Көңілден кетпес құтты ордам

Шіркін-ай, деймін ішімнен, уақыт дегенде тоқтау болсайшы тегінде. Ойлап отырсам, күні кешегідей-ақ сияқты еді, осыдан бірер жыл бұрын ғана тап осы тақырыпта өзіміз бозбала шағымыздан жарты ғасырдай қызмет істеген сол кездегі іргелі қара шаңырағымыз саналған – бұған дейінгі облыстық, қазіргі қалалық «Көкшетау» газетінің кезекті мерейтойына орай естелік мақала жазған екенмін.

Енді міне, бүгінде аталмыш басылымда күнді түнге жалғастырып хал-қадерінше еңбек етіп жүрген әріптес інілеріміздің қолқалауымен тағы да қолға қалам алып отырмын. Өйткені, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Көкше өңіріндегі ел сүйіп оқитын, оқырман қауымның көзайымына айналған осы басылымның 90 жылдық мерейлі тойы атап өтілмек.
Кешегі кеңес заманының өзінде-ақ саны жағынан өзге ұлт өкілдерінің басымдылығына қарамастан аймақ төңірегінде 16 мың данамен тараған бұл басылымның тарихы тым әріден басталады. Әйткенмен, сонау 1966 жылдың қоңыр күзінде оңтүстік астана – Алматыдағы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, тұңғыш еңбек жолымды бастаған кезде өзіммен бірге қызметтес болған аға-апаларымыздың көбісі, аруақтары шат болғай деймін, бүгінде арамызда жоқ.
Осы ретте «өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, еске түсірсек о дүниелік болған тұңғыш редакторымыз – Өміржан Оспанов, оның орынбасарлары: Естай Мырзахметов, Әбділда Дүйсенов, Сүлеймен Ақтаев, бертінгі Жанайдар Мусин, Хакімтай Әміров, Әуез Өтеев, Баян Нұрпейісов, Мәтен Бижанов, Октябрь Бұхарбаев, Маман Ементаев, Жомарт Оспанов, Сәкен Хасенеев, Нұрқан Ысқақов, Сәкен Әубәкіров, Дулат Сапиханов, Кәрім Ілиястегі, Жұмабай Есекеев, Кенжетай Ғазизов сияқты абзал азаматтардың, ардақты ағаларымыздың есімдерін қайтып тебірене еске алмасқа. Мұның сыртында айта берсек, газетіміздің әр аудандағы қаншама меншікті тілшілері, техникалық қызметкерлер есебіндегі қаншама апа-жеңгелеріміз, әріптес іні-қарындастарымыз мезгілі жетсін-жетпесін бақилық болып кеткен екен-ау!
Қазіргі күнде көзі тірі дейтіндерден: жасы бүгінде тоқсаннан асқан Рүстем Бермағанбетовты, селкілдетер сексеніңді жағлап қалған қарымды қаламгер, ақын әрі драматург Төлеген Қажыбайды кейінгі әріптестері әркез ұстаз санайтындығымыз анық. Әрқайсысы әр жерде еңбек етіп жатқан жасы кіші іні-қарындастарымызды да үнемі еске алып отырамыз.
–Кезінде облыс аумағындағы колхоз, совхоздарды жаяулап-жалпылап аралап, сондағы исі қазақ атаулыны «Көкшетау правдасына» жазылыңыздар, ағайын» деп үгіттеген уақытымыз да болған,–деуші еді манағы Рекең, Рүстем Ғаббасұлы әңгіме арасында. – Ол кезде баспахананың да, редакцияның да материалдық базасы тым нашарлау еді. Линотиппен теріліп, қорғасыннан құйылған әріптерді метранпаж қыздар түн ортасы ауғанша зілтемірдей қорапқа текшелеп, беттеп қолмен салатын. Одан сол күнгі нөмірдің кезекші корректорлары мен подчитчицалары (қосалқы оқитын көмекшілері) екшелеп, ежіктеп, қате жібермеуге тырысып, оригиналмен (түпнұсқасы) салыстырып оқитын. Ал, Одақтың съезі, конференциялары уақытында мұндай кезекшілік бір түннен екінші күнге ауысып, тіпті бір тәулікке дейін ұласатын…
–Несін айтасыз, қазіргі жастар бақытты ғой,–дейді Рекең әрі-беріден соң тамағын кенеп, тамсанып қойып. –Жазған дүниелерің компьютермен теріледі, компьютермен беттеледі. Интернетің тағы бар. Қай фотосуретті салғың келеді, таңдағаныңды әп-сәтте табасың.
Шынын айту керек, сондай-мұндай қиындықтың бірсыпырасын өз басымыздан да өткергенбіз. Ең аяғы курьер, корректорлардың біреу-міреуі кездейсоқ ауырып қалды ма, солардың орнына жастаумыз ғой, бізді жұмсап, біз жұмыс істейтінбіз. Ара-арасында жұрт елең етерлік, не болмаса қызығып оқитындай материал жазуға тырысатынбыз. Сондай бір оқиғаны еске алсақ, бірде «Көкшетау қаласының орталық алаңындағы «күн көсем» – Лениннің ескерткішін орнынан алып, есімі дүйім елге мәлім, кешегі үш жүздің басын қосқан Абылай атамыздың ескерткішін неге орнатпасқа?!» деген сыни мақалам газет бетіне жарқ етіп шықпасы бар ма? Ондағы бетке ұстар уәжім: тап сол уақытта көршілес Ресейде де, басқа республикалар аумағында да «күн көсемнің» ескерткіштерін тағынан тайдырып алып жатқан.
Шыжықтың көкесі ертеңінде болды. Келесі күні ертелетіп жұмысқа келіп, жайбарақат кабинетімде отырғам, кенет сыртқы есікті хатшы қыз тарс еткізіп, екпіндете ашты да, басын изеп:
– Сізді, редактор маған тез кіріп кетсін деп шақырып жатыр, жүріңіз! – демесі бар ма.
Не боп қалды деген күдікпен ішке кірдім. Есімін атамай-ақ қояйын, бастығым салған жерден:
– Сайлау қарағым, – деді тұтыға сөйлеп,–осы сендер қара бастарыңды ала алмай жүріп, ана аты жоқтың ескерткішінде не құндарың бар еді?! Немене, жазам десеңдер, сынайық десеңдер, басқа тақырып жоқ па, өзгедей мәселе жоқ па, ә?! Енді міне, ту обкомнан телефон шалып, маған сондағылар сендерге қоқайыңды көрсетем деп жатыр. Ана жазғыш қызметкерлеріңе тиісті жазасын қолдан деп жатыр. Не істейміз, ә?!.
Не дейін, сасқанымнан:
–Өздеріңіз планерка сайын жұрт оқырлық, ел селт етерлік бірдеңе жазсаңдаршы, – деп дігірлейсіздер. Жаздық сосын,–деппін.
–Бар,–деді бастығым одан сайын тұтығып. – Жоғалт қараңды!
Күлкілі болса да айтайын дегенім, содан көп ұзамай-ақ әлгі атам заманнан бергі қолын сорайтып созып тұрған «күн көсемнің» ескерткіші бір түнде алынып, оның орнына қалалық парктің тап қасынан осының алдында мен жазғандай, аруағыңнан айналайын Абылай хан атамыздың тұғырлы ескерткіші бой көтеретін болды. Кейін ол іске асты да!
Содан өз ұпайым түгел деген оймен: «Жаманның сандырақтағаны келеді» деген мақалды тақырып етіп, тағы да осы мәселеге орай жазғанымды газеттің кезекті нөміріне салдырып жібердім. Артынан әріптес жігіттер ойынды-шынды қалжыңдап:
–Әй, несін айтасың, сен жарадың. –Айтқаныңды орындаттырып, уәдеңде тұрдың,–деп астыма әдейілеп көпшік қойғандай кездері де бар-тұғын.
Иә, шын мәнісінде мұндай қызықты жәйттер өмірде жиі кездесетін. Қазіргі күнде жасымыз ұлғайып, әлі де болса тұғырдан түсе қоймасақ та, өзгесі өзге мына тышқан жылғы бүкіл әлемге індет боп тарап, жайылған, атың өшкір коронавирус деген пәлекет барша адамзат баласына үлкен қауіп төндіріп, сын болғалы тұр. Мұның өзі талай нәубетті бастан кешірген мұсылман қауымына да оңай тимесі анық. Тек ел-жұртымыз аман болсын! Жастарымыз, кейінгі ұрпағымыз аман болсын деген игі тілекке біздің де қосылатындығымыз шындық.
Жастар демекші, негізгі тақырыпқа ойыссақ, біздің Көкше өңірінде де қара шаңырақ «Көкшетау» газетінен түлеп ұшқан ойы ұшқыр, қаламы жүйрік, шабыты шалқар небір көзі қарақты, майталман журналистер баршылық десем қателесе қоймаспын ғой деймін. Олар және біздің, бізден бұрынғы әз аға-апаларымыздың нақ ізбасарлары деуге болады. Солардың қатарында мысалға ақын-жазушылар Мағира Қожахметова мен Мұхамедия Жұмағалиевті, Қорғанбек Аманжолов пен Тортай Сәдуақасовты, Өмірзақ Мұқай мен Балжан Хабдинаны, Қапез Қожахметов пен Алма Үмбетованы, өзіміздің төл ортамызда жүрген кешелер Парламент Сенатының депутаты болған, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев пен Бақберген Амалбек, Байқал Байәділовті, марқұмдар Дәуренбек Ақбекұлы мен Марфуға Бектемірова, сондай-ақ, Райхан Сейіт пен Шаймұрат Тынымбаевты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Қайырбай Төреғожа, Ерболат Баят, Серік Жетпісқалиев, Құдайберлі Мырзабек пен Алмас Темірбайды, Совет Хамитұлы мен Ұлмекен Тыныштыққызын, тағысын тағыларды қалайша мақтан етпеске.
Иә, 90 жылдық тарихы бар «Көкшетау» газетінің сарғайған беттерінен тап осындай небір қызықты оқиғаларды, кейбір қызықты жәйттерді екшеп тауып, оқитындығыңыз хақ. Ал, «газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» дейтін қағиданы еске алсақ, оның пәрменді үні әрқашан оқырмандар қауымының көңілінен шығатындығына сеніміміз мол. Ләйім солай болғай! Той тойға ұлассын, қымбатты әріптестер!

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі.

Суретте: газеттің 1980-інші жылдардағы ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар