Алдымызда жауапты істер тұр

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауын көпшілік қауым зор үмітпен күткен болатын. Мемлекет басшысы Жолдауында қазақстандықтардың өмір тіршілігінің барлық дерлік салалары қамтылды дей аламыз. Дамыған елдердің мемлекеттік басқару жүйесі неғұрлым оңтайландырылғаны белгілі.

Президент осы тәжірибені кеңінен пайдаланып, бюрократизмді барынша қысқарта түсуді, басқару ісінде сандық технология тетіктерін енгізуді міндет етіп қойды. Басым мақсаттардың бірі ретінде қоршаған ортаны сауықтыру шараларын жүргізуді, ғылым жетістіктерін қолдана отырып, бұл бағытта кешенді іс атқаруды тапсырды.
Құқық қорғау орындарын реформалау егжей-тегжейлі талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған сәттен бастап халықтың мұң-мұқтажын «еститін үкімет» қалыптастыруға бағытталған саясатын жариялап, азаматтық қоғам өкілдерінің әртүрлі өкілдерімен тұрақты диалог орнатуға тырысып, Президент жанында қоғамдық негіздегі Кеңесті ұйымдастырды. Осы жолы да өзінің ішкі саясатында осы бағытты жалғастыратындығын мәлімдеп, құқық қорғау орындарының жұмысын сынға алды. Полиция өкілдері өз жұмысында қарым-қатынас мәдениетін көрсету керектігі ерекше атап көрсетілді. Президент азаматтардың Конституциялық құқықтарының кепілі ретінде азаматтық істерде заң үстемдігі салтанат құруының маңыздылығын, сот, прокуратура өз қызметінде заңдылықтың сақталуын қатаң бақылауға алуды, постфактум режимінде емес, өз уақытында заң мен сот әділеттілігін қамтамасыз етілуді айтты. Әлі де болса, Қазақстанда түрмелерде жазасын өтеушілердің көп екендігіне, заң орындары жұмысында қылмыстық айыптау басым болып отырғандығына назар аударды.
2016 жылдан бері қазақстандықтарды әсіресе, осы Атамекеніміздің иесі қазақ қауымын жер мәселесі қатты толғандырғаны мәлім. Сол жылы Көкшетау қаласында өткен тарихи үлкен жиналыстан соң жер сатуға мораторий жарияланғаны есімізде. Кезінде, халықтың зор толқынысын тудырған осынау жер мәселесіне байланысты Президент өз сөзінде: «Мораторий аяқталғанымен, жер сатылмайды деп ерекше атап өтті. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығын неғұрлым тиімдірек жүргізу мәселесі күн тәртібінен түспейтіндігі мәлімделді. Қазақстан Кеңес Одағы тұсында аграрлы-индустриалды ел ретінде дамып келді. Тәуелсіздік жылдары минералды шиказаттар өндіруге басымдық беріліп, ауыл шаруашылығы, өңдеуші өнеркәсіп салалары кенжелеп қалды. Қазақстан ГМО өнімдері әлемдегі нарық сөрелерін жаулап тұрған шақта табиғи азық-түлік өндіруде өзінің лайықты орнын алуға потенциалды мүмкіндігі зор ел. Осы жағдайды ескерген Президент ауыл шаруашылығында кооперацияны мейлінше дамытуға, өңдеуші инфрақұрылымды жаңғыртуға тиісті жағдайлар тудыру керек деп санайды. Ал, ауыл шаруашылығындағы негізгі шаруашылық субъектілерін ұсақ және орта бизнес өкілдері құрайды. Олай болса, Президент өз Жолдауында айтқанындай, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін қолайлы бизнес-климат жасау көптен бері тоқырауға ұшыраған салаға тың серпіліс әкелері анық.
Озық елдер кез-келген қиындықтардан онан әрі дамып, өсіп-өркендей беру үшін өзіне өнегелі сабақ алады. Қателіктер мен олқылықтарды дер кезінде мо-йындау, одан тиісті қортындылар жасау батыл саясаткердің ісі. Пандемия лакмус қағазы іспетті айқындап берген медицина мен білім беру салаларындағы кемшіліктерді түзету, оңалту шаралары кезең-кезеңімен іске асырылатындығы осы сала қызметкерлерінің зор ынтасын тудырып отыр.
Мемлекеттің әлеуетінің артуы сол қоғамда тұратын азаматтардың білімі мен білігіне, құзыреттілігіне тікелей байланысты. Осы орайда, Президент өз сөзінде бұрынғы поскеңестік елдер ішінен білім саласын оңтайлы реформалап, әлемдік рейтингілер көрсеткіштері бойынша жоғары жетістіктерге ие болып отырған Эстония және Грузия сияқты елдердің тәжірибелерін негізге ала отырып, білім беру ісінде басымдық элитарлық мектептерге емес, жалпы көпшілік халық оқитын мектептерге берілетінін, олардың деңгейін көтеру, бұқаралық кәсіптерге баулитын оқу орындарын мейлінше дамытуға назар аударды. Мәселен білім саласында ваучерлік жүйе кәдімгі мектептер арасындағы бәсекелестікті арттырады, оқушылар білім алатын мектептерді өздері таңдайды. Білім беру немесе спорттық мекемелер тек бюджеттік қаржыға ғана тәуелді болмай, мүдделі азаматтар тарапынан да қаржыландырылуы тиіс деген тұжырымдар жасалынды. Қазақстан өзінің реформалық даму бағыттарында тың жолмен емес, түрлі елдер мен халықтар жүріп өткен сындарлы жолмен жүріп келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдегі саяси ахуал шұғыл өзгерістерге түсіп тұрған шақтағы әрі еліміздің тарихи дамуындағы бетбұрысты кезеңдегі Жолдауы еліміздің прогрессивті, инновациялық жолмен дамуының зор бастамасы деп білемін.

Ғалымтай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жалпы тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар