Облыс әкімінің атқарған жұмысын депутаттар жоғары бағалады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев алтыншы шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезекті қырық сегізінші сессиясының жұмысына қатысып, депутаттар алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есеп берді.

Сессия жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекенов, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, бірқатар департаменттер мен басқармалардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Аудандар бейнеконференция байланысы арқылы қосылды. Сессия жұмысын сессия төрағасы Серік Аяғанов жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімі Ермек Маржықпаев өзіне жүктелген міндеттердің орындалуы және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Бірнеше айдан бері елімізде коронавирус пандемиясымен күрес жүргізіліп, қазір індеттің екінші толқынына дайындық шаралары қолға алынғаны белгілі. Облыс әкімі алдымен, пандемияның салдарынан туындаған өзекті мәселелерді шешу үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланудың арқасында аурудың кең тарап кетуіне жол берілмегенін айтты.
Коронавируспен күрес мақсатында 1 мыңнан астам кереуеттік орын әзірленген. Қазір инфекциялық және провизорлық орындар науқастардың азаюы-на байланысты 560 орынға дейін қысқарған.1,5 мың кереуеттік орын резервте тұр. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында үстіміздегі жылдың наурыз айынан 2,5 миллиард теңге жұмсалған. Қосымша 77 өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынып, тағы 20-сы кәсіпкерлер мен жеке компаниялардың атынан қайтарымсыз түрде берілген. Осылайша, медициналық мекемелердегі жасанды тыныс алу құрылғыларының саны 340-қа жеткізілген. Жергілікті бюджеттің және де демеушілердің қаражатына медициналық ұйымдар оттегі концентраттарымен, пульсоксиметрлермен, қорғаныш құралдарымен де жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілді.
–Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауымызда. Маусым-шілде айларында дәріханаларда дәрі-дәрмек жетіспеушілігі орын алған болатын. Қазір күз және қыс айларына жеткілікті дәрі-дәрмек қорын жасау бойынша шаралар қолданылуда, – деген облыс әкімі коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 2,7 миллиард теңге көлемінде үстемеақы алғанын айтты. Жақын күндері өңірімізге 58 жедел жәрдем көлігі жеткізілмекші. Коронавирустың екінші толқынына дайындық аясында Көкшетауда алдағы қазанда 200 орындық модульдік инфекциялық аурухана пайдалануға беріледі. Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласымен қатар, шағын бизнес субъектілері, табысынан айырылған азаматтарға да қолдау көрсетілді. Дағдарысқа қарсы шаралардың шеңберінде кірістерін жолғалтқан 167 мың ақмолалық 42500 теңге сомасында әлеуметтік жәрдемақы алды. Бұл мақсатқа шамамен 18 миллиард теңге бөлінген. Тағы 50 мың азаматқа 1,5 миллиард теңге мөлшерінде коммуналдық қызметтер өтемақысы төленіп, 20 мыңнан астам кәсіпкерге кредиттер бойынша салық жеңілдіктері мен мерзімін ұзарту ұсынылды. «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде 21 мың ақмолалыққа әлеуметтік көмек көрсетілді.
–Азаматтар мен бизнес субъектілерінің іскери белсенділігін қалпына келтіру үшін «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында 19 миллиард теңге бөлінді. «Бизнестің жол картасы» бойынша қаржыландыру 1,6 есеге артты, – деген Ермек Маржықпаев қиын кезеңге қарамастан кәсіпорындардың жұмысы тоқтамағанын, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.
Сегіз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптегі өсім 104,9, ауыл шаруашылығында – 119,5, құрылыс секторында 106,8 процентті құраған. Инвестиция көлемі шамамен 30 процентке ұлғайған. Жыл басынан бері өңір экономикасына 240 миллиард теңге қаржы бағытталған. Ермек Маржықпаев «Тыныс» кәсіпорнының пандемия кезінде аса қажетті құрылғыны жасауды меңгеріп, өнім көлемін арттырғанын айтты. Сұраныстың өсуіне байланыс-ты зауыт өкпені жасанды желдету аппаратының өндірісін 10 есеге арттырған. Осы уақытқа дейін 635 аппарат жасалған. Жыл соңына дейін тағы 350-і өндіріледі. Көкшетаудағы «ENKI» зауыты да өнім көлемін арттыруда. Қазіргі таңда облысымыздың 5 өңірінде құрылыс кірпіштерін өндіру бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар облысқа кірпішке деген сұранысты екі жыл көлемінде толық өтеуге мүмкіндік береді. Биыл дағдарыс жағдайында өңірдің аграрлық секторына 74 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінсе, оның жартысынан астамы субсидия ретінде берілген.
–Биыл егін бітік шықты деп айта аламыз. Шамамен 5 миллион тонна өнім жинаймыз деп үміттеніп отырмыз. Бұл басты стратегиялық өнімге деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, бидай және ұнмен сыртқы нарыққа да шығуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні 3,2 миллион гектар алқап орылып, 3,1 миллион тонна бидай алынды. Гектар берекесі орта есеппен 10 центнерден айналуда, – деген облыс әкімі мал шаруашылығын дамыту, медицинадағы кадр тапшылығы мәселесін шешу, кезекте тұрған тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобаларға да тоқталды. Жыл соңына дейін Көкшетау, Степногорск қалаларында және Атбасар, Бұланды, Целиноград аудандарында аз қамтылған отбасыларға 506 арендалық баспана берілмекші. Оның ішінде 174 пәтер көп балалы отбасыларына үлестіріледі. Тағы 183 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 4,25 жылдық процентпен кредиттік баспана алады. Облыста «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы басталғалы бері 7,6 миллиард теңгеге 842 өтініш мақұлданған.
Өңірде жол жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп, тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу, су жүйесіне қосуға баса мән берілуде. Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан барлық инфрақұрылымдық жобалар өз мәресіне жеткенде, 61 көп қабатты және 450-ге жуық жекеменшік үйлер, 30 әлеуметтік нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады. Бүгінде Зеренді селосында жылу қуаттылығының тапшылығы туындап отырғандықтан, онда құны 400 миллион теңге болатын блоктік-модульдік жылу қазандығын орнату жоспарда барын айтқан облыс әкімі депутаттарды маңызды жобаны қолдауды сұрады.
Әкімнің есебінде өзекті мәселелер де айтылмай қалмады. Солардың бірі заңсыз қоқыс полигондарының көбеюі. Облыс аумағындағы 1500-ден астам заңсыз қоқыс үйінділерінің 823-і жойылған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасуда. Биыл алты ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған жеті полигон салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Сондай-ақ, облыс орталығында да қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған жаңа полигон салу мәселесі қаралуда. Осы ретте, Ермек Маржықпаев экологияны таза сақтауда тұрғындардың мәдениеттілігі аса маңызды рөл атқаратынын айтты.
–Алдағы айда облыстық бюджетті нақтылау кезінде дәрігерлерге арналған тұрғын үйлер салу бойынша жобаларға қолдау білдірулеріңізді сұраймын. Бұл өңірдің денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін қажетті жобалар. Бүгінде бізде 422 дәрігер жетіспейді, – деген әкім, елді мекендерді дамыту, жемқорлықпен күрес, білім беру мәселелеріне де тоқтала келе, депутаттарға өңірдің әлеуетін көтеру мақсатында бірлесіп атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.
Сессияда сөз алған Жарқайың аудандық мәслихатының хатшысы Ұлболсын Ахметова, облыстық мәслихат депутаттары Валерий Симчук пен Степногорск қаласындағы «Дәрігер» реабилитациялық орталығының басшысы Бағлан Наурызбаева облыс әкімінің есебін бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді. Одан кейін депутаттар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына сайлануына байланысты Нұрлан Бекеновты Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы лауазымынан босатып, төрағаның міндетін атқаруды уақытша Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Ермек Әубәкіровке жүктеді. Облыс әкімі жаңа Сенат депутатын «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен және Алғыс хатымен марапаттап, қызметіне табыс тіледі. Сессия облыс әкімінің атқарған жұмысын бірауыздан мақұлдау туралы шешім қабылдады. Келесі сессияның төрағасы болып облыстық мәслихаттың депутаты Әсен Жақсылықов сайланды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар