Үкімет назары өңірдің әлеуетін көтереді

Ақмола облысында жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Ақкөл, Бұланды, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласындағы әлеуметтік-өндірістік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарының тыныс-тіршілігімен танысты, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қолға алынған жобалардың жүзеге асырылу барысына назар аударып, Үкімет тарапынан жүктелген міндеттердің орындалуын пысықтады. Вице-Премьердің сапары кезінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Вице-Премьер өңірге сапарын алдымен Ақкөл ауданындағы Еңбек ауылынан бастады. Бұл елді мекенде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде мәдени-спорттық кешен мен орта мектеп-балабақшасы ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәдени-спорттық кешеннің жөндеу жұмыстарына аталмыш бағдарлама арқылы бірнеше траншпен республикалық бюджеттен 184,1 миллион теңге қаржы бөлініп, қазіргі кезде жөндеу негізінен аяқталып қалған. Ал, орта мектеп-балабақшасына бөлінген 165 миллион теңгеден астам қаржы түгелге жуық игеріліп, жөндеу жұмыстарының 90 пайызы орындалып отыр.
Аталмыш бағдарламаның өңірде жүзеге асырылу барысы туралы облыс әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.
– Бүгінгі таңда 11000 жұмыс орнының 8000 мың жұмыс орны ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі күшейтіледі, – деді облыс басшысы.
Бұдан бөлек бағдарламаның барлық бағыттары бойынша қаржыландыру көлемі ұлғайғаны да айтылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 328 жоба жоспарланған. Оның ішінде 190 жоба әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу бойынша, қалғандары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты инженерлік-көлік инфрақұрылымына қатысты, 21 ауылдық елді мекендерді абаттандыруға арналған. Осы ретте, Ералы Тоғжанов «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде ауыл тұрғындарының өмір сапасы артып, жаңа жұмыс орындары ашылып отырғандығын атап өтті. Сол себепті, бағдарлама одан әрі жүзеге асырыла бермекші.
Бұдан әрі Вице-Премьердің сапары Бұланды ауданында жалғасты. Макинскідегі модульді және блокті-модульді жылу қазандықтарының құрылыс алаңында болғанында маңызды жобаны жүзеге асыру қаладағы тұрғын үйлерді бір орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік беретіні ерекше аталып өтілді. Қуаты 30 МВт модульді қазандықтың электрмен және сумен жабдықтау бойынша уақытша желілерін қосу жұмыстары аяқталды. Жобаның құны 502 миллион теңгегені құрап отыр. Блокті-модульді жылу қазандықтарының құрылысы осы деңгейде. Оның сметалық құны 249,9 миллион теңге шамасында. Сонымен қатар, бұл қазандықтардың құрылысын кестеге сай жүргізу мәселесі де сөз болды. Қазандықтар іске қосылған кезде жылуға кететін шығынды үнемдеп аудан орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлерді бір орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін Вице-Премьер Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Мичурин көшесі мен «Авиценна-Бурабай» жауапкершілігі серіктестігінде болды.
Бұл күні Ералы Тоғжанов облыс орталығы Көкшетау қаласында да болып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап көрді. Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында салынып жатқан «Болашақ» сарайының құрылыс алаңында болғанда жобаның іске асырылу барысы сөз болды.
Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 10,6 миллиард теңге қаражатқа салынып жатқан аталмыш кешеннің «А» блогында химия, физика, экология, биотехнология және жаратылыстану ғылымдары бойынша зертханалар жабдықталады. Сондай-ақ, робототехника мен мехатроника, кибер қауіпсіздік бойынша әлеуетті зертханалар, аэро және аква дрондарды жинауға арналған кабинеттер болады. Балалар мен жастарға арналған түрлі хореографиялық, қолданбалы өнер, театр, дизайн үйірмелері жұмыс істейді. «Б» блогында бассейн мен спорт залдары орналастырылады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сенсорлық бөлме, мобильді кабинет жұмыс істейді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда ғимараттың шатырын орнату, қабырғасын қалау, ішкі инженерлік желілерін тарту және қабырғаларды сылау жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша нысан үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға берілуі тиіс.
Одан кейін Премьер-Министрдің орынбасары «Тыныс» акционерлік қоғамында болды. «Тыныс» АҚ директоры Қайрат Қалманбаев мейманға зауыттың қызметі мен технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізу келешегі туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктері және жұмысшылардың әлеуеті жаңа бағыттарды игеруге және нарықтың сұраныстарына шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Бүгінде кәсіпорын өрт сөндіруге арналған құралдарды, өлшеу аспаптарын, газілмекті арматура, медициналық техника шығарады. Пандемия кезінде «Тыныс» акционерлік қоғамы жасап шығарған өкпені жасанды желдету аппараттары медициналық мекемелерге індетпен күресте көп көмегін тигізгені белгілі. Осы ретте, Ералы Лұқпанұлы мемлекет аумағында пандемияның екінші толқынына дайындық жүріп жатқанын айта келе, кәсіпорынға өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруға Үкімет қолдау көрсететінін жеткізді.
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Көкшетаудағы №6 мектеп-лицейінің жанынан салынып жатқан қосымша оқу ғимаратының, онкологиялық емхананың құрылысымен және 200 кереуеттік модульдік инфекциялық ауруханаға қондырғы орнату барысымен танысты.
Онкологиялық орталықтың емханасында қазіргі таңда ішкі әрлеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Емхана алдағы қазан айының соңында пайдалануға берілмекші. Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жаров өңірдегі онкологиялық ахуал жайлы баяндады. Оның айтуынша, біздің өңір қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші бойынша алдыңғы бестіктің қатарында. Онкологиялық аурулардың жылдан жылға ұлғаюына ерте скринингтің әсері барын айтады бас дәрігер. Осы ретте, Ералы Тоғжанов соңғы жылдары қатерлі ісіктің жиі тіркелуінің басқа да себептерін іздеу керектігін айтып, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруды тапсырды.
Пандемия кезеңінде облыс бо-йынша 3428 адам коронавирус індетіне шалдыққан. 71 адам қайтыс болған. Премьер-Министрдің орынбасарына өңірдегі қазіргі эпидемиологиялық ахуалды баяндаған облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина осы күні коронавирустан 116 науқас ем қабылдап жатқанын айтты. Жұмыс сапарының соңында Көкшетауда тездетіліп салынып жатқан модульдік инфекциялық аурухананың құрылыс алаңында болған Ералы Тоғжанов мердігер компанияға құрылысты сапалы жүргізуге тапсырма берді. Нысан алдағы айда пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Біржан сал ауданының Макинка селосындағы Қарттар үйіне жаңадан ғимарат салуға Үкіметтен қаржы бөлу мәселесі қарастырылатынын айтты.
Иә, облыс орталығы бұл күнде үлкен құрылыс алаңына айналған. Осы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Премьер-Министрдің орынбасарының облысымызға бұл сапары Үкімет тарапынан әлі де кейбір өзекті мәселелердің жете шешімін табуына, аймақтың дамып-өркендеуіне игі септігін тигізері анық.
Аслан ОСПАНОВ,
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшілері.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар