Сауықтыру орындарының мүмкіндігін пайдалансақ…

Коронавирус індеті жер-жаһанды сілкінтіп тұр. Біздің мемлекетіміз қиындықты еңсеру мақсатында шешуші шаралар қабылдап, оны біршама табысты орындады. Президент өз Жолдауында: «Алайда жағдайдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауы тиіс. Күрес әлі жалғасуда» деді. Осы күрестен санаториялық-курорттық мекемелер, туристік ұйымдар шет қалып тұрғандай әсер байқалады. Осыған байланысты Ақмола облыстық туризм және демалыс индустриясы ассоциациясының төрағасы Шынарбек Батырхановқа сауал жолдап едік, мынадай жауап алдық.

– Пандемия пәлекеті адамзатты үлкен сынға салды, мұны қазақстандықтар да айқын сезініп отыр. Жарты жылға созылған карантиндік шектеулер адамдарды өмір мәнін түсінуге, өзін-өзі қорғау шарттарын әртараптандыруға мәжбүрлеуде. Әрине, медицина, жалпы қоғам аясындағы қамқорлыққа мың рахмет. Әйткенмен, осынау бір күрделі кезеңде қамкөңіл жұртшылық үрей мен қауіп қатерін де бастан өткергенін ескеруіміз керек. Себебі, барлық ауыртпалық денсаулық сақтау саласының мойнына артылғаны кейбір түйткілді мәселелердің бетін ашып отыр. Баршаға белгілі мәселені санамалап жатудың қажеті жоқ.
Туризм және демалыс саласында ұзақ уақыт жұмыс істеген адам ретінде айтарым, Қазақстанның емге дауа қайталанбас табиғаты мен демографиялық ерекшелігіне тиісті мән берілмегені қынжылтады. Емдеу, тынығу мекемелері қадым заманнан денсаулықты нығайтуға бағытталғандықтан, онда індеттен қорғану шаралары кешенді түрде қадағаланады. Сондықтан, отандастарымызға өзін танытқан сансыз санаторийлерімізге, пансионаттарға, демалыс үйлеріне, туристік базаларға, басқа да сауықтыру мекемелеріне жол ашылуы керек еді. Бір ғана Бурабайдың жұпар ауасы, көңіл тоғытар табиғаты, шипалы қасиеттері баға жетпес құндылық емес пе?!
Қазіргі күні Бурабай курортты аймағында тәулігіне 12 мың тынығушыны қабылдау қуатындағы 300-ден астам сауықтыру орындары бар. Бұлар жақсы ем-шара базасымен, кәсіби медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілген. Егер де өткен бес айда Ақмола облысының шипажайларына біздің азаматтарды ең болмағанда 5 немесе 10 күннен жібергеннің өзінде, 200-350 мың адам коронавирусқа қарсы профилактикадан өтер еді. Біз тек стационарлық демалысты ғана айтып отырмыз. Бұл дегеніңіз дәрі-дәрмек зәрулігінен, ауруханалар жүктемесінен, тіпті, көңіл-күй ауыртпалығынан арылтуға септесетіні түсінікті.
Коронавирус індеті ертең-әрі күндері кете қоймайтыны белгілі. Ендігі жерде қорғаныс шаралары, саламатты өмір салты, спорт пен туризм, белсенді әрі тиімді демалыс біздің тіршілігімізге бұрынғыдан да берік енуі тиіс. Сондай-ақ, қазіргі жеңілдік шаралары кезінде ауру-сырқауды бастан өткергендерге ғана емес, көпшілігімізге реабилитациялық шаралар артық болмасы анық.
Сондықтан, Үкімет демалыс-сауықтыру орындары мен туристік нысандардың жұмысын қалыпқа келтіріп, адамдардың бой көрсете қалар қауіптерден сақтануына мүмкіндік бергені жөн.
Жазып алған Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *