«Бастау» жобасы бақуаттылыққа бастайды

«Бастау» жобасы бақуаттылыққа бастайды

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, ағымдағы жылы қыркүйек айынан бастап Ақмола облысында «Бастау» жобасы бойынша оқу курстары басталды. Қазіргі таңда бағдарлама аясында 295 адам «Atameken Academy» онлайн-платформасы арқылы онлайн-курстардан өтуде. Алдыңғы үш лек ішінде жобаның 1120 тыңдаушысы оқудан өтіп, сертификат алды.

Жыл соңына дейін 1350 ақмолалықты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Жалпы, төрт жыл ішінде жоба бойынша өңірде 8 мыңнан астам адам оқып, 3 мыңнан астам адам өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
«Бастау» жобасының табысты түлектерінің қатарында Бурабай ауданының тұрғыны Венера Тұманова бар. Ол өткен жылдың соңында арнайы оқу курстарынан өтіп, бірден 555 мың 600 теңге көлемінде грант ұтып алды. Кәсіпкер демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру бойынша өз жобасын осы жылдың басында іске қосуға дайын болып еді, бірақ, локдаун оның жоспарларына түзетулер енгізді. Алайда, Венера бұл сынаққа еш мойымады. Себебі, оның өмірінде бұдан да қиын кезеңдер болса керек. 2015 жылы болған қорқынышты апат салдарынан Венера мүгедек арбаға таңылып, арман-мақсаттарының бір сәтте күл талқаны шығып, шарасыз күйге енген. Ол сол кезде-ақ, кез-келген сәтте мойымай керектігін, жігерсіздік танытуға болмайтындығын ұғынған.
– Иә, тағдыр солай жазды. Алайда, адам алдына мақсат қойды ма, міндетті түрде сол алға қойған мақсатына қол жеткізуі керек. Мүмкіндігі шектеулі жан болғаныммен, арманымда шек жоқ. Менің қолымда қаржыгер дипломы бар, өз басым ата-анамның мойнында отырғым келмейді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге кең қолдау бар екендігінен хабардар едім. Мен де өз бағымды сынамаққа бел будым. Жәрдемақы аламын, жоспарларым жүзеге асады деп ойламаған едім. Алайда, ынта болса кез- келген істің қайыры бар екен…
Қазақ халқында «Қуантсаң, баланы қуант» деген бір әдемі қанатты сөз бар. Шынында да әрбір бала бақытты болуға лайықты. Сәби жүзінің бал-бұл жанып, олардың шаттықтың шырайлы шуағына бөленіп, қуаныштың құшағынан табылғанын көрудің өзі бақыт емес пе? Қандай кәсіппен айналыссам деген ой келген сәтте, алдымен балаларға арналған ойын-сауық орнын ашсам ба деген ой қылаң берген. Алдымен өз кәсібімді балалар машиналарын жалға беруден бастадым. Содан, бірнеше көлікті жалға алдым, балаларға ұнайтынын байқай бастадым. Сұраныс күннен-күнге арта бастады. Мен алған көліктер аздық етті. Жалпы, алғашқы кезде тек қана қаражаттың тапшылығынан қиналған жоқпын, бизнесімді өркендету үшін қалай жұмыс істеу керектігін білмедім, бір сөзбен айтқанда, қаржылай сауаттылығым аз екендігін аңғардым, – дейді Венера Тұманова.
Венера өте ізденімпаз. Алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін еңбектенуден қашпайды. Мемлекеттік «Бастау» жобасы туралы оқып, білгеннен кейін бірден өтінім беріп, оқуын сәтті аяқтады, арнайы сертификат алды, грантты қорғап, ақшалай қаражатқа ие болды және сол қаражатқа жаңа гироскутер – машиналар мен сигвейлер сатып алды. Мінекей, еңбекқор жанның өзгеге үлгі болар өнегесі осындай!
– «Бастау» жобасы арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жаңа идеяларға шабыт алдым. Алған білімім өз кірістерімді сауатты басқаруға және қаржы жағынан тәуелсіз болуға үйретті, – дейді ол.
Кәсіпкер алдағы уақытта өзінің туған жері, Бурабай курорттық аймағында, атап айтқанда, Зеленый Бор кентінде балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық индустриясын дамыту жоспары да бар. Сонымен қатар, өзімен тағдырлас жандарға, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді, кедергісіз ортаны жақсарту бойынша жұмыс істеуді мақсат тұтады. «Болашақта қайырымдылықпен айналысқым келеді. «Бастау» болашағыма жол ашты», – дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, «Бастау» бағдарламасына жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 18-29 жас аралығындағы жастар, еңбекке жарамды мүгедектер, қоныс аударушылар, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелері, бизнесін жаңа бастаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Ағымдағы жылы қабылданған карантиндік шараларды ескере отырып, «Atameken Academy» онлайн-платформасы арқылы қашықтықтан онлайн-оқыту көзделіп отыр.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *