған шәкірттер кейін үлкен тұлғаға айналғаны хақ, – деді облыс әкімі Сергей Кулагин, – сол абыройлы істі жалғастырып, бүгін үлкен бір биікке шыққан педагогикалық колледж заман талабына ілесе жақсы еңбек етіп жатыр. Алдағы уақытта да осындай асқаралы биіктен көргіміз келеді. Облыс әкімі колледж ұжымына автокөлікті сыйға тартты.  
Мұнан соң аталмыш колледждің бір топ оқытушыларын марапаттау рәсімі өткізілді. Олардың арасында Қарагөз Мұқышева мен Гүлжанат Серкешбаева Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгілерімен, Айсұлу Рахимова «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. Бір топ оқытушыларға облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Сөз арасында салтанатты жиынға дейін халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілгендігін айта кеткен жөн. Осы шара барысында бірнеше мәнді жұмыс жүргізілді. Айталық, еркін ой алаңы деп аталатын пікірлесу барысында Қазақстан Республикасында жалпы орта  білім берудің сапасын көтерудің 2015-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы және кешенді бағдарламасы талқыланды. Оған Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті А.Құсайынов, Ресей білім академиясының білім беруді дамыту стратегиясы институтының директоры, философия ғылымдарының докторы С.Иванова, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетінің шешімдерді қабылдау әдіснамасы бойынша ғылыми орталығының жетекшісі, ғылым докторы Г.Сорина, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Г.Кертаева қатысты.
Ресей білім академиясы білім беруді дамыту стратегиясы институты, Кембридж аймақтық колледжі, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы және Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Абылай хан ескерткішінің алдында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ресми іс-шара өткізілді. Онлаин түріндегі «Қазақ хандығы 550», «Мәңгілік ел – тағдырым» атты жазба ақындардың мүшәйрасы өткізіліп, жеңімпаздары марапатталды.
Енді бір ауыз сөз салтанатты іс-шараны түйіндеген мерекелік концерт хақында. Кең залда ине шаншатын орын болған жоқ. Есесіне жиналған жұрт колледждің мәдени жұмыстарына тәнті болды. Бірінен-бірі өткен өнерпаздар. Кәсіби деңгейлері, орындау шеберліктері қандай десеңізші. Ұлттық, концерттік киімдері де көздің жа-уын алады. Көпшілік оқу орнында тек білім ғана емес, ұлттық өнердің де жапырағын жайып тұрғандығын көздерімен көріп, құлақтарымен естіп тәнті болды. Ұлт рухын көтеретін тамаша табысты шара жиырма бес жылдық еңбекті бір қорытындылап берді.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар