Театрдың жаңа маусымы ашылады

Күллі әлемді сарсаңға салған аты жаман дерт аяқ асты лап қойып, айналаны жалындай шарпып, жұмыр басты пенденің барлығын дерлік сең соққандай сенделтіп, тұмылдырық киіп тұмшаланып, оңаша қалуға мәжбүрледі.

Бұл сынақ күндер ғаламды өз шеңгеліне алып, аямай қысып, жер жаһандағы адам атаулыны өз тәубесіне келтіріп, әр сәт сайын қапысыз жұтатын қара суы мен мөлдір ауасының қадірін ұғындырғандай болды…
COVID-19 талай адамның алға қойған мақсат, жоспарына кедергі келтірді. COVID-тің әлегі басталған сәттен әркім өзі мен жақындарының саулығы үшін оңашаланып қызметін қашықтан атқарып онлайн түрде жұмыс жасауға көшті… Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры ұжымының да 80 пайыз қызметкері наурыз айының бел ортасынан бастап қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Театр өнері сан таланттың басын бір арнада тоғыстыратын ұжымдық өнер екені барша жұртқа мәлім… Десе де, тәртіпке бағынған құл болмайды демекші, карантин ережелеріне мойынсұна отырып жұмыс жасауға көшкен әрбір қызметкер қал-қадірінше театрда атқарып жүрген күнделікті қызметін үйінде жалғастырып, жұмысын бейнежазбаға түсіріп күнделікті есебін жіберіп тұрды. Қашықтықтан жұмыс жасау барысында ешкім де қарап жатпады. Қыспаққа алған күндердің талабына сай ұжым 6 ай бойы бір кісідей қимылдап, ауызбіршілікпен қарманып бақты…
Театр ұжымы қашықтықтан жұмыс жасауға көшкен күннен бастап, онлайн режимге икемделіп жұмыс кестесі құрылды. Жеделдетіп театр сайтында «Театр сіздің үйіңізде» атты айдар ашылды. Осы айдар арқылы театр қоржынындағы түрлі жанрдағы жан сергітер жақсы қойылымдар театрдың ресми сайты мен ютуб арнасынан күн сайын көрермен назарына ұсынылып отырды. Бұл жоба театр көрермендеріне үйде отырып зерікпес үшін үлкен олжа болды. Сонымен қатар, Халық әртісі, театрымыздың ақ жаулықты анасы Жібек Бағысова бастаған әртістеріміз, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, үй жағдайында шығармашылықтарын шыңдап, поэзия, проза оқып, ән салып, түрлі бейнежазбалар жасаумен болды. Еліміздегі түрлі мерекелік даталарға арнап бейнежазба форматында іс-шаралар өткізілді. Мәселен, Алаштың маңдайына біткен марғасқасы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай театрдағы шығармашылық ұжым арасында Абай шығармаларын оқып, насихаттау мақсатында түрлі челлендж ұйымдастырылды. 10 тамыз – Абай күніне орай, «Абай айтқан асыл сөз» атты апталық өткізілді. Апталық үшін арнайы жасалған бейнежазбалар театр сайты мен ютуб арнасында және әлеуметтік желідегі парақшаларда жарияланып, көрерменге көрсетілумен болды.
Абай күні қарсаңында түрлі халықаралық іс-шаралар да жүзеге асты. Соның бірі Мәдениет министрлігі ұйымдастырған «Абай өлеңдерін әлем тілдерінде оқу» халықаралық бейне челленджі. Бұл бейне челленджіге әлемнің түкпір-түкпіріндегі түрлі лауазымдағы тұлғалармен қатар театрымыздың талантты әртістері ҚР Мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбай мен ҚР Мәдениет саласының үздігі Маржан Бөкешова қатысып, Абай өлеңдерін ұлықтады.
Театр режиссерлері көрерменін қуантуға асығып, бастап қойған көптеген шығармашылық жұмыстарын онлайн түрде жалғастырды. Қоюшы режиссер Болат Абдрахманов та А.Цагарелидің «Ханума» музыкалық комедиясына тас-түйін кірісіп, шығармашылық жұмыстың тең жартысына келген сәттен «Zoom» қолданбасы арқылы артистермен ұдайы байланыста болып, онлайн түрде жұмысын жалғастыра берді.
Адамзаттың көңіліне қаяу салып, үлкен үрей қаумалатқан жаман ойлардан арылып, бір сәт серпіліп, жан рахатын алу үшін керекті дүниелердің бірі – театр десек қателеспеспіз. Театрдың өзге өнерден ерекшелігі, көрерменмен тікелей рухани байланыста болатын табиғи өнер санатына жатуы. Ал, виртуалды заманда виртуалды өнер көрсету көрерменге аса қызық еместігі хақ. Десе де, жоқтан бар жасау, бір орында тұрып қалмау, алдан кезіккен түрлі бөгеттен аттап өте білу ерлікке пара-пар. Осы бір сынақ күндерден әркім өзінше жол тауып, жаңа бір соқпаққа түсуде. Ең бастысы, қарекет қылуда… Елдегі дүрбелең қатты қарқын алмай тұрып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы режиссер Мұратбек Оспанов көрермен көңілін күлкімен емдеп, шаттыққа бөлеу мақсатында Рэй Кунидің «№13» комедиясын даярлап жатқан-ды. Қойылым дайын бола бастаған шақта елдегі төтенше жағдай өз кедергісін келтірді. Алайда, шығармашылық ұжым қойылымның даярлығын карантин талаптарына сай қашықтықтан жалғастырып, шығарманы сахнаға толық дайын етті. Сөйтіп, театр Р.Кунидің «№13» комедиясының онлайн премьерасын жасап, театрдың ХXIII маусымына нүкте қойды. Бірақ, көрермені үшін сырлы сахна төрінде толқып, сан түрлі күйге бөленіп, алабыртатын әртістерге онлайн түрде жұмыс істеу әсерсіз екені байқалды. Залға ине шаншар орын қалдырмай жиналған көрерменге өнер көрсету мен онлайн түрдегі жұмыстың арасы жер мен көктей екенін, аласапыран күндер мықтап ұқтырғандай… Өз үйлерінде жіпсіз байланған театр қызметкерлері мен жаны жайсаң көрермен бір-бірін сағынған сыңайлы. Сондықтан, еліміздегі карантин талаптары жеңілдеп, отандастарымыздың күнделікті өмірі қалыпты жағдайға түсе бастауы кім-кімді болмасын қуанышқа бөлейді. Театр ұжымы да сақтық шараларын қолдана отырып, біртіндеп ғимарат ішіндегі қалыпты жұмысына көшуде.
Көрерменге айтар ақжолтай жаңалығымыз да бар. Театр өзінің кезекті XXIV маусымын 16 қыркүйек күні, Рэй Кунидің «№13» комедиясының премьерасымен ашпақ.
Рэй Кунидың бұл пьесасында Премьер-Министрдің көмекшісі Ричард Уилли сүйкімді көңілдесімен бірге, қонақ үйде жасырын кездесіп көңіл көтеруге келеді. Өкінішке орай, жоспарлары күл-талқан болып, күн сәтсіздікпен басталып, шырғалаңға салады. Себебі, ойламаған жерден бұл екеуі жатқан қонақ үй бөлмесінің терезесіне қыстырылып жан тәсілім еткен ер адамның денесі (мәйіті) табылады. Осылайша нағыз шытырман басталады. Бұлардың бұл оқиғаны полицияға хабарлауға құлқы жоқ. Полицияға хабарлаған жағдайда жасырын кездесуші екеудің де күллі абырой-атағына нұқсан келмек. Неге десеңіз дәл осы сәтте Ричард Уилли саясаткерлердің тікелей эфирде өтетін пікірталасына қатысу керек-ті. Ал, бұл болса, көңілдесімен қонақ үйде жүр… Оқиға әрмен қарай түрлі-түрлі күлкілі оқиғалармен толысып, шиеленісе түседі. Бас-
тарына пәле боп жабысып, сарсаңға салған мәйіттен бұл екеуі қалай құтылмақ? Оқиға немен тынады? Бәрін білуге құмартсаңыз премьераны тамашалауға келіңіз көрермен! Көрерменсіз театр тұл! Біз сіздерді сағындық мәртебелі көрермен! Елімізді елеңдеткен аты жаман індет аулақ кетсін! Мамыражай, шуақты күндерде театрда жолығайық өнер сүйер, театр сүйер әлеумет!
Манарбек ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ,
Ш.Құсайынов атындағы
Ақмола облыстық қазақ
музыкалық-драма театры
әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар